Page 117 - Диссертация
P. 117

2.4  Аймақтағы  су  қауіпсіздігіне  төнетін  сын-қатерлер  мен  тұрақты
                  дамуға әсері
                         Орталық Азия елдері су ресурстарына қатысты күрделі трансшекаралық
                  тәуелділік жағдайында орналасқан. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, халық
                  санының  артуы,  ауыл  шаруашылығы  мен  өнеркәсіптік  тұтынудың  ұлғаюы
                  өңірдегі  су  тапшылығы  мен  шиеленісу  қатерін  күшейтуде.  Әсіресе,  Арал
                  теңізінің тартылуы – су қауіпсіздігінің ескерусіз қалғанының салдары ретінде
                  экологиялық апатқа айналды. Бұл оқиға әлеуметтік-экономикалық, денсаулық
                  сақтау  және  көші-қон  мәселелерімен  қатар,  халықаралық  қауіпсіздік  үшін  де
                  елеулі қатер туындатты [212].
                         Қазіргі  таңда  Орталық  Азия  елдері  су  ресурстарын  тек  табиғи  байлық
                  ретінде емес, геосаяси стратегиялық ресурс ретінде қарастыруда. Бұл жағдай су
                  үшін  бәсекелестікке,  тіпті  шиеленістің  артуына  әкелуі  мүмкін.  Мысалы,
                  Сырдария  мен  Әмудария  өзендері  бойындағы  құрылыс  және  су  қоймаларын
                  пайдалану  мәселелері  Тәжікстан,  Қырғызстан,  Өзбекстан  мен  Қазақстан
                  арасындағы тарихи шиеленістердің өзегіне айналған [213].
                         Осыған  байланысты,  Қазақстан  су  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету  үшін
                  «жұмсақ  күш»  құралдарын  –  су  дипломатиясын,  ғылыми  негізделген
                  шешімдерді,  аймақтық  платформалар  аясындағы  келіссөздерді  пайдалануда.
                  Елдің  сыртқы  саяси  доктринасы  бейбіт  қатар  өмір  сүру  мен  өзара  тиімді
                  ынтымақтастық қағидаттарына негізделген. Қазақстан су дауларын алдын алу
                  үшін  гидродипломатияны  климаттық  саясатпен  ұштастырып,  бірлескен
                  жобалар мен деректер алмасуды белсенді түрде ұсынып келеді [214].
                         Тұрақты  даму  мақсаттарына  жету  үшін  су  қауіпсіздігі  тек  ұлттық
                  деңгейде емес, аймақтық ынтымақтастықтың өзегі ретінде қарастырылуы тиіс.
                  Су  ресурстарын  басқару  мәселесін  кешенді  түрде  –  экологиялық,
                  экономикалық,  әлеуметтік  және  саяси  тұрғыда  қарастыру  қажеттілігі
                  туындауда. Осы бағытта Қазақстанның  бастамашылдығы  мен  үлгісі  –  өңірлік
                  қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналып отыр (World Bank,
                  2023) [215].
                         Орталық  Азиядағы  су  қауіпсіздігіне  әсер  ететін  негізгі  климаттық  және
                  антропогендік факторлар:
                         Су  ресурстарына  сұраныс  –  халық  санының  өсуі  мен  ауыл
                  шаруашылығының  кеңеюіне  байланысты  2020  жылдан  2050  жылға  дейін  120
                  млрд  м³-тен  170  млрд  м³-ке  дейін  ұлғаюы  мүмкін;  Орташа  температураның
                  көтерілуі  –  жаһандық  жылынудың  әсерінен  өңірде  температура  2050  жылға
                  қарай  2.9°C-қа  дейін  көтеріледі  деп  күтілуде.  Жауын-шашын  мөлшерінің
                  өзгерісі  –  климаттың  өзгеруі  салдарынан  жауын-шашын  азайып,  2050  жылға
                  қарай 12%-ға төмендейді деп болжануда [216].
                         Бұл деректер су ресурстарының қысқаруы, экожүйенің нашарлауы және
                  трансшекаралық су шиеленістерінің арту қаупін көрсетеді.




                                                                117
   112   113   114   115   116   117   118   119   120   121   122