Академия
жаңалықтары

13
Июль
Академияда Нидерланд Корольдігі Клингендаль академиясының делегациясымен кездесу өтті

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нико Шермерс мырза және Клингендаль академиясының директоры Рон Тон мырза бастаған делегациямен кездесу өтті.

Шара барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Кездесудің негізгі тақырыбы – дипломатиялық кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, келіссөз жүргізу, медиация және стратегиялық ойлау дағдыларын дамыту мәселелері болды.

Клингендаль институты – халықаралық қатынастар мен дипломатия саласындағы Еуропадағы жетекші орталықтардың бірі. Институт дипломаттар, мемлекеттік қызметшілер мен халықаралық сарапшыларға арналған оқыту бағдарламаларымен кеңінен танымал.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты нақты жобалар арқылы нығайтуға және дипломатия саласындағы үздік тәжірибелермен алмасуға ниетті екендерін білдірді.

 

Барлығы
04
Июль
Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелеріне арналған оқыту бағдарламасы өтті

23 маусым – 4 шілде аралығында Академияда Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелеріне арналған оқыту бағдарламасы өтті.

Бағдарлама резервшілердің мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді қызмет атқару үшін қажетті кәсіби құзыреттері мен практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Қатысушылар HR-менеджменттің халықаралық стандарттарын (СТ РК ISO 30400-2018 және басқалары) меңгерді, сертификаттауға дайындық бойынша практикалық кеңестер алды, сценарлық жоспарлау мен форсайт әдістерін үйренді және көшбасшылық қабілеттерін дамытты.

Бағдарлама қатысушыларға кәсіби білімін тереңдетуге, мемлекеттік басқару саласындағы көшбасшылардан пайдалы инсайттар алуға мүмкіндік берді.

Барлығы
03
Июль
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы профессор-оқытушылар құрамының бос лауазымдарына конкурс жариялайды. Білікті, білімді, талантты мамандарды Қазақстанның мемлекеттік басқару саласын дамытуға, Академия ұжымының мүшесі болуға шақырамыз!

Конкурсқа құжаттар 2025 жылғы 3 шілде мен 17 шілде аралығында қабылданады.

Құжаттарды «ОПҚ конкурсына» деп жазып, hr@apa.kz электрондық поштасына немесе 010000, Астана қаласы, Абай даңғылы 33а, 705-каб. мекенжайы бойынша (сағат 09:00-18:30) келіп тапсыруға болады.

Конкурс туралы толық ақпаратпен сайтымыздағы «Бос орындар» бөлімінде таныса аласыздар немесе тел.: 8 (7172) 75-32-95, 8-775-952-50-84

Барлығы
02
Июль
Академия мен Моңғолия Ұлттық басқару академиясы арасында меморандумға қол қойылды

Мемлекеттік басқару академиясы мен Моңғолия Үкіметінің істері басқармасына қарасты Ұлттық басқару академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екіжақты ғылыми-зерттеу, білім беру жобаларын іске асыруға және мамандарды даярлау ісінде өзара қолдау көрсетуге бағытталған.

Екіжақты келісім Ұлан-Батырда өткен «Mongolia’s Civil Service and International Cooperation, Experience» форумы аясында жасалды. Форум Моңғолияның Мемлекеттік қызмет күніне және Мемлекеттік қызмет кеңесінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Академия ректоры Азамат Сағатұлы Жолманов шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, екі елді мемлекеттік басқару саласындағы ортақ мақсаттар мен міндеттер біріктіретінін жеткізді.

Барлығы
27
Июнь
Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті

27 маусым күні ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. 2024-2025 оқу жылында 109 магистрант және 4 докторант дипломын сәтті қорғады.

Салтанатты шараның ашылуында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай түлектерге сәттілік тіледі.  Агенттік төрағасы Мемлекеттік басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмалары аясында мемлекеттік қызметте енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтты, оның ішінде Мемлекеттік басқару академиясын үздік аяқтаған түлектердің өңірлік деңгейде конкурссыз негізде басшылық лауазымдарға тағайындала алатынын атап өтті.

Академия ректоры Азамат Жолманов түлектерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ түлектерге диплом табыстау үшін арнайы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Әсетұлы Бақаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Асан Көбентайұлы Дарбаев шақырылды.

Академияда «Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасы бойынша магистратураны тәмамдаған Айсана Рахимова өңіріне оралып, мемлекеттік қызметтегі еңбегін жалғастырмақ.

«Бүгін біз үшін қуанышты, ерекше күн. Академия басшылығына, профессорлық-оқытушылық құрамына білім алушыларға берген зор мүмкіндігі үшін мың алғыс. Енді Павлодар өңіріне оралып, қызметімді жалғастырмақпын», – деді Академия түлегі.Атап өтейік, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2025-2026 оқу жылына магистратураға және докторантураға оқуға құжат қабылдау осы жылдың 25 маусымына дейін жүргізілді. Жаңа оқу жылына мемлекеттік қызметшілер үшін 132 грант (магистратураға – 120, докторантураға – 12) бөлінді.

Барлығы
20
Июнь
GovHR форумы: цифрлық дәуірде мемлекеттік қызметті трансформациялау жөніндегі халықаралық диалог

2025 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адами ресурстарды басқарудың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық GovHR форумы өтті. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен іс-шара ғаламдық сын-қатерлер дәуіріндегі мемлекеттік басқаруды трансформациялау  бойынша  үздік тәжірибелермен алмасуға және бірлескен шешімдерді әзірлеуге арналған бірегей алаңға айналғанын көрсетті.

Форум аясында тәжірибе алмасу мақсатында БҰҰ өкілі, Катар Мемлекеттік қызмет және кадрлық әлеуетті дамыту бюросының директоры Саиф Аль-Кааби, Моңғолия Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі кеңестің төрағасы Цэдэвсурэн Лхагва, Сьерра-Леоне Адами ресурстарды басқару кеңсесінің бас директоры Ансу Такер, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Илёс Идрисзода, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, БАӘ, Қырғызстан, Марокко, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Руанда, Сингапур, Түрікменстан, сияқты әріптес елдердің уәкілетті органдарының басшылары мен жетекші мамандары және сарапшылары қатысты.

Форумды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай ашып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған іс-шараға арналған құттықтау хатын оқыды. Президент, өз сөзінде, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты басшылыққа алынғанын атап өтті.

Дархан Жазықбай өз сөзінде мемлекеттік секторда тиімді, адамға бағдарланған ресурстарды басқару жүйесін дамытуды форумның басты тақырыбы екеніне назар аударып, стратегиялық HR-жүйесін қалыптастыру, кадр саясатына цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, жас мамандарды қолдау және мемлекеттік органдардағы басшылары рөлін трансформациялау сынды төрт негізгі бағытқа басымдық берді.

 

.

Форум барысында қазақстандық тарап серіктес елдердің табысты тәжірибелеріне қызығушылық танытты. Осы орайда, әсіресе Катардың мемлекеттік және жекеменшік секторына кадр іріктеу платформасы болып табылатын Kawader жүйесі мен 85 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіге SMART-мақсаттар қою, мониторинг жасау және бағалау мүмкіндігін беретін Ada’a тиімділікті басқару жүйесін ерекше атап өтуге болады.  Моңғолияда тағайындау және кадрлық реестр процестері автоматтандырылған арнайы портал арқылы жүргізіледі, сондай-ақ түйіндеме талдауы мен үміткерлерді алдын ала іріктеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі «пилоттық» модуль іске асырылуда.

Форумда негізгі халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесуге ерекше назар аударылды. Форумға бейнебайланыс арқылы қатысқан БҰҰ-ның Азаматтық қызмет жөніндегі халықаралық комиссиясының (ICSC) төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ларби Джакта Қазақстанның кадрлық саясатта озық көзқарас ұстанып отырғанын және басқа елдерге үлгі бола алатынын атап өтті.

Пікір алмасулар, панельдік және форсайт-сессиялар нәтижесінде мемлекеттік қызмет пен адами ресурстарды басқару жүйесін дамытуға арналған негізгі ұсыныстар мен бағдарларды қамтитын GovHR резолюциясы қабылданды. Атап айтқанда, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жасанды интеллект, Big Data, бұлттық шешімдер мен блокчейн технологияларын кезең-кезеңмен енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, деректерді біртұтас көзден басқару, бюрократиялық кедергілерді азайту, цифрлық қауіпсіздікті күшейту және People Analytics құралдарын кадрлық шешімдер қабылдауда белсенді пайдалану қажеттілігі айтылды.

Іс-шараға қатысушылар foresight-сессиялар барысында «Құзыреттер картасы 2030», «Деректер саясаты» және «HR  архетиптері 2035» тәрізді жаңа HR-модельдерді қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірледі. Осының негізінде цифрлық дағдыларға басымдық беретін  жеке әрі практикаға негізделген оқытуға көшу қажеттілігі атап өтілді.

Қатысушылар аталған форумның білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар уақыт талаптарына сай озық шешімдерді енгізуге қабілетті кәсіби мемлекеттік қызмет қауымдастығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті.

Барлығы
09
Июнь
Академия Болгария Республикасының Дипломатиялық институтымен меморандумға қол қойды

2025 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгария Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық институт арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 

Меморандум дипломатиялық білім беру және сыртқы істер ведомстволары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, екі мекеме арасындағы академиялық байланыстарды нығайту,бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен сарапшылармен алмасу, дәрістер, тренингтер және ғылыми конференциялар өткізу сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

 

Тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен халықаралық академиялық диалогты дамытуға ниетті екендерін білдірді.

Барлығы
01
Июнь
Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталды

Құжаттар 1 маусым мен 30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz сайтында қабылданады.
Президенттік жастар кадр резерві – жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құруға бағытталған жоба.

Талаптар:

  • 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • Жоғары білімі бар;
  • Мемлекеттік тілді В1-ден төмен емес деңгейде меңгерген;
  • Жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес

Іріктеу келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

  • Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;
  • Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
  • Экономикалық және қаржылық саясат;
  • Цифрландыру;
  • Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
  • Сыртқы саясат және инвестициялар.

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 адам Резервке қабылданады. Әрбір салалық бағыт үшін Резервке алу квотасы көзделеді.

Барлығы
28
Май
2025 жылдың 20 маусым күні Астанада «ЖАҢА ЖҮЙЕЛЕР, ЗАМАНАУИ ҚЫЗМЕТТЕР, ТЫҢ ШЕШІМДЕР» тақырыбында GovHR ФОРУМЫ өтеді

GovHR Форумы – бұл мемлекеттік секторда адам ресурстарын басқару саласындағы заманауи тәсілдерді дамытуға, үздік тәжірибелермен алмасуға, сондай-ақ цифрлық шешімдерді зерделеуге арналған кәсіби алаң.

Форум мемлекеттік басқару саласының көшбасшыларын, IT мамандарын, HR практиктері мен цифрландыру саласындағы сарапшыларды біріктіре отырып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық үдерістерді трансформациялау мәселелерінде заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу бойынша конструктивті диалог жүргізуге мүмкіндік береді.

Өтетін күні мен уақыты: 20.06.2025 сағат 9:00-де

Өтетін орны: Астана қаласы, Абай даңғылы 33а, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы

 

Тіркелуге арналған сілтеме https://govhrforum.apa.kz/kz/registration

Барлығы
26
Май
Мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект дағдылары бойынша оқыту бағдарламасы іске қосылды

2025 жылдың 26 мамырында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқарку аскадемиясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге арналған AI-Qyzmet оқыту бағдарламасының ашылуы өтті.

Бағдарлама мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс процестеріне жасанды интеллект құралдарын енгізуге және оның мүмкіндіктерін қолдануға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жасанды интеллект саласындағы біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударып, бес жыл ішінде бір миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндетіне ерекше көңіл бөлу және оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсету қажеттілігін атап көрсеткен болатын.

«Президент жасанды интеллект технологияларын және ауқымды мәліметтер қорын – Big Data-ны тиімді пайдалану, заманауи цифрлық технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнату жолдарын жақсарту қажеттілігін алға қойды. Агенттік мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Өткізіліп жатқан оқытулар мемлекеттік аппарат қызметінде жаңа технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік береді», — деді Дархан Жазықбай.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның өңірлік филиалдарында өтетін оқыту бағдарламасы аясында тыңдаушылар цифрлық сауаттылықты арттырады. Жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану арқылы деректерді талдау және әкімшілік процестерді автоматтандыру, сондай-ақ шешімдер қабылдау мен өнімділікті арттыру бағытында білімдерін жетілдіреді.

Оқыту мемлекеттік қызметшінің күнделікті қызметіндегі жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау сынды жұмыстарда жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану дағдыларын қамтиды. Курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады, бұл түрлі жасанды интеллект жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі.

Сондай-ақ оқыту Snack Learning форматы бойынша видеодәрістер түрінде де өтеді. Мұндай формат мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесіне оңай бейімделіп, оқу процесін икемді етеді. Бағдарлама аясында осы жылы оқытумен шамамен 30 мың мемлекеттік қызметшіні қамту жоспарланып отыр.

 

 

 

Барлығы
23
Май
МҚІА төрағасы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу бойынша жас мамандармен кездесті

2025 жылғы 23 мамыр күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің талаптарын түсіндіру мақсатында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың жас мамандарымен кездесті.

Іс-шараға 250-ге жуық орталық мемлекеттік органдар мен оған қарасты ұйымдардың, жергілікті атқарушы органның, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың қызметкерлері, сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері қатысты.

МҚІА төрағасы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуінің басталуы, биылғы іріктеудің ерекшелігі мен кезеңдері туралы айтты. Ол алдыңғы жылдары өткен іріктеу тәжірибесі жастар арасында жоғары танымалдылыққа ие болғанын атап өтіп, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа кадрлар мен таланттарды тарту маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, «Жастар кадр резерві – мемлекеттің резерві». Резервті қалыптастырудағы басты мақсат – көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру, жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру. Бүгінде мемлекеттік қызметке білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет», – деді Дархан Жазықбай.

Биыл резервке іріктеу әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар сынды мемлекеттік басқарудың 6 салалық бағыты бойынша жүргізіледі.

Агенттік төрағасының айтуынша, биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлерді іріктеуді қамтамасыз етеді.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Құжаттарды қабылдау – 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады, оның қорытындысы бойынша 50 адам Резервке қабылданады.

Кездесуге арнайы келген Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және инновациялар дамыту комитетінің Төрағасы Ғиззат Байтұрсынов, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Төрағасының орынбасары Юлия Овечкина, Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Әділ Құсманов және өзге де резервшілер өздерінің іріктеуге қатысу тәжірибелерімен бөлісіп, жоба талантты жастар үшін әлеуметтік лифт және мемлекеттік қызметте өз әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік екенін  атап өтті.

Іс-шараға қатысқан жас мамандар іріктеу мәселелері, іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға қатысты сұрақтар қойды.

Атап өту керек, бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге қатысуға жалпы 60 мыңнан астам қазақстандықтар қызығушылық танытты. Іріктеулер қорытындысы бойынша резервке 400 адам қабылданды. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

Резервшілердің 167 – орталық мемлекеттік органдарда, 37 – жергілікті атқарушы органдарда, 62 – ұлттық компанияларда, 52 – өзге ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ 39 резервші саяси лауазымдарда, 3 – «А» корпусының лауазымдарында, 2 – Мәжіліс депутаты, 1 – мәслихат депутаты болып қызмет етуде.

Барлығы
06
Май
Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам Академияда қонақ дәріс өткізді

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қонақ дәріс өткізді.

То Лам мырза мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан мен Вьетнам арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ Вьетнамның көлік-логистикалық әлеуеті, сыртқы сауда айналымы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім және ғылым саласындағы жетістіктеріне тоқталды.

Сөз соңында Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың көкжиегі кеңейе түсетініне және Қазақстанның Мемлекеттік басқару академиясы Вьетнамның жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыс орнатанына сенім білдірді. Атап өтейік, келесі айда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толады.

То Лам мырзаның қонақ дәрісіне Вьетнамның ресми делегациясы, оның ішінде Вьетнамның министрлері, жоғары лауазымды тұлғалары, Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев және БАҚ өкілдері, Академия магистранттары, докторанттары, сондай-ақ қызметкерлері қатысты.

Барлығы
15
Апрель
Академия мен Әділет академиясы Меморандумға қол қойды

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Әділет академиясы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Құжаттың басты мақсаты – кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен зерттеу және білім беру жобаларын жүзеге асыру арқылы серіктестікті одан әрі дамыту.

Тараптар конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, оқытушылар мен сарапшыларды өзара тарту жөнінде уағдаласты. Бұл бастама мемлекеттік басқару мен сот жүйесі саласындағы кадрлық әлеуетті күшейтуге жол ашады.

Барлығы
15
Апрель
Академия білім алушылары Сенатта Парламенттік тыңдауларға қатысты

Академияның «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан магистранттар мен докторанттар көшпелі дәріс аясында ҚР Парламенті Сенатында өткен Парламенттік тыңдауға қатысты.

Парламенттік тыңдауға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізді. Ол өз сөзінде кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі тек құқық саласына ғана емес, қоғам мен мемлекеттің барлық саласына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған адами капиталды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту және жаңа форматтағы мамандарды даярлау сынды маңызды міндеттерге назар аударды.

Тыңдауда баяндама жасағандардың қатарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, саланың танымал ғалымдары Зәуреш Баймолдина мен Исидор Борчашвили, сондай-ақ елдегі ірі жоғары оқу орындарының ректорлары мен сарапшылар болды.

Академия магистранттары мен докторанттары үшін бұл тәжірибелік форматтағы кездесу – мемлекеттік басқару мен өңірлік даму саласындағы білімдерін нақты мысалдармен толықтырып, кәсіби көзқарастарын қалыптастыруда маңызды қадам.

Көшпелі дәрісті ұйымдастырған – Басқару институты профессорының м.а., физика-математика ғылымдарының кандидаты Мамытбеков Едил Қуламқадырович.

Барлығы
11
Апрель
Академия журналы «Scilit» (Швейцария) халықаралық ғылыми деректер базасына енді

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» ғылыми журналы Scilit (Швейцария) халықаралық ғылыми басылымдардың беделді базасына енді.

Швейцариялық MDPI AG баспасы әзірлеген Scilit – 175 миллионнан астам ғылыми жарияланымды, соның ішінде 39 миллионнан астам ашық қолжетімді мақаланы жинақтайтын ірі платформа.

CrossRef және PubMed деректерін күнделікті жаңартудың арқасында Scilit өзекті және тексерілген ғылыми ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Scilit-тегі журналға сілтеме: https://www.scilit.com/sources/31120.

Scilit базасына ену журналдың әлемдік ғылыми қоғамдастықта дәйексөзділігін және танымалдылығын арттырудағы тағы бір қадам.

Бұл ену журналдың халықаралық көрінісін, дәйексөзділігін және дүние жүзіндегі зерттеушілер үшін қолжетімділігін едәуір кеңейтеді.

«Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» ғылыми журналына сілтеме: https://journal.apa.kz/index.php/path/index

Барлығы

Your browser does not support SVGs