Page 27 - Диссертация
P. 27
«бір жарым жол» дипломатиясының сенімге негізделген модель екенін
дәлелдейді.
Сенім факторы – трансшекаралық су мәселелерін шешудегі де шешуші
элементтердің бірі. Су ресурстарының ортақ сипатта болуы, олардың
шекарадан тыс әсері – Орталық Азия елдерін тұрақты келіссөз жүргізуге
мәжбүр етеді. Осы ретте, Мапендере су дипломатиясының мәнін дәстүрлі
«қатты күш» саясатынан алшақтата отырып, жұмсақ күш пен қоғаммен кеңеске
негізделген Public diplomacy құралдары арқылы жүзеге асыру қажет деп
санайды. Оның айтуынша, су дипломатиясы – бұл тек техникалық немесе
заңдық үдеріс емес, бұл – мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімді сенім мен
өзара түсіністікке негізделген кешенді саяси қатынас формасы.
Мапендере Орталық Азия өңірінің гидрографиялық құрылымын ескере
отырып, бұл аймақта мемлекетаралық консенсусқа бару – уақыт талабы екенін
баса көрсетеді. Егер келіссөздер неғұрлым ертерек басталса, соғұрлым өңірлік
су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік артады. Оның пікірінше, су
мәселелерін шешуде Public diplomacy тәсілдерін бейімдеу – мемлекеттер
арасындағы бейбіт әрі әділетті ынтымақтастықты нығайтудың ең тиімді жолы.
Бұл тәсіл трансшекаралық өзендерге қатысты даулардың алдын алуға,
бірлескен басқару тетіктерін қалыптастыруға, және халықаралық деңгейде
аймақтың имиджін нығайтуға ықпал етеді.
Мапендере су дипломатиясының ғылыми-теориялық тұжырымдамасы әлі
де жетілдіруді қажет ететінін атап өтіп, осы салада институционалдық және
құқықтық негіздерді дамытуды ұсынады. Ол – Орталық Азиядағы су
қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы басты алғышарттардың бірі ретінде
танылды.
Су дипломатиясының негізі ежелгі өркениеттердің қалыптасу кезеңіне
барып тіреледі. Өйткені адамзат тарихындағы алғашқы тұрақты қоныстар өзен
аңғарларында орналасып, су ресурстары өмір сүру мен шаруашылық жүргізудің
басты шартына айналды. Бұл өз кезегінде су ресурстарын басқару мен
бөлісудің алғашқы формаларының - яғни дипломатияға ұқсас қатынастардың -
қалыптасуына түрткі болды.
Ежелгі Месопотамия - суға негізделген өркениеттің айқын үлгісі. Бұл өңір
Тигр мен Евфрат өзендерінің бойында орналасып, б.з.д. IV мыңжылдықта
алғашқы қала-мемлекеттер қалыптаса бастаған. Аталған өзендер тек су көзі
ғана емес, сонымен қатар геосаяси маңызы бар стратегиялық ресурс болды.
Өзендердің суын тиімді пайдалану үшін шумерлер алғашқылардың бірі болып
суару жүйелерін құрып, каналдар арқылы егістік жерлерді суландыруды
ұйымдастырды. Бұл шаралар Месопотамияда ауыл шаруашылығын дамытуға
және тұрақты қоғамдық құрылымдардың қалыптасуына мүмкіндік берді.
Мысалы, Киш, Ур және Урүк сияқты қала-мемлекеттер өз аймағындағы
канал жүйелерін бақылауда ұстады: Киш қаласы Ирнина каналына, ал Ур мен
Урүк Итурунгал суару жүйесіне иелік еткен [100]. Мұндай басқару формалары
27