Page 54 - Диссертация
P. 54
интеграцияланған басқару платформаларын дамыту, сондай-ақ аймақтық және
мемлекетаралық деңгейде су дипломатиясын күшейту қажет;
- Жергілікті халықтың мүдделерін ескеру – Су ресурстарын басқару
процесі тек мемлекетаралық келісімдермен шектеліп қалмауы тиіс, өйткені
жергілікті қауымдастықтардың қажеттіліктері мен мүдделерін ескеру керек;
- Су ресурстарын сақтау стратегияларын енгізу – Ластануды азайту,
суды тиімді пайдалану және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту
бағытында орнықты бағдарламалар қабылдау қажет;
- Гибридті су дипломатиясын дамыту – Мемлекетаралық келісімдерден
бөлек, жергілікті қауымдастықтар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысатын
жобаларды іске асыру маңызды.
Титикака көлі Латын Америкасындағы су дипломатиясының бірегей
үлгісі болып табылады. Мұнда халықтық, институционалдық және
трансшекаралық деңгейдегі ынтымақтастықтың үйлесімділігі байқалады.
Бұл тәжірибе, әсіресе Сырдария мен Әмудария өзендері бойында
орналасқан Орталық Азия елдері үшін үлгі бола алады. Су ресурстарын
басқаруда гибридті су дипломатиясын дамыту, институционалдық
ынтымақтастықты тереңдету және экожүйелерді сақтау қағидаттарын
басшылыққа алу – аймақтық тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізудің
маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
Титикака көлінің тәжірибесі көрсеткендей, су дипломатиясының ең
тиімді моделі – халықтың қатысуымен және мәдени байланыстарды ескере
отырып құрылған жүйе.
Біз су дипломатиясының көптеген маңызды аспектілерін қарастырдық,
бірақ әлемдегі су дипломатиясының барлық түрлерін толықтай қамтыдық деп
айту қиын. Су дипломатиясы – ауқымды және динамикалық сала, сондықтан
әртүрлі аймақтарда жаңа келісімдер мен тәжірибелер үнемі дамып келеді.
Әлемдегі ірі трансшекаралық өзендер және олардың негізгі мәселелері.
Ніл өзенінің трансшекаралық су дипломатиясының тәжірибесін қысқаша
қарастырып өтсек. Ніл өзені – әлемдегі ең ұзын өзендердің бірі және оның суы
11 елдің аумағы арқылы ағып өтеді. Негізгі трансшекаралық су мәселелері
Египет, Судан және Эфиопия арасында туындайды. Бұл мемлекеттер Гранд
Эфиопия Ренессанс бөгеті (GERD) құрылысына байланысты су ресурстарын
бөлуде тартысты келіссөздер жүргізуде [140].
Ніл өзенін пайдалану бойынша келісімдер: 1929 ж. Египет-Судан келісімі
– Египетке Ніл суын басқаруда басымдық берді. 1959 ж. Египет пен Судан
арасындағы келісім – Ніл суының 55,5 млрд м³ Египетке, 18,5 млрд м³ Суданға
берілуін бекітті. 2015 ж. GERD бойынша келісім – Египет, Судан және
Эфиопия үшжақты келіссөздерді бастады, бірақ даулы мәселелер әлі шешілген
жоқ.
Негізгі қақтығыстар Гранд Эфиопия Ренессанс бөгеті (GERD): Эфиопия
бөгеттің құрылысы елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырады деп есептейді.
54