Page 45 - Академикалы? саясат РУС.
P. 45
дамуы индексі (HDI) бойынша да әлемдегі ең жоғары көрсеткішке ие қалалардың
біріне айналды. Ал салыстыру үшін, «ақылды қалалар» рейтингінде 12-орында
тұрған Бейжің HDI бойынша небәрі 90-орында. Бұл дерек қаланың «ақылды»
мәртебесі тек цифрлық шешімдермен шектелмей, адам капиталы мен әлеуметтік
тұрақтылыққа бағытталған инвестициялармен толықтырылуы қажет екенін
айқын дәлелдейді [96].
Жалпы алғанда, әлемдік жетекші ақылды қалалар мен Тұрақты даму
мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу арасында тығыз өзара байланыс
қалыптасқанын байқауға болады. Экономикалық ынтымақтастық және даму
ұйымының (ЭЫДҰ) деректері бойынша, цифрлық технологияларды кеңінен
енгізіп жатқан қалалар, әдетте, тұрақты даму саласында да алдыңғы қатарда
келеді. Халықаралық тәжірибе smart-жобалар мен ТДМ арасындағы синергияға
қол жеткізудің нақты механизмдерін айқындауға мүмкіндік береді.
Мұндай механизмдердің бірі – қалаларды «ақылды» және тұрақты ету
мақсатында индикаторлар мен рейтингтік жүйелерді әзірлеу болып табылады.
Бұл көрсеткіштер қалалардың өзара бәсекелестігін арттырып, тиімді
тәжірибелерді таратуға жағдай жасайды. Мәселен, БҰҰ және Халықаралық
электр байланысы одағы (ITU) шеңберінде ақылды тұрақты қалаларды бағалау
үшін экономика, қоғам, экология және институционалдық даму бағыттарын
қамтитын негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) жүйесі әзірленген. Мемлекеттер
бұл жүйені қалалардың ілгерілеуін мониторингтеу, салыстырмалы талдау
жүргізу және халықаралық деңгейде үздік тәжірибелермен алмасу құралы
ретінде қолданады.
Жекелеген елдер мен қалалардың тәжірибесін талдау smаrt city
тұжырымдамасының практикалық іске асырылуына қатысты әртүрлі тәсілдерді
ашып көрсетеді. Мәселен, Швейцария – жоғары деңгейдегі
децентрализацияланған басқару құрылымымен ерекшеленетін ел, бұл ерекшелік
оның ақылды қалаларға қатысты саясатына да ықпал етеді. Цюрих кантонында,
2040 жылға қарай халық саны 280 мың адамға ұлғаяды деп болжануда. Осыған
байланысты жергілікті билік қаланың шамадан тыс кеңеюіне жол бермеу
мақсатында тұрғындардың 80%-ын қазіргі урбанизацияланған аймақтарға
шоғырландыруды көздеп отыр. Халық санының артуы көлік жүйесіне
жүктеменің өсуі, жер ресурстарына бәсекелестіктің күшеюі және қалалық
инфрақұрылымды оңтайландыру секілді бірқатар міндеттерді алға тартады.
Аталған мәселелерді шешу үшін Smart City Zurich кешенді стратегиясы
қабылданған. Бұл стратегия технологиялық жаңашылдықтарды тұрақты даму
қағидаттарымен ұштастыруға бағытталған. Цюрихте ақылды қала ретінде
дамуды басқару процесі муниципалитеттердің кең автономиясы мен қаржылық
дербестігі жағдайында жүзеге асырылады: жергілікті билік өз шығындарының
шамамен 87%-ын ішкі кірістермен жабады. Алайда мұндай децентрализация
smart-бастамалардың таралу біркелкілігін тежейтін факторға айналуда, өйткені
әрбір қала мен коммуна өз даму басымдықтарын дербес айқындайды.
Дегенмен, соңғы жылдары Швейцарияда қалаларды цифрландыру үдерісі
күшейіп келеді. Ел аумағында арнайы стратегиялар қабылданып, практикалық
жобалар жүзеге асырылуда, сондай-ақ ынтымақтастық платформалары
45

