Академия
жаңалықтары

06
Ноябрь
Академияда Италия делегациясымен кездесу өтті

Бүгін Академияда Италия Сыртқы істер министрлігінің Арнайы тапсырмалар жөніндегі Елшісі, «Орталық Азия + Италия» форматындағы үйлестіруші Федерико Файла, Ка’ Фоскари университетінің вице-ректоры Антонио Маркомини және Италия Республикасының Қазақстандағы Елшісінің орынбасары Аниелло Петито мырзамен кездесу өтті.

Итальяндық делегацияның сапары «Орталық Азия + Италия» диалогы (5+1 форматы) аясында жүзеге асты. Бірінші саммиттің шешімдеріне сәйкес, 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Бұл құжат ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын қамтиды, оның ішінде «жасыл» өтуді қолдау, климаттың өзгеруі мәселелері бойынша бірлескен саясат әзірлеу және су саласындағы диалогты дамыту, сондай-ақ Орталық Азия елдерінде денсаулық сақтау, білім беру және біліктілікті арттыру салаларындағы әлеуетті нығайту бағыттарын қамтиды.

Кездесу барысында аймақ елдері мен Италия арасындағы идеялар мен тәжірибе алмасу желісін дамыту маңыздылығы атап өтілді. Бұл өзекті экономикалық секторларда – климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын басқару, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы байланыстарды нығайту сияқты жаңа сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған өзара іс-қимылды тереңдетуге мүмкіндік береді.

Тараптар өз ұйымдарының қызметі туралы ақпаратпен бөлісіп, осы платформа аясындағы болашақ ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

 

 

 

Барлығы
31
Октябрь
Алматыда «Ұлттық құндылықтар: Таным. Тағылым. Адал азамат» республикалық конференциясы өтті

31 қазанда Алматы қаласында Академияның, Ұлттық құндылықтар академиясының және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар: Таным. Тағылым. Адал азамат» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның мақсаты – цифрлық қоғамның  мүмкіндіктері мен тәуекелдері тұсында ұлттық құндылықтар  тұғырында  білім  мен   тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ету жолдарын  талқылау, үздік тәжірибелерді тарату, адал азамат ұстанымдарының өзектілігін ойталқы нысаны ету.

Конференцияға қатысушылар: Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Amanat» партиясының, ғылым, білім беру және мәдениет саласындағы уәкілетті органдардың өкілдері, ғылыми және  ғылыми-практикалық орталықтар, өңірлік білім басқармалары мен  әдістемелік орталық өкілдері,   ғалымдар, педагогикалық оқу орындарының оқытушылары мен профессорлары,  педагогтер, докторанттар мен магистранттар,  маслихат депутаттары,  қоғамдық ұйым өкілдері,  баспалар,   оқулық әзірлеушілер.

Конференция жұмысының аясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры Оразалиева Эльмира Нұрланқызы «Адал азамат: тұлғатану құндылықтары» тақырыбында пленарлық жиналыста баяндама жасады.

Басты мәселелер екі бағытта назарға ұсынылды: біріншіден, «Адал азамат» ұстанымдарының мемлекеттік деңгейде өзекті мазмұндық кеңістікте жаңғыруы, тұлғатану ілімімен сабақтастырыла тарихи тағылымдық сипатта талдануы, екіншіден, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі міндеттер тізбегінің білім беру жүйесіндегі мақсатты индикаторларымен тоғыстырыла қарастырылуы. Нәтижесінде адал азамат ұғымы субъективті тұлғалық қасиеттер тоғысы, патриоттық сезімдер үйлесімі, адалдық пен азаматтық бірегейлігі және моральдық-құқықтық, мәдени-танымдық,  саяси құндылықтар өрісі тұрғысынан баяндалды.

 

Барлығы
31
Октябрь
Жобалық менеджмент: жаңа мүмкіндіктер

Академияда даму күні аясында «Құжаттармен тиімді жұмыс істеу және деректерді талдау үшін жасанды интеллектті пайдалану» тақырыбында тренинг өтті. Шарада CyberFormula3 компаниясының оқу-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Гүлшат Қалбаева дәріс оқыды.

Қатысушылар жасанды интеллекттің жұмыс үдерістерін жеңілдетудегі мүмкіндіктерімен танысты әрі құжаттарды автоматты түрде талдау, контентті құрылымдау және идеяларды жүзеге асыруды жеделдету тәсілдері қарастырылды.

Кездесу барысында NotebookLM, Gemini Bot, Napkin AI және Monica AI Assistant сияқты құралдармен жұмыс істеудің практикалық әдістері көрсетілді. Сондай-ақ промпт-инжинирингтің негізгі қағидалары мен жасанды интеллектті этикалық тұрғыда пайдалану маңыздылығы талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай барысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген ой қозғады. Бұл идеяны Академия қызметкерлері қолдап, бүгін «Даму күні» аясында «Жазушылар клубының» алғашқы шығармашылық кеші өткізілді. «Жазушылар клубының» басты мақсаты – Академияның сөз өнерін сүйетін және жазуға шабыттанатын шығармашыл қызметкерлері мен білім алушыларының басын қосатын ортаға айналу. Клубтың алғашқы отырысында Академияның ғалым хатшысы Жамиля Арғынбайқызы Бекбосынова өз қаламынан туған әңгімелерін оқыса, Электоралды оқыту орталығының жетекші сарапшысы Жанель Рамазанқызы Құрмаш өлеңдерін оқыды. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетіп, жиналған аудиторияның ыстық ықыласына бөленіп, жылы қабылданды.

Даму күні аясында Жобалық менеджер клубының «Жобалық менеджмент: жаңа мүмкіндіктер» атты кездесуі өтті. Кездесуде МСҰМ доценті, техникалық ғылымдар кандидаты, жобалық менеджмент саласындағы сарапшы Диназат Касымова дәріс оқыды. Жобалық басқару дағдылары кез келген салада маңызды рөл атқарады. Себебі ол мақсаттарға тиімді жетуге, ресурстарды дұрыс бөлуге және нәтижелердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қатысушылар жобалық менеджерлерге арналған стандарттарды әзірлейтін халықаралық ұйымдар туралы, сондай-ақ жобаларды тиімді жоспарлау мен басқару құралдары жайлы тереңірек ақпарат алды. Сонымен қатар мүдделі тараптармен жұмыс істеу, шешім қабылдау, ақпаратты талдау, тәуекелдерді басқару, мерзімдерді есептеу, сапаны бағалау сияқты заманауи жобалық менеджерге қажетті көптеген дағдылар қарастырылды. Сондай-ақ қатысушылар жобалық менеджменттің «Қабілеттер үшбұрышы» бойынша өз дағдыларына өзіндік баға беріп, жұмыс жасады.

«Даму күні» аясында Дипломатия институтында «Diplomatic Talks» тілдік клубының кезекті кездесуі өтті. Талқылау тақырыбы – цифрландыру саласындағы өзекті оқиғалардың бірі «Astana, Kazakhstan Digital Forum». Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстандағы цифрлық технологиялардың дамуының негізгі бағыттарын, цифрландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы форумның рөлін және мемлекеттік қызмет үшін инновациялардың маңыздылығын талқылады. Кездесу интерактивті форматта өтті. Магистранттар пікірталасқа белсенді қатысып, өз ойларымен бөлісті және цифрлық сауаттылықты арттыру мен жаңа технологияларды дипломатиялық тәжірибеге енгізу бойынша өз идеяларын ұсынды.

 

Барлығы
30
Октябрь
2025 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру конкурсы

Құрметті әріптестер!

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы (бұдан әрі — Конкурс) жариялайды.

«ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын беру конкурсы» ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м. а. 2015 жылғы 16 наурыздағы № 124 бұйрығына (бұдан әрі — қағидалар) сәйкес өткізіледі https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1500010506.

Конкурсқа штаттық оқытушылар болып табылатын және конкурсқа қатысу үшін құжаттарын тапсыру сәтінде кемінде бес жыл үзіліссіз ғылыми-педагогикалық өтілі Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Конкурс екі кезеңде өткізіледі:

I кезең университетішілік кезең 2025 жылғы 3-14 қараша аралығында өткізіледі.

Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер құжаттарды электрондық форматта Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің  Ақпараттық жүйесі арқылы тапсырады (universitycontest2025.iac.kz):

1) қағидалардың 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысуға өтінім;

2) қағидалардың  2-қосымшаға сәйкес сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкес мәліметтер (нақты мерзімі көрсетілген тармақтарды қоспағанда, соңғы 5 жылдағы мәліметтер (2025, 2024, 2023, 2022, 2021 жж));

3) қағидалардың 3-қосымшаға сәйкес жұмыстардың жылдық жоспар-кестесі (2025-2026 оқу жылы);

4) кадрларды есепке алу жеке іс парағы;

5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

Конкурстың I кезеңі бойынша апелляция беру мерзімі — 2025 жылғы 17-19 қараша аралығында өткізіледі.

II кезеңі — республикалық кезең 2025 жылғы 1-12 желтоқсан аралығында өткізіледі.

Республикалық кезеңге қатысу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің АЖ-сі арқылы  кезеңнің қорытындылары бойынша іріктелген электрондық форматтағы үміткерлердің конкурстық құжаттамасын жібереді.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық жүйесін қолдану бойынша нұсқаулық universitycontest2025.iac.kz сайтында жарияланатын болады.

2025 жылғы 19 қарашадағы Ғылыми кеңестің хаттамасы — сілтеме.

Барлығы
29
Октябрь
Академияда су дипломатиясы бойынша алғашқы докторлық диссертация қорғалды

Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында докторант Альбина Еркінбайқызы Прниязова «Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары: Қазақстанның су дипломатиясының дамуы мен болашағы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Су – стратегиялық ресурс, сусыз өмір жоқ» деп атап өтті. Президент сонымен қатар су дипломатиясын халықаралық ынтымақтастық пен орнықты дамудың маңызды бөлігі ретінде айқындап, осы бағытта білікті мамандар даярлау қажеттігін атап өтті.

Осы бағыттағы өзекті ғылыми ізденіс нәтижесінде Альбина Прниязова Қазақстанның су дипломатиясының дамуының ғылыми моделін ұсынып, «су дипломатиясы» ұғымына ғылыми анықтама берді.

Диссертациялық кеңестің 2025 жылғы 29 қазандағы шешімімен Альбина Еркінбайқызына «Халықаралық қатынастар докторы» ғылыми дәрежесі берілді.

Бұл еңбек Қазақстанда су дипломатиясы тақырыбында жазылған алғашқы докторлық зерттеулердің бірі болып табылады.

 

Барлығы
25
Октябрь
25 қазан – Республика күні!

25 қазан – Республика күні!
Бұл күн – халқымыздың азаттығы мен мемлекеттілігінің берік іргесін қалаған тарихи сәтті еске салатын мереке.

Барлығы
24
Октябрь
Бүгін Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Мерекелік шарада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкеріне және қоғам өкілдеріне Агенттік төрағасының Алғыс хаттары мен грамоталары табысталды.

Салтанатты жиынның ашылу салтанатында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Республика күні халқымызды ортақ мақсаттарға біріктіретін, биік мұраттарға бастайтын ерекше Ұлттық мереке екенін атап өтті.

«Қоғамдық санада Заң мен Тәртіп қағидатын берік орнықтыра отырып Әділетті Қазақстанды құру, сол арқылы елдің игілігін арттыруға үлес қосу алдағы басты міндетіміз. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде отанға адал, жауапкершілікпен, жанашырлықпен қызмет етсек Егемен еліміздің еңсесі биіктей берері сөзсіз», – деді Дархан Жазықбай.

Мереке қарсаңында Агенттіктің орталық аппараты, Астана қаласы бойынша аумақтық департаменті және Мемлекеттік басқару академиясы қызметкерлерінің балалары арасында ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» атты балалар сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз!

Республика күні құтты болсын!

 

Барлығы
24
Октябрь
Президенттік Жастар кадр резервіне іріктеу аяқталды

2025 жылғы 24 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша 50 адам Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды.

Осы жылдың маусым айынан бастап қазан айына дейін Резервке іріктеу жүргізілді. Құжаттарды қабылдау кезеңінде жобаның ресми сайтында 31 859 адам тіркелді, бұл еліміздің жас мамандары тарапынан жобаға деген жоғары қызығушылықты көрсетеді.

Төртінші іріктеудің басты жаңашылдығы – мемлекеттік аппарат үшін аса сұранысқа ие салалық бағыттар бойынша Резервті қалыптастыру болды. Кандидаттар белгіленген квоталарға сәйкес қабылданды:
− «инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» бағыты бойынша – 8 адам;
− «агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша – 9 адам;
− «сыртқы саясат және инвестициялар» бағыты бойынша – 8 адам;
− «экономикалық және қаржылық саясат» бағыты бойынша – 7 адам;
− «цифрландыру» бағыты бойынша – 9 адам;
− «әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» бағыты бойынша – 9 адам.

Жаңадан қабылданған резервшілердің толық тізімі pkrezerv.gov.kz жобаның ресми сайтында жарияланды.

Резервке алынған сәттен бастап үш жыл ішінде резервшілер саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына, сондай-ақ «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

Барлығы
21
Октябрь
«Егемендік декларациясы – Тәуелсіздік жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті

Мемлекеттік басқару академиясында Республика күні қарсаңында және «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» 35 жылдығына орай «Егемендік декларациясы – Тәуелсіздік жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Сағатұлы Жолманов модераторлық етті.

Іс-шара барысында зиялы қауым өкілдері тарихи құжаттың мәні мен маңызын қайта зерделей отырып, мемлекеттік саясат пен мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

1990 жылғы 25 қазан – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі еліміздің егемендігін жариялаған күн. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолдағы шешуші тарихи кезеңі. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар егемендік декларациясының оңайлықпен қабылданбағанын, бұл жолда көптеген зиялы азаматтардың еңбегі сіңгенін атап өтті. Құжатты дайындау жөніндегі комиссияны көрнекті заңгер, академик Салық Зиманов басқарған болатын.

Дөңгелек үстелге ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, профессорлық-оқытушылық құрам мен сарапшылар қатысты. Спикерлер қатарында ҚР Парламентінің депутаттары Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, Жанарбек Әшімжанов, қоғам қайраткерлері Сұлтанов Қуаныш, Озғанбаев Өмірзақ, Қайролла Ережепов, Қуанышев Төлеген, Мемлекет тарихы институтының өкілі Жапсарбай Қуанышев, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басшылары Талғат Нәрікбаев, Гүлжамал Жапарова, Бекмамбет Өмірбай қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар тарихи жадының, ұлттық бірегейліктің, мемлекетшілдік сана мен патриотизмнің маңызын атап өтті.

Егемендік – тарихи шешімдердің, ұлттың табандылығы мен азаматтардың ерен еңбегінің жемісі. Бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің бойында осы рухты сақтау – маңызды міндеттердің бірі.

 

Барлығы
19
Октябрь
Академияда «Күзгі кубок» Спартакиадасы өтті

2025 жылғы 19 қазанда Мемлекеттік басқару академиясының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Күзгі кубок» Спартакиадасы өтті.

Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл спорттық шараға Агенттіктің, Академияның қызметкерлері, білім алушылары мен түлектері қатысты. Қатысушылар мини футбол, волейбол және үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен сынға түсіп, жоғары спорттық дайындық пен командалық рухты танытты.

Спартакиаданың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер мен Академия ұжымының арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, сонымен қатар әріптестік пен ұжымдық бірлікті нығайту болып табылады.

Жарыс қорытындылары

Мини футбол бойынша:
I орын – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
II орын – Басқару институты
III орын – Дипломатия институты

«Үздік қорғаушы» – Айекешов Жігер
«Үздік қақпашы» – Жарасов Дәурен
«Үздік ойыншы» – Таңатар Рауан

Волейбол бойынша:
I орын – МРР-2024 командасы (Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің магистранттары)
II орын – Түлектер Альянсы (Академия түлектерінің құрама командасы)
III орын – Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің (МРР-2025) және Басқару институтының командалары

Үстел теннисі (ерлер арасында):
I орын – Тапаев Бекмурат (Мемлекеттік қызмет істері агенттігі)
II орын – Дусупбек Ақжан (МРР-2025)
III орын – Алипбеков Әлібек (Академия түлегі)

Үстел теннисі (қыздар арасында):
I орын – Айтымбет Гүлназ (Басқару институты)
II орын – Турышева Лаура (МРР-2024)
III орын – Арғынбаева Дина (Басқару институты)

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және кубоктармен марапатталды.

Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасында сергектік пен достық атмосфера орнады. Спартакиада Мемлекеттік басқару академиясының ұжымдық мәдениетін нығайтып, денсаулық пен спорт құндылықтарын дәріптеуге өз үлесін қосты.

 

Барлығы
18
Октябрь
Академия делегациясы Қытайда БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған шараға қатысты

2024 жылғы 17-18 қазан күндері Қытайдың Шанхай қаласында Фудань университетінде (Fudan University) Sixth Dean’s Forum of the Union of Schools of Political Science and International Relations (USPIR) форумы және «Тыныштықты дамыту, ортақ қауіпсіздік және өркениеттердің бірге өмір сүруі» атты халықаралық симпозиум өтті. Бұл шара БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған.

Академия атынан вице-ректор Эльмира Оразалиева және Оқу саясаты орталығының жетекшісі Гүлсара Жүнусбекова қатысты.

Вице-ректор Эльмира Оразалиева «ООН және оның болашақ күн тәртібі» панельдік сессиясында «Өзгерістер дәуіріндегі жаңа формация лидерлерін даярлау» тақырыбында баяндама жасап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы жалпы дебаттардағы сөзінің маңыздылығын атап өтті. Ол қазіргі таңда «тұрақты суверенитет» және «жауапкершілік» ұғымдарын жаңғырту арқылы жаңа көшбасшылар даярлаудың негізгі бағыттары айқындалып отырғанын және Академияның мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттырудағы рөлінің маңыздылығын көрсетті.

Оқу саясаты орталығының жетекшісі Гүлсара Жүнусбекова стратегиялық шешім қабылдау және мемлекеттік процестерді тиімді басқару бойынша мемлекеттік қызметкерлердің құзыреттілігін арттырудағы Академияның рөлі туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар Фудань университетінің Халықаралық қатынастар және қоғамдық істер мектебінің (SIRPA) деканы, профессор Су Чангхэмен екіжақты кездесу өтті. Кездесуде білім беру мен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында тараптар нақты бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасу арқылы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік танытты.

 

Барлығы
17
Октябрь
Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан

Бүгін Басқару институты профессор-оқытушылар құрамының 2024–2025 оқу жылындағы ғылыми жарияланымдарының таныстырылымы өтті. Институт оқытушылары мемлекеттік қызметшілердің зияткерлік әлеуетін арттыруға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін факторларды зерттеуге арналған еңбектерді жариялады.

Зерттеулерде ақша-несие және салық-бюджет саясаттарының институционалды құрылымы, азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық процестер мен көрсеткіштерді эконометрикалық талдау әдістері, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін реформалау мен оның тиімділігін бағалау мәселелері қамтылған. Басқару институтының зерттеушілері алдағы уақытта да мемлекеттік басқару, ұлттық экономика және мемлекеттік қызмет жүйесі салаларын талдауды жоспарлауда. Бүгін «Даму күні» аясында English for Pleasure клубының ашылуы өтті. Бұл ағылшын тілін еркін және шығармашылық ортада дамытуға арналған жаңа платформа.

Клубтың алғашқы отырысы «Movies» тақырыбына арналды. Академияның магистранттары мен докторанттары сүйікті фильм жанрларын талқылап, өз пікірлерімен бөлісіп, ағылшын тілінде интерактивті тапсырмалар орындады. Ерекше қызығушылық тудырған шығармашылық бөлім — пантомима көрсету болды. Мұнда қатысушылар өздерінің әртістік қабілеттерін және ағылшын тілінде импровизация жасау шеберлігін көрсетті.

Сонымен қатар тыңдаушылар “Extra” атты қысқаметражды фильмді тамашалап, оны талқылау арқылы коммуникативтік дағдыларын, сыни ойлау қабілеттерін және тақырыптық сөздік қорларын жетілдірді.

Бүгін «Даму күні» аясында Дипломатия институтының ұйымдастыруымен «Diplomatic Talks» клубының кезекті кездесуі өтті. Кездесудің тақырыбы — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы болды.

Қатысушылар Жолдауда айтылған негізгі идеялар мен бағыттарды талқылады. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық трансформация, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ инновациялық экономиканы қалыптастырудағы жастардың рөлі сияқты маңызды мәселелер қозғалды. Кездесу ағылшын тілінде ашық пікірталас форматында өтті. Қатысушылар тілдік және коммуникативтік дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, технология дәуіріндегі Қазақстанның болашағы туралы өз көзқарастарын білдірді.

“Даму күні” аясында “Қазақстандағы зайырлылық саясаты және діни ахуал” тақырыбында бұқаралық дәріс өтті. Дәрісті Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Жақиянов Талғат Жәрдемқұлұлы оқыды. Дәріс аясында тыңдаушылар зайырлылықтың құқықтық және ғылыми негіздерімен кеңінен танысып, еліміздің дін саласындағы өзекті мәселелерін талқылады.

Барлығы
17
Октябрь
Академия модульдік оқыту қағидаты бойынша қабылдау жүргізетінін хабарлайды

Академия модульдік оқыту қағидаты бойынша қабылдау жүргізетінін хабарлайды. Сіздерге оқу мен жұмысты қатар алып жүруге жақсы мүмкіндік бар.

Биыл модульдік оқытуға мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор өкілдері, мәслихат депутаттары ақылы негізде түсе алады. Бұл сіздер үшін кәсіби өсу мен дамуға арналған бірегей мүмкіндік!

Құжаттарды қабылдау 2025 жылғы 1 қарашадан бастап «EMPA – Мемлекеттік басқару» және «MRD – Өңірлік даму» білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. EMPA бағдарламасы бойынша басшылық қызметте кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі, ал MRD бағдарламасы үшін жалпы жұмыс өтілі кемінде екі жыл болуы керек. Оқу мерзімі – 12 ай, 6 академиялық модульді қамтиды.

Оқу форматы офлайн және онлайн форматта, кешкі уақытта және демалыс күндері өтеді.

Құжаттарды қабылдау 2025 жылғы 1-30 қараша аралығында admission.apa.kz платформасында онлайн жүзеге асырылады.

Оқуға түсу бойынша сұрақтарыңыз болса, мына нөмірлерге хабарласа аласыздар:
+7(7172)75-33-95
+7(7172)75-31-62

Құжаттар тізімі:

1. Мемлекеттік органның жолдамасы (мемлекеттік қызметшілер үшін).
2. Жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық көшірмесі.
3. Қосымшасымен бірге жоғары білім туралы сканерленген нұсқасы.
4. Мемлекеттік тілді білу деңгейі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST (https://www.qrt.kz) немесе ҚАЗТЕСТ (http://kazakhtest.kz) сертификаты.
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері үшін – мемлекеттік қызмет персоналы бойынша бірыңғай автоматтандырылған дерекқордан (ақпараттық жүйеден) алынған не жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған қызметтік тізім; өзге үміткерлер үшін – еңбек қызметін растайтын құжат.
6) Электрондық-цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған электрондық өтініш.

 

Модульдік оқытудың артықшылықтары:

Тәжірибеге бағдарланған бағдарламалар — құзыреттілік тәсіл
ТИІМДІЛІК:
Модульдер оқыту қарқыны оқу мазмұнын барынша тиімді игеруге мүмкіндік беретіндей етіп ұйымдастырылған
БІРКЕЛКІ ЖҮКТЕМЕ:
Модульдер біркелкі бөлінеді, бұл материалды игеруді жеңілдетеді
ЖЕКЕ КӨЗҚАРАС:
Оқыту барысында оқытушылар мен үйлестірушілерден икемді қолдау
ПРАКТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНУ:
Әрбір модуль аяқталғаннан кейін алған білім мен дағдыларды іс жүзінде қолдану мүмкіндігі.

 

Барлығы
15
Октябрь
Спартакиадаға қатысуға шақырамыз

Салауатты өмір салтын насихаттау аясында 2025 жылғы 19 қазан күні сағат 10:00-де Спартакиада өткізіледі.

Күзгі кубокқа Агенттік пен Академияның қызметкерлерін, сондай-ақ Академияның магистранттары мен докторанттарын белсенді қатысуға шақырамыз.

Қатысатын командалар:

▪️ Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы және қызметкерлері командасы

▪️ 1 курс білім алушылары командасы;

▪️ 1 курс білім алушылары командасы №2;

▪️ 2 курс білім алушылары командасы;

▪️ Түлектер командасы;

▪️ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі командасы;

▪️ Академия филиалдары командасы.

Әр команда келесі спорт түрлері бойынша қатысушыларды қамтуы тиіс:

▪️ мини-футбол;

▪️ волейбол;

▪️ үстел теннисі.

Қатысушылардан жарыс ережелерімен және жарысқа қатысушының жауапкершілігі туралы қолхат мәтінімен алдын ала танысуды сұраймыз.

Спорттық шара барысында медициналық қызметкерлер болады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қатысушылардан өздерінің дене дайындығына назар аударуды, медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқ екеніне көз жеткізуді және жарыс алдында міндетті түрде жаттығу жасауды сұраймыз.

Өтінім формасын 2025 жылғы 18 қазан, сағат 14:00-ге дейін толтыру қажет.

Қосымша ақпарат алу үшін: +7 700 168 09 79

Өтетін орны: Астана қ., Ы. Дүкенұлы көшесі, 23, Спорт кешені

Барлығы
03
Октябрь
Болашақты сақтау: капиталдың заңсыз шығарылуының алдын алу

Даму күні аясында Дипломатия институтында «Diplomatic Talks» тіл клубының кезекті кездесуі өтті. Кездесу тақырыбы – «FULL SPEECH: President of Kazakhstan K.K. Tokayev at the United Nations General Assembly». Дипломатия институтының тыңдаушылары Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзінің негізгі қырларын талқылап, тікелей пікірталас барысында тілдік дағдыларын бекіте түсті.

Дәстүр бойынша клубтың әрбір отырысы ауыспалы модерациямен өтеді: қатысушылар кезекпен модератор рөлін атқарып, көпшілік алдында өз тілдік қабілеттерін көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Даму күні аясында Академияның Басқару институты мен Кәсіби даму институты «Экономист +» пікірталас алаңында «Болашақты сақтау: капиталдың заңсыз шығарылуының алдын алу» тақырыбында сараптамалық кездесу өткізді. Мақсаты: капиталдың заңсыз шығарылуын болдырмау жөніндегі қолданыстағы жүйедегі негізгі олқылықтарды анықтау және заңнамалық, реттеушілік және құқыққолданушылық тетіктерді жетілдіруге бағытталған практикалық ұсыныстар әзірлеу.

Форматы: фокус-топ, зерттеу нәтижелерін апробациялау.
Баяндамашы – Мұханбетәлі Бекжан Мұханбетәліұлы, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері.

Пікірталастың негізгі блоктары:

I-блок. Капиталдың заңсыз шығарылуының себептері мен түрлері /тәуекелдерді диагностикалау және бағалау/ капиталды заңсыз әкету схемаларын анықтау

II-блок. Алдын алу бойынша ұлттық тетіктер

III-блок. Капиталдың заңсыз шетелге әкетілуінің алдын алу тетіктерін жетілдіру жөніндегі практикалық ұсынымдарды әзірлеу /халықаралық ынтымақтастық және үздік тәжірибелер.

«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы құрылтайшысы, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаровпен және айтулы ғалым Раушан Иманжүсіп, әйгілі күш ойыншысы, палуан Арман Сүлейменмен кездесу өтті.

Күш мәдениетін зерттеуші белгілі ғалым Абылайхан Қалназаровтың авторлық бұл жобасы – қазақ халқының күш пен қайсарлыққа негізделген мәдени мұрасын қазіргі заманға жеткізуді мақсат еткен бірегей бастама.

«Күш лекциясының» өзегі – ел тарихындағы әйгілі алыптарымыз, баһадүр-балуандарымыз, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды даңқты тұлғалардың өмір жолы мен игі мұрасын дәріптеу. Олардың жеңімпаз рухы мен ерлік өнегесі бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, рухани сабақтастықты жалғау.

Магистранттар мен докторанттарға арналған «Балуан тас» тақырыбындағы күш лекциясының мәні – оны жай ғана физикалық құбылыс ретінде емес, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді, сондай-ақ ғылыми тұжырымдарды үйлестіретін бірегей құбылыс ретінде қарастыруда. Мұндай білім ұлттық құндылықтар мен тарихты дәріптеуді мемлекеттік қызметшілер арасында да кеңінен насихаттауға жол ашады.

Академияның Ақпараттық-ресурстық секторында Бағдатгүл Ахылбекованың қатысуымен «Скопусты пайдалану жолдары» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға магистранттар, докторанттар және Академия қызметкерлері қатысты.
Қатысушылар Scopus базасында индекстелетін беделді журналдарға мақала жариялау тақырыбына ерекше қызығушылық танытты. Семинар мазмұнды да пайдалы өтті. Қатысушылар ғылыми жарияланымдармен жұмыс жасаудың тиімді жолдарын меңгерді.

Барлығы

Your browser does not support SVGs