Page 171 - Диссертация
P. 171
Біріншіден, су дипломатиясын реттейтін біртұтас ұлттық заңнама жоқ. Су
кодексі мен экологиялық заңдарда трансшекаралық келіссөздерді жүргізу
тәртібі нақты реттелмеген, бұл халықаралық келісімдерді орындауда
қиындықтар туындатады.
Екіншіден, ведомствоаралық үйлестірудің әлсіздігі байқалады. Сыртқы
істер министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары
комитеті сынды органдар су саласындағы келіссөздерді өзара келісімсіз
жүргізетін жағдайлар кездеседі. Бұл – су ресурстары саласындағы сыртқы
саясаттың фрагменттелуіне әкеліп соғады [267].
Үшіншіден, стратегиялық тәуекелдерді алдын ала бағалау жүйесі
дамымаған. Су ресурстары бойынша шекаралас мемлекеттермен туындауы
мүмкін дауларға қатысты сценарийлік талдаулар, мониторинг және
дипломатиялық ықпал ету құралдары әлсіз пайдаланылуда. Сонымен қатар,
ашық ақпараттық-аналитикалық дерекқордың болмауы – келіссөз жүргізуде
айқындық пен сенімділік деңгейін төмендетеді [8, 19].
Институционалдық деңгейде су дипломатиясын жүргізуге жауапты
мамандандырылған құрылымның болмауы – кадрлық, сараптамалық және
құқықтық әлеуеттің шектеулі болуына әкеледі. Су саласында халықаралық
құқықты меңгерген дипломаттар мен технократтардың жүйелі түрде
тартылмауы да – бұл саланың осалдығын көрсетеді.
Келесі 42-суреттен су дипломатиясын басқарудағы құқықтық және
институционалдық базасы бойынша талдаулардың схемасын көруге болады.
Су дипломатиясын басқарудағы құқықтық және институционалдық
базасы бойынша талдау схемасын жасау арқылы, біз нақты Қазақстан су
дипломатиясын жүйелі дамыту үшін бірқатар қадамдарды жүзеге асыра
білуіміз қажет:
• Су дипломатиясына жауапты орталықтандырылған құрылымды
(мысалы, Су дипломатиясы департаментін) құру;
• Су келіссөздерін жүргізу тәртібін Су кодексі аясында заңдастыру;
• Халықаралық ақпарат алмасу механизмдерін нормативтік тұрғыда
бекіту;
• Су қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі
ретінде қарастыру;
• Сараптамалық-аналитикалық институттармен (ҒЗИ, академиялық орта)
тұрақты байланыс орнату.
Бұл 42-суретте көрсетілгендей су дипломатиясын басқарудағы құқықтық
және институционалдық базаны жетілдіру Қазақстанның өңірлік
көшбасшылығы мен қауіпсіздік мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарадығын
айқын көруге болады. Бұл бағыттағы реформалар елдің халықаралық беделін
арттырып қана қоймай, трансшекаралық ынтымақтастықтың жаңа сапалы
деңгейіне шығуына мүмкіндік береді.
171