Page 119 - Диссертация
P. 119
Екінші тарау бойынша тұжырым
Зерттеудің екінші тарауында Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі мәселесі
және Қазақстан Республикасының су дипломатиясы саласындағы орны мен
қызметі жан-жақты қарастырылды. Аймақтағы су ресурстарының шектеулілігі,
климаттық өзгерістер мен демографиялық өсім жағдайында трансшекаралық
өзендерге қатысты мемлекетаралық өзара іс-қимылдың күрделене түскені
байқалады. Бұл өз кезегінде аймақ елдері арасындағы су ресурстарын әділ және
тиімді пайдалануға қатысты келіссөздер жүргізудің маңыздылығын арттырады.
Қазақстан су ресурстарын басқаруда халықаралық құқық нормалары мен
аймақтық келісімдерге сүйене отырып, конструктивті су дипломатиясын
жүргізу арқылы өңірлік тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып отыр. Атап
айтқанда, Қазақстанның Өзбекстан және Қырғызстанмен су ресурстарын
бірлесіп пайдалану мен басқару бойынша келісімдерге қол жеткізуі – табысты
дипломатиялық тәжірибенің нақты көрінісі.
Сонымен қатар, су қауіпсіздігіне төнетін негізгі сын-қатерлер – Арал
теңізінің экологиялық дағдарысы, суармалы жерлердің тұздануы, су
қоймаларының ескіруі және климаттық өзгерістердің әсері – Қазақстан үшін су
саясатын қайта ойластыру мен оны тұрақты даму қағидаттарына бейімдеуді
талап етеді. Осы ретте еліміздің су дипломатиясы ғылымға негізделген
шешімдер мен көпжақты диалог алаңдары арқылы халықаралық және аймақтық
деңгейде бейбіт әрі тиімді ынтымақтастыққа бағытталып отыр. Қазақстан су
дипломатиясының құралдарын пайдалана отырып, аймақтық су қауіпсіздігін
қамтамасыз ету және трансшекаралық ресурстарды тұрақты басқару жолында
маңызды рөл атқаратыны дәлелденді.
119