Page 106 - Диссертация
P. 106
мақсатында Ертіс өзенінің бассейнінде Кеңес кезеңінде ірі су қоймалары
салынды: Бұқтырма (49 км³), Өскемен (659 млн м³) және Шүлбі (1,83 км³). Ертіс
өзені арқылы кеме қатынасы да маңызды рөл атқарады.
Ертіс өзенінің су жинау алабының бір бөлігі Шығыс Қазақстан
облысында орналасқан және Қытай мен Павлодар облысымен, сондай-ақ
Ресеймен шектеседі, жалпы ауданы 316,5 мың км². Өзеннің бастауы Қытай
аумағында қалыптасады. Ертістің жоғарғы ағысы өз бастауынан (Көк және Ақ
Ертіс – Моңғол Алтайының батыс беткейлерінен бастау алады) Зайсан көліне
дейін созылады. Қытай мен Қазақстан шекарасындағы Қара Ертістің жылдық
ағыны орта есеппен 9,6 км³ құрайды.
2000 жылдан бастап Батыс Қытайды ауқымды игеру басталғаннан кейін,
Қара Ертістен су СУАР мұнай-газ өнеркәсібінің орталығы Қарамай қаласына
ұзындығы 300 км-ден астам және ені 22 метр болатын «Қара Ертіс-Қарамай»
каналы арқылы жеткізіледі. Бұл канал 1997-1999 жылдары салынған. Сонымен
қатар, су 140 мың га жерді суару үшін пайдаланылады. Қара Ертіс ағынының
бір бөлігі Улюнгур көліне құйылады, нәтижесінде соңғы жылдары көлдің
ауданы 200 км²-ге ұлғайды. Ресми мәліметтер бойынша, «Қара Ертіс-Қарамай»
каналы арқылы Қытай жылына 2 км³-ден астам су алады. Сондай-ақ, салынған
«Ертіс-Үрімші» каналы Қашқардың шөлейт бөлігінің батыс бөлігін сумен
қамтамасыз етуге бағытталған, мұнда мұнай мен газдың ірі кен орындары
табылған Тарим бассейні орналасқан. Максималды жүктеме кезінде екі канал
да жылына 6,3 км³ су тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Нәтижесінде,
Ертістің Ресейдегі ағыны 1990 жылдармен салыстырғанда үш есе азайды [188, 7
б.].
Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану
және қорғау мәселелері екі елдің қарым-қатынасында маңызды орын алады.
Бұл мәселе бойынша алғашқы келіссөздер 1965 жылы басталып, 1975 және
1983 жылдары келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1989 жылы
шекара маңындағы Сүмбе өзенінің суларын бөлу және пайдалану туралы
уақытша келісімге қол қойылды. 1992-1993 жылдары Қорғас өзенінде біріккен
су тарту торабын бірлесіп салу туралы хаттамаларға қол жеткізілді.
КСРО ыдырағаннан кейін, 1992 жылдың ақпанында Қазақстан
Республикасы мен Қытай Халық Республикасы трансшекаралық суларды
бірлесіп пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы жаңа
мемлекетаралық келісім жобасын ұсынды. 1998 жылы трансшекаралық
өзендерді пайдалану мәселелері бойынша алғашқы ресми келіссөздер
ұйымдастырылып, нәтижесінде бірлескен сараптамалық жұмыс тобы құрылды.
Бұл топтың алғашқы отырысы 2000 жылғы 6 қарашада Алматыда өтіп, онда 24
трансшекаралық өзеннің алдын ала тізімі жасалды. Жұмыс тобының қызметі
нәтижесінде 2002 жылы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында
«Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы
ынтымақтастық туралы» келісім әзірленіп, бекітілді.
106