Page 31 - Диссертация
P. 31
келмейді. Бұл – халықаралық су дипломатиясында әділеттілікті қамтамасыз
етуге арналған басты ұстанымдардың бірі (Sadoff & Grey, 2002) [9, 401 б.].
Кеңес Одағы кезеңінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы су
ресурстарын пайдалану өзара өтемақылық негізде реттелді. Жоғарғы ағыста
орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстан су ресурстарын жеткізумен айналысса,
төменгі ағыс бойындағы Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдері ауыл
шаруашылығы өнімдерімен және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету
арқылы өзара тепе-теңдік сақталды. Бұл жүйе Әмудария мен Сырдария
өзендерінің оңтайлы режимде пайдаланылуына мүмкіндік берді [6, 37 б.].
Совет Одағы ыдырағаннан кейін біртұтас су шаруашылығы жүйесі
ыдырап, Орталық Азияның екі негізгі өзені Әмудария мен Сыдария
трансшекаралық статустка ие болды.
1.2 Трансшекаралық өзен бассейндеріндегі су ресурстарын басқару,
ұтымды пайдалану және табиғи ресурстарды қорғау принциптері: шет
мемлекеттер тәжірибесі
Су ресурстары табиғи түрде жаңарып отыратын, бірақ сонымен бірге осал
әрі шектеулі стратегиялық ресурс болып табылады. Ол мемлекеттің әлеуметтік-
экономикалық дамуы, экологиялық қауіпсіздігі және ұлттық тұрақтылығы үшін
шешуші мәнге ие. Әсіресе трансшекаралық сипаттағы өзендер мен көлдер
аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің күретамырына айналған.
Халықаралық өзен бассейні деп географиялық біртұтас су айрық аумағын
айтамыз, ол екі немесе одан да көп мемлекеттің аумағын қамтып, ортақ су
ағынына құятын жер үсті және жер асты суларын қамтиды. Географиялық
тұрғыдан алғанда, өзеннің ағысы табиғи заңдылықтарға бағынса, оны
пайдалану мен реттеу көбіне геосаяси және институционалдық факторларға
тәуелді [112, 2 б.; 114].
Бұл су бассейндеріндегі жоғарғы және төменгі ағыста орналасқан
мемлекеттердің өзара қатынастары экономикалық, экологиялық, әлеуметтік
және саяси тәуелділікті туындатады. Сәйкесінше, ортақ су ресурстарын
келісімсіз пайдалану жиі қақтығысқа немесе бәсекелестікке алып келеді (Wolf,
1999; Zeitoun & Warner, 2006).
Бүгінгі таңда БҰҰ деректеріне сәйкес, әлемде 263 трансшекаралық өзен-
көл бассейні бар. Олар дүние жүзіндегі тұщы су ресурстарының 60%-дан
астамын құрайды. Бұл бассейндерде 145 елдің аумағы толықтай немесе
жартылай ортақ су айдындарында орналасқан (UNESCO, 2021).
Айталық, Дунай өзені 17 мемлекеттің жерімен ағып өтсе, Конго, Нигер,
Ніл, Рейн, Замбези секілді өзендер 9-11 мемлекетке ортақ. Ал Амазонка,
Меконг, Тигр–Евфрат, Кура–Аракс, Ганг-Брахмапутра бассейндері 4–8 елдің
шекарасын қамтиды. Осы қатарда Орталық Азияның Сырдария мен Амудария
өзендері ерекше маңызға ие. Бұл өзендердің су бассейні Ауғанстан, Тәжікстан,
31