Page 88 - Диссертация
P. 88
шамамен 1,35 миллион акр немесе 5500 шаршы шақырым аумақты қамтиды.
Канал арқылы су жеткізу Фаряб провинциясындағы Андхой суару жүйесінің
тиімділігін арттыруға және өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік
береді.
Айта кету керек, Кош-Тепа каналы жаңа бастама емес. Оның негізі
Ауғанстанның экономикалық және әлеуметтік жеті жылдық (1955-1961) даму
жоспары аясында қаланған. Бастапқыда 200 шақырымдық канал және
Солтүстік Балх провинциясында 100 000 га суармалы жерді қамтамасыз ету
көзделген болатын. Жоспар аясында 110 м³/сек қуатты сорғы станцияларын
орнату қарастырылған еді. Алайда, бұл жоба толыққанды зерттелмегендіктен,
ұзақ уақыт бойы іске аспай келді.
Бүгінгі күні Кош-Тепа жобасы қайта жанданып, оның ауқымы
кеңейтілуде. Каналдың аяқталуы Ауғанстанның солтүстігіндегі ауыл
шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқармақ. Алайда, оның іске қосылуы
Орталық Азиядағы су теңгеріміне әсер етіп, көршілес елдер үшін жаңа
гидросаяси мәселелер туындатуы мүмкін.
Қазіргі таңда Кош-Тепа каналының өткізу қабілеті бастапқы
жоспарланған көлемнен 5-6 есе артық екендігі анықталды. Бұл жоба USAID-тің
су жинау және суаруды басқаруды күшейту бағдарламасы (SWIM) аясында
қаржыландырылып, оның негізі техникалық-экономикалық негіздемеге (ТЭН)
сүйеніп жасалған. 2018 жылдың наурызынан бастап 2019 жылдың
желтоқсанына дейін жүргізілген бұл зерттеуді Ауғанстанның Accenture
Consulting Services (AACS) кеңесшісі мен Bets Consulting Services Ltd
компаниясы бірігіп жүзеге асырды. Жоба Ауыл шаруашылығы, ирригация және
мал шаруашылығы министрлігі (MAIL), Энергетика және су министрлігі
(MEW) және бұрынғы Ауғанстан үкіметі жанындағы Ұлттық қоршаған ортаны
қорғау агенттігімен (NEPA) бірлесіп жүргізілді [185].
Алғашқы техникалық-экономикалық негіздеме кезеңінде алты түрлі
балама нұсқа қарастырылды. Олардың кейбіреулері Ауғанстан аумағындағы
Амудария өзенінің Кукча және Құндыз салаларында су қоймалары мен су
қабылдағыштарды салуды қамтыды. Жалпы алғанда, канал құрылысының
болжамды құны 600 миллион АҚШ долларын құрайды және жоба үш кезеңде
тоғыз жыл ішінде аяқталмақ.
Кош-Тепа каналының басты мақсаты – Ауғанстанның солтүстік
провинцияларындағы ауыл шаруашылығын дамыту. Қазіргі таңда
қолданыстағы техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, 600 000 гектар
бақыланатын аумақта суару қажеттілігін қамтамасыз ету көзделген. Бұл үшін
Амудария өзенінен жылына 13,1 км³ су алынуы қажет деп болжануда. Сонымен
қатар, 3,04 км³ су экологиялық және санитарлық қажеттіліктерге арналған деп
белгіленген.
Жоспар бойынша су алудың 80%-дан астамы мамыр-қыркүйек айлары
арасында жүзеге асады, бұл кезең аймақтағы суару маусымымен тұспа-тұс
88