Page 109 - Диссертация
P. 109
тасымалының транзитінен пайда көру тұрғысынан. Қазақстан аумағы арқылы
олардың арасындағы тасымалдаудың ең оңтайлы жолы өтеді. Қытай
тауарларының көпшілігі арзан теңіз көлігімен тасымалданса да, батыс
бағыттағы құрлық маршруттары екі есе жылдам жеткізіледі. Қазақстан аумағы
арқылы тасымалданатын жүктердің көлемін ұлғайту ел ішіндегі көліктік және
ілеспе логистикалық, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Екі елдің көліктік ынтымақтастықтағы экономикалық мүдделерінің сәйкес
келуі нақты саяси қадамдарда көрініс табуда. Алайда, су мәселесіне келгенде,
Іле-Балқаш бассейнін сумен қамтамасыз ету және басқа да сұрақтар бойынша
нақты құжаттар қабылданбаған [194].
2024 жылы екі ел арасында қазақстандық су мамандарының Қытайда
біліктілігін арттыру курстарынан өтуі туралы "Power China" компаниясымен
келісімге қол жеткізілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан
Нұржігітов бұл бастамалардың Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым-
қатынасына жаңа серпін беретініне сенім білдірді [195].
Қытайдың XXI ғасырда Еуразия мен әлемдегі сауда, құрылыс және
коммерцияның ірі орталығына айналу ұмтылысы айқын байқалады. Елдің
стратегиясы бұрын назардан тыс қалған аймақтарды дамытуға бағытталған,
оның ішінде Қытайдың батысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы
(ШҰАА) бар. Бұл тұрғыда Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы
ұсынған "Бір белдеу – бір жол" бастамасы ерекше маңызға ие. Қазіргі уақытта
бұл бастама жаңа экономикалық, технологиялық және инфрақұрылымдық
негізде жүзеге асырылуда. Ежелгі Ұлы Жібек жолы сусыз шөлдерді кесіп
өткенін ескерсек, су ресурстарының өмірлік маңызы зор. Сондықтан Қытай
басшылығы Іле және Ертіс өзендерінің жоғарғы ағыстарындағы суларды
пайдалану жоспарларына ерекше назар аударуда [193, 86 б.; 196].
Ресей - Қазақстанның ең жақын көршілерінің бірі, онымен ортақ шекара
ұзындығы шамамен 7 591 км құрайды. Халық саны бойынша екі ел арасында
айтарлықтай айырмашылық бар: Қазақстанда 17,6 миллион адам, ал Ресейде
143,7 миллион адам тұрады [197].
Қазақстанның сыртқы ортасы оның аумақтық тұтастығы, әскери
қауіпсіздігі, демографиялық қысым, көрші елдердегі ішкі тұрақтылық, көші-
қон, экологиялық тәуекелдер және ақпараттық қауіпсіздік сияқты әртүрлі
аспектілерде ықтимал қауіптерді қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей
Федерациясымен ынтымақтастықтың маңызы зор.
Экономикалық жағынан Ресей Федерациясы Қазақстан мен Орталық
Азияның басқа елдерінен айтарлықтай алда келеді. Қазақстанды қоса алғанда,
басқа қатысушы елдермен салыстырғанда, Ресей Еуразиялық экономикалық
одақта (ЕАЭО) үстемдік етеді. Одақтың жиынтық ішкі жалпы өнімінде
Ресейдің үлесі 82,7 пайызды құрайды. Мұндай диспропорция бірлестік
мүшелерін әлемдегі басқа интеграциялық блоктардан ерекшелендіреді [198].
109