Page 105 - Диссертация
P. 105
Комиссияның аясында екі жұмыс тобы құрылған:
1) Трансшекаралық өзендер суларының сапасына мониторинг жасау,
талдау және бағалау жөніндегі жұмыс тобы;
2) Трансшекаралық өзендердің ластануын алдын алу және төтенше
жағдайларға шұғыл әрекет ету жөніндегі жұмыс тобы.
Қазақстан аумағында жер үсті су ресурстары біркелкі бөлінбеген. Екі
өзен алабы – Ертіс және Іле – жер үсті су ресурстарының шамамен 75%-ын
құрайды. Бұл ретте Балқаш-Алакөл ойпатында жауын-шашынның жылдық
орташа мөлшері 100 мм-ден аз. Бассейннің ауданы 512 мың км², ал оның жалпы
жер үсті ағыны орташа су жылында 27,76 км³ шамасында, оның ішінде 11,5 км³
Қытай аумағынан келеді.
Іле өзені Қытайдың Тянь-Шань тауларында 3540 м биіктікте бастау алады
және екі өзеннің қосылуынан пайда болады. Өзеннің жалпы ұзындығы 1439 км,
оның 815 км Қазақстан аумағында ағады. Іле өзені Балқаш көліне құятын
өзендер ағынының шамамен 80%-ын қамтамасыз етеді. Қытайдың Шыңжаң-
Ұйғыр автономиялық ауданының аумағында Іле өзені ағынының жоғарғы
шығыс бөлігі орналасқан, ал Қазақстанның Алматы облысында оның ортаңғы
және төменгі бөліктері орналасқан.
Қазақстан аумағында орналасқан Балқаш көлі Іле өзені ағынының негізгі
тұтынушысы болып табылады, ол батыс бөлігіне барлық су ағынының 80%-ын
береді, бұл көлдің тұщылануына әкеледі. Балқаш көлі – Орталық Азиядағы ең
ірі ағынсыз тұщы су көлдерінің бірі және әлемдегі ең ірі көлдер тізімінде 14-
орында тұр. Көлдің Қазақстан үшін үлкен экономикалық және әлеуметтік
маңызы бар [183, 78 б.].
1970 жылы Қапшағай су қоймасы салынғаннан кейін Балқаш көлінің
мәселелері басталды. Көлдің көлемі 2 км³-ке қысқарды, судың минералдануы
артты және Батыс Балқашта 2,05 г/л мәніне жетті. 1980 жылдан бастап көлдегі
балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды
саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының
минералдылығы күрт өсті. Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс
қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий,
т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Балқаш алабынан атмосфераға
түсетін әр түрлі газдардың көлемі жылына 250 мың тоннаға жетті.
Ертіс өзені – Обь өзенінің сол жақ саласы. Ертістің жалпы ұзындығы 4248
км, оның 1698 км Қазақстан аумағында ағады. Су жиналатын алабының ауданы
1643 мың км². Өзеннің экономикалық маңызы Қазақстан үшін өте зор.
Республика аумағында өзен бассейнінде 2,5 млн адам тұрады, мұнда ірі
өнеркәсіптік орталықтар орналасқан: Өскемен, Семей, Павлодар [187, 95 б.].
Ертіс өзені Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарының негізгі су
артериясы болып табылады, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын сумен
қамтамасыз етеді, су тасымалдарын қалыптастыруға және гидроэнергетика
өндіруге қатысады. Қазақстанда су ресурстарын оңтайлы пайдалану
105