Page 174 - Диссертация
P. 174
экологиялық аспектіден ғана емес, кең көлемдегі халықаралық қатынастар
жүйесімен сабақтастыра отырып қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар,
су дипломатиясын жеке басқару саласы ретінде қарастыру қажеттігін алға
тартады.
Сонымен қатар, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге
арналған шешімдер қабылдау үдерісін зерттеген А.Е.Принязова және
әріптестері [268] аймақтық тұрақтылық үшін дипломатиялық, саяси және
институционалдық тәсілдердің өзара байланысына ерекше назар аударған.
Авторлар трансшекаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін су
қауіпсіздігін ұлттық және аймақтық саясатпен тығыз байланыстыра отырып
қарастырудың маңызын көрсетеді.
Элементтерді (саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік) бағалау
арқылы су дипломатиясының ағымдағы жағдайын, тәуекел деңгейін және
мүдделі тараптар арасындағы қақтығыс әлеуетін талдауға негіз қаланады. Бұл
кезеңде статистикалық деректер, сценарийлік бағалау және мультикритерийлік
талдау әдістері қолданылады.
Ұсынылған схема Қазақстанның су дипломатиясын жүйелі және ғылыми
негізделген жолмен жүзеге асыруына арналған. Бұл схема су ресурстарын
басқарудың халықаралық, аймақтық және ұлттық деңгейдегі байланысын
қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның трансшекаралық өзендерге
қатысты институционалдық әлеуетін нығайту, құқықтық базасын жетілдіру,
және саяси тұрақтылыққа үлес қосу мақсатында әзірленген.
Болашақ трансформация және орнықтылық
Су дипломатиясының болашақ дамуы цифрландыру, жасанды интеллекті
пайдалану, су омбудсмені секілді жаңа тетіктерді енгізумен байланысты.
Сонымен қатар, жастар мен ғылыми қауымдастықты тарту арқылы қоғамдық су
дипломатиясы элементтері нығайтылады.
Осы қарастырылған «Су дипломатиясына қытысты мәселелер басқарудың
жеке саласын құратын ерекше үлгі схемасын» негізге ала отырып,
«Қазақстанның су дипломатиясының даму моделін» ұсынамыз.
«Қазақстанның су дипломатиясының даму моделі»
Су дипломатиясы қазіргі кезеңде тек су ресурстарын басқарудың
техникалық саласы ғана емес, сонымен бірге халықаралық қатынастардағы
тұрақтылық, қауіпсіздік және даму мәселелерін шешудегі маңызды
стратегиялық құрал ретінде қарастырылуда.
Төмендегі 44-суреттегі «Қазақстанның су дипломатиясының даму
моделі» диссертациялық жұмыстың басты нәтижесі болып табылады.
Осы диссертациялық зерттеу аясында ұсынылып отырған «Қазақстанның
су дипломатиясының даму моделі» - еліміздің ұлттық мүдделерін тиімді қорғап
қана қоймай, аймақтық бейбітшілік пен тұрақты даму мақсаттарына жетуге
бағытталған кешенді ғылыми-концептуалдық шешім болып табылады.
174