Page 112 - Диссертация
P. 112
стратегиялық мүдделері, ең алдымен, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті
қамтамасыз етуге бағытталған саясатынан туындайды.
2.3 Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді басқаруды саяси-
құқықтық реттеу: қолданыстағы келісімдерді талдау
Трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқару мақсатында бірнеше
аймақтық құрылымдар мен келісімдер қабылданды. Соның ішінде ең
маңыздысы – 1993 жылы құрылған Халықаралық Аралды құтқару қоры
(ХАҚҚ). Бұл ұйымға Орталық Азияның бес мемлекеті мүше болып табылады
және оның негізгі мақсаты – Арал теңізінің дағдарысын еңсеру және аймақтық
су саясатын үйлестіру [207].
1992 жылғы Алматы келісімі бойынша су ресурстарын бөлу және бірлесіп
пайдалану қағидаттары белгіленген. Алайда, бұл келісімнің орындалу
тетіктерінің әлсіздігі, су ресурстарын бақылаудың жоқтығы, саяси ықпалдың
басым болуы оның тиімділігін шектейді. Қазақстан су дипломатиясы арқылы
БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының 1992 жылғы Хельсинкидегі Су
конвенциясына 2001 жылы қосылды. Бұл қадам еліміздің су мәселелеріне
халықаралық-құқықтық негізде қарауға ұмтылысын көрсетеді [208].
Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді басқару үшін бірнеше
келісімдер мен механизмдер бар, бірақ олардың тиімділігі әрдайым жоғары
бола бермейді. Қолданыстағы маңызды келісімдер мен әрекеттерді атап өтсек:
1) 1992 жылғы Хельсинки келісімдері. Бұл БҰҰ-ның Трансшекаралық су
ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы
Конвенциясы. Конвенция трансшекаралық суларды бірлесіп басқаруды және
экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Қазақстан мен Өзбекстан
бұл келісімге қосылған, бірақ басқа елдердің қатысуы шектеулі.
2) 1998 жылғы "Су және энергия" келісімі. Қазақстан, Қырғызстан,
Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасында жасалған. Су және электр
энергиясын бөлу негізінде өңір елдері арасында су ресурстарын үйлестіруді
қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда. Дегенмен, келісімдердің
жиі бұзылуы бұл жүйенің толық тиімділігін қамтамасыз етуге кедергі
келтіруде.
3) Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясы (МСШК). 1992 жылы
құрылды.Комиссияның мақсаты – трансшекаралық суларды пайдалану және
қорғау мәселелерін шешуде бірлескен жұмыс жүргізу. Оның қызметі кейде
саяси даулардың салдарынан шектеледі.
4) Аралды құтқару халықаралық қоры (АКХҚ). 1993 жылы құрылған.
Арал теңізінің экологиялық және экономикалық жағдайын жақсарту үшін
трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын тиімді басқаруға арналған.
5) Аймақтық ынтымақтастық және келісімдер. Қазақстан, Өзбекстан
және Қырғызстан арасында екіжақты және көпжақты келісімдер бар, бірақ олар
кейде орындалмайды немесе тиімділігі төмен болады.
112