Page 42 - Диссертация
P. 42
• 1940-1950 жылдар – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өзен
трансшекаралық болып, екі ел арасында жаңа ынтымақтастық басталды;
• 1960-1980 жылдар – Финляндия мен Кеңес Одағы 1964 жылғы
шекаралық су жүйелері туралы келісімге қол қойып, трансшекаралық су
ресурстарын басқарудың ресми механизмдерін енгізді;
• 1990-2000 жылдар – Кеңес Одағының ыдырауы мен Финляндияның
Еуропалық Одаққа (ЕО) кіруі нәтижесінде жаңа геосаяси жағдай қалыптасты.
Бұл ынтымақтастыққа айтарлықтай әсер етпегенімен, екі ел су ресурстарын
бірлесіп басқарудың жаңа әдістерін енгізе бастады;
• 2010 жылдан бері – Вуокса бойынша ынтымақтастықтың аймақтық
деңгейде жүзеге асырылуы, климаттың өзгеруіне бейімделу және ЕО Су
Негіздемелік Директивасына (2000/60/EC) сәйкес судың сапасын жақсарту.
Ресей мен Финляндия ынтымақтастығының басты ерекшеліктері:
• Барлық трансшекаралық су ағындарын қамтитын келісім (1964 ж.) –
бұл әлемдегі трансшекаралық су ынтымақтастығының ең озық үлгілерінің бірі.
• Сенімді құқықтық негіз – ынтымақтастықты реттейтін келісімдер
геосаяси өзгерістерге қарамастан өз күшін сақтап келеді.
• Өтемақы механизмдері – гидроэнергетикадан түсетін пайданы әділ
бөлісу тетіктері іске қосылған.
• Халықаралық үлгі ретінде танылуы – бұл ынтымақтастық моделі басқа
елдерге трансшекаралық су ресурстарын басқаруда тиімді тетік ретінде
ұсынылуда.
Орталық Азия үшін алынатын негізгі сабақтар. Ресей мен Финляндия
арасындағы Вуокса өзеніндегі ынтымақтастық Орталық Азия үшін маңызды
тәжірибе бола алады. Бұл ынтымақтастықтың бірнеше маңызды аспектілері
Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді басқаруға қатысты келесі
сабақтарды береді:
Келісімдердің тұрақтылығы. Ресей мен Финляндия ынтымақтастығы 1964
жылғы шекаралық су жүйелері туралы келісімге негізделген. Бұл келісім
трансшекаралық суларды бірлесіп басқару тәжірибесін институционалдық
деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Судың әділ бөлінуі және өтемақы механизмі. Су ресурстарын басқару тек
экологиялық аспектілерді емес, экономикалық механизмдерді де қамтуы қажет.
Өтемақы тетіктері арқылы мемлекеттер арасындағы мүдделер теңгерімін
сақтауға болады.
Климаттың өзгеруіне бейімделу. Вуокса өзені бассейнінде су деңгейін
бақылау мен экожүйелік тұрақтылықты сақтау шаралары тиімді жүргізілуде.
Орталық Азия елдері де трансшекаралық өзендердегі климаттық өзгерістерді
ескеретін стратегияларды енгізуі тиіс [128, 129].
Мемлекеттік және жеке сектордың қатысуы. Вуокса өзеніндегі
гидроэлектр станцияларын жеке компаниялар басқарғандықтан, екі ел
арасындағы ынтымақтастық жеке секторды тарту арқылы нығайтылған.
42