Page 67 - Диссертация
P. 67
Біршама гидроэнергетикалық әлеуеті бола тұрып энергетикалық жағынан
тәуелсіз болу деңгейінің төмендігі Тәжікстан мен Қырғызстан елдерін
гидроэнергетиканы дамытуға итермелейді.
Бұл елдердің нарықтық экономикаға көшуімен:
– біріншіден, бұл елдер өздерінің табиғи пайдалы қазбаларын нарықтық
құны бар тауар ретінде қарастыра бастады;
– екіншіден, электр энергиясын өндіру мен тұтыну саласында
энергетикалық дербестікке қол жеткізуге бағытталған жүйелі қадамдар
жасалуда;
– үшіншіден, қолданыстағы гидроэнергетикалық ресурстарды тиімді және
толық көлемде игеру арқылы энергетикалық әлеуетті арттыру көзделіп отыр.
Су-энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешу перспективасы өзара
қарым-қатынастағы тұрақсыздықпен ерекшеленеді. Алайда, біздің ойымызша,
мемлекетаралық су-энергетикалық қауіпсіздікті дамытуда анағұрлым үлкен
жетістікке жету мүмкін [166].
Олар ұзақ жылдар бойы шиеленіскен қарым-қатынастан кейін су-
энергетикалық салада барған сайын татулық саясат ұстануда. «Осы жылы
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиѐев көрші елдермен өзара қарым-қатынас
мәселесін жақсарту бойынша шаралар қабылдаған соң, екі елдің кәсіпкерлері
мен ресми өкілдері бір-біріне қолдау көрсетіп отыр. Шекаралар ашылып жаңа
үрдіс басталды деп айтуға болады.
Орталық Азия елдеріндегі су мәселелері су қорының азаюымен тығыз
байланысты. Су ресурстарының жетіспеушілігі көбіне мемлекетаралық
қатынастарда потенциалды проблемалардың бірі ретінде қарастырылып, оны
қоршаған ортаға антропогендік әсердің салдары деп есептейді.
Өңірде Қырғызстан мен ішінара Тәжікстанның су қожайындарына
айналуы су ресурстарын әділ бөлуге қатысты келіспеушіліктер мен қазіргі
алауыздықтарды тудырды. Оған қоса, аймақтың көп бөлігін шөлдер мен
шөлейт жерлер алып жатыр, ал құнарлы табиғи жерлер, мысалы, Ферғана
аңғары сияқты өзен аңғарлары мен тауларға жақын аумақтар сирек кездеседі.
Бұл жағдай су ресурстарын басқаруда қосымша қиындықтар туғызады [167].
Орталық Азияның сирек кездесетін аңғарларында отырықшы егіншілік
мәдениетінің шектеулі ошақтарының қалыптасуы кездейсоқ емес. Табиғи
жағдайлар шектеулі демографиялық деңгейде сақталған кезеңде су тапшылығы
мәселесі айтарлықтай байқалмады.
Дегенмен, Орталық Азияның Ресей империясының құрамына қосылуы
жағдайды біртіндеп өзгертті. Жаңа шаруашылық жағдайларына толықтай
бейімделу үшін техникалық мүмкіндіктер жеткіліксіз болды. XIX ғасырдың
соңы мен XX ғасырдың басында халықтың табиғи өсімінің күрт артуы, су
тапшылығын шиеленістіріп, басқа да мәселелерді туындатты.
Бос жатқан жерлерді игеру және шаруашылық жүргізу аумағын кеңейту
әлеуметтік тұрғыда аймақ халқының табиғи өсімінің қарқынын арттырды.
67