Page 10 - Диссертация
P. 10
аударған. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі, геосаяси
қақтығыстар және ынтымақтастық механизмдері Т.Ормышева [26],
М.Х.Сарсембаев [27], Ж.М. Кенжеғали [28] еңбектерінде кеңінен қамтылған.
Бұл зерттеулер Қазақстан мен көршілес елдердің су стратегияларын және
трансшекаралық су дауларының реттелу тетіктерін саралауға мүмкіндік береді.
Дипломатиялық қатынастардың теориялық негіздері мен су ресурстарын
басқарудың халықаралық тәжірибесі К.Г. Шеръязданова [29], Д.М.Мажиденова
[30] еңбектерінде сипатталған. Бұл авторлар дипломатиялық қызметтің
институционалдық аспектілеріне, сондай-ақ заманауи халықаралық
қатынастардағы су факторының рөліне тоқталған.
Тақырыпты одан әрі тереңдету үшін бірқатар PhD диссертациялық
еңбектер мен кандидаттық жұмыстар пайдаланылды. Мәселен,
Р.Нурмахамбетова [31], А.Турсынбек [32], Н.Маханова [33] зерттеулері су
қауіпсіздігі мен су саясатына қатысты Қазақстанның ұстанымдарын саралауда
маңызды дереккөзі ретінде қаралды.
Шетелдік әдебиеттер қатарында су ресурстарын геосаяси құрал ретінде
қарастыратын теориялық және қолданбалы еңбектерге басымдық берілді.
Мәселен, су мен қауіпсіздік арасындағы байланысты зерттеген Т.Гомер-Диксон
[34], А.Т.Вольф [35], М.Зейтун [36], Дж.Уорнер [37], Р. Каплан [38], Дж.
Барнетт [39], С.Маккинни [40] және С.О’Хара [41] еңбектерінде су ресурстары
тек табиғи ресурс ретінде ғана емес, саяси тұрақтылық пен тұрақты даму үшін
стратегиялық фактор ретінде қарастырылады.
Ресейлік зерттеушілер, соның ішінде Н.Г.Рогожина [42], О.А. Бояркина
[43] трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқару және экологиялық
жауапкершілік мәселелерін мемлекеттік және аймақтық деңгейде зерделеген.
Бұл еңбектер Орталық Азиядағы су дауларының құқықтық аспектілерін
түсінуге септігін тигізді.
Аймақ елдерінің ғалымдары да өз үлесін қосқан. Өзбекстандық
зерттеушілер су ресурстарын интеграцияланған басқару әдістерін ұсынса [44],
тәжік авторлары трансшекаралық суларды әділетті пайдалану және экожүйелік
тұрақтылықты сақтау мәселелеріне назар аударады [45]. Қырғыз ғалымдары су
ресурстарын ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында тиімді
пайдаланудың практикалық тетіктерін ұсынған [46]. Түрікмен авторлары шөлді
жерлерді сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қарастырған [47].
Осы зерттеулердің барлығы Орталық Азиядағы су қатынастарының
күрделілігін, су қауіпсіздігі мәселесінің көпқырлылығын және Қазақстанның су
дипломатиясы арқылы аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған
күш-жігерін түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеудің нысаны – Орталық Азия мемлекеттері арасындағы
трансшекаралық су мәселелерін реттеу үдерісінде қалыптасқан сыртқы саяси
ұстанымдар мен өзара әрекеттестік тетіктері, сондай-ақ Қазақстан
10