Page 83 - Академикалы? саясат РУС.
P. 83
2.3 Түркістандағы «ақылды қала» дамуын басқару процесінің
проблемалық аспектілері
Ақылды қалаларды дамыту – бұл цифрлық технологияларды енгізумен
қатар, институционалдық, нормативтік және әлеуметтік тетіктерді біртұтас
жүйеде іске асыруды талап ететін кешенді мемлекеттік міндет. Түркістан
қаласында «ақылды қала» бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады,
алайда қазіргі ахуалда осы бағытты мемлекеттік басқаруда бірқатар проблемалар
айқын сезілуде.
Біріншіден, стратегиялық жоспардың және нормативтік-құқықтық негіздің
әлсіздігі. Смарт-қалаларды дамыту үшін жергілікті деңгейде нақты стратегиялық
құжаттардың, құқықтық негіздің және іс-шаралар жоспарының болуы қажет.
Түркістан қаласының 2023–2027 жылдарға арналған даму жоспарында
цифрландыру мен инновациялық инфрақұрылым туралы жалпы мәлімет
берілгенімен, нақты көрсеткіштер, мерзімдер және жауапты құрылымдар
көрсетілмеген. Бұл құжатта «ақылды қала» ұғымы тікелей қолданылмайды, тек
«инновациялық даму» және «ақпараттық жүйелер» туралы жалпы фразалар
кездеседі. Бұл – стратегиялық жоспарлаудың жеткіліксіздігін және нормативтік
тетіктердің әлсіздігін айғақтайды [121, б 12]. Салыстыру үшін, Алматы
қаласының Smart Almaty бағдарламасында 5 стратегиялық бағыт, 10-нан астам
нақты көрсеткіш және жылдық орындалу мерзімі мен жауапты бөлімшелер
нақтыланған. Ал Түркістанда мұндай құрылымдық жоспардың болмауы
жобалардың орындалуын бағалауға мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамалық базасында
«ақылды қала» ұғымы нақты анықталмаған. Бұл ұғым көбінесе «цифрландыру»,
«инновация», «интеллектуалды жүйе» терминдерімен алмастырылады. Соның
салдарынан жергілікті деңгейдегі нормативтік актілерде смарт-қалаға қатысты
міндеттемелер мен стандарттар қалыптаспай отыр.
Стратегиялық құжаттар, заңнамалық және нормативтік база,
институционалдық тетіктер мен қаржыландыру механизмдері аталмыш
бастамалардың табысты іске асуына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыда Түркияның
Конья қаласы мен Өзбекстанның Самарқанд қаласы – посткеңестік және
түркітілдес кеңістіктегі табысты үлгілердің бірі болып табылады.
Конья қаласы – Түркияның цифрландыру мен урбанистика саласындағы
жетекші орталықтарының бірі ретінде «Akıllı Konya 2030» стратегиясын іске
асырып келеді. Бұл құжат шеңберінде көлік жүйесін интеллектуалдандыру,
қоршаған ортаны қорғау, цифрлық басқару және азаматтық қатысу бағыттары
кеңінен дамуда [122, б. 28].
Самарқанд қаласы болса, «Цифрлы Өзбекстан – 2030» ұлттық стратегиясы
аясында «Smart Samarkand» жобасын жүзеге асыруда. Жоба қалалық
инфрақұрылымды жаңғырту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және
экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған қалаларда
мемлекеттік басқару, қаржыландыру, нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету
мен мониторинг жүйелері тиімді жұмыс істеуде [123, б. 32].
Түркістан қаласы үшін шетелдік табысты тәжірибелердің маңыздылығы
83

