Page 19 - Диссертация
P. 19
Кеңестік кезеңнен посткеңестік дәуірге өту үдерісінде «су мәселесін»
шешу жолдарының сабақтастығы тұрғысынан алғанда, К.П.Боришполецтің [57,
58] су-энергетикалық факторға қатысты дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіруге
бағытталған көзқарастары қазіргі зерттеулерде маңызды теориялық-тәжірибелік
мәнге ие. Орталық Азия мемлекеттерінің су әлеуеті, су ресурстарының жүйелі
дағдарысы, суды тұтыну бойынша қарама-қайшылықтарды айқындауда
автордың еңбектеріне жүгіндік. К.П.Боришполец өз зерттеулерінде ішкі
аймақтық және трансаймақтық суды тұтыну арасындағы тепе-теңдікті сақтау
сұрақтары бойынша қазіргі уақыт талабына сай талдау жүргізеді. Сонымен
бірге саясаттану ғылымының зерттеу объектісіне айналған «экологиялық
қауіпсіздік» деген ұғым бар. Халықаралық қатынастар ғалымдары әрқашан
ұлттық қауіпсіздікті экологиялық мәселелерді қамту үшін қайта анықтауды
талап етеді. Мысалы, Принстон университетінің профессоры Р.Ульман 1983
жылдары ұлттық қауіпсіздіктің кеңейтілген анықтамасын және оған шикізат
тапшылығын, табиғи апаттарды енгізуді ұсынды [59].
Әлемде белгілі эколог Артур Вестингтің пайымдауынша, халықаралық
қауіпсіздік пен халықаралық қатынастар тұжырымдамалары адам мен табиғи
орта арасындағы өзара тәуелділікке негізделуі тиіс. Халықаралық қауіпсіздік
пен халықаралық қатынастардың теориялық негіздері адамзат пен қоршаған
ортаның өзара байланысын ескере отырып құрылуы қажет деп есептейді, себебі
экологиялық тұрақтылық жаһандық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналуда.
Оның айтуынша, экологиялық қауіпсіздік адамзаттың құрамдас бөлігі болып
табылады және ол өзінің көптеген жұмыстарында әскери қақтығыстардың
қоршаған ортаға зиянды әсерін атап көрсетеді [60].
Экологиялық қауіпсіздіктің құрамдас бөліктерінің бірі суды, атап
айтқанда, шекаралық өзендерді реттеу мәселесі болып табылады.
Климат және су сарапшысы Питер Глейк мемлекеттер арасындағы суға
байланысты қайшылықтардың туындау мүмкіндігін өлшеу үшін төрт негізгі
сандық көрсеткішті анықтайды. Олар мынадай: суды жеткізу қажеттілігінің
арақатынасы, жан басына шаққандағы қолжетімділік, жер үсті суларының
импортына тәуелділік және гидроэлектрлік тәуелділік [61].
Су ресурстарын басқарудың тиімділігі және суды ұтымды пайдалану
әдістері мемлекеттердің су пайдалану мәселелерін шешудегі мүдделері мен
басымдықтарын айқын көрсетеді. Дүние жүзінде жыл сайынғы суды
пайдаланудың үштен екісі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Қоршаған орта
мен соғыстардың байланысын зерттеуге канадалық ғалым Томас Гомер Диксон
маңызды үлесі бар. Оның талдауынша, әскери қақтығыстарға әкеп соқтыратын
экологиялық проблемалардың үш түрі бар: елдегі халық санының өсуіне
байланысты тұтынудың артуы нәтижесінде пайда болатын сұранысқа
байланысты тапшылық, табиғи ресурстардың сарқылуынан туындаған екінші
буын тапшылығы, және ресурстарды ұтымсыз пайдалану және ұтымсыз бөлу
нәтижесінде пайда болатын құрылымдық тапшылықтар [62].
19