Page 82 - Академикалы? саясат РУС.
P. 82
технологияларын пайдалану, қажыларға арналған ақпараттық киоскілер)
инновациялық шешімдерді енгізу әлеуетіне ие. Бұл бағыттар стандартты «смарт-
пакеттерде» қарастырылмағанымен, жергілікті сұранысты қанағаттандыруға
мүмкіндік береді. Сондықтан эталондық мемлекеттік стандарт қатаң нұсқаулық
ретінде емес, өңірлік кері байланыс пен бейімделуге икемді құрал ретінде
қолданылуы тиіс.
Үшіншіден, ашықтық пен есептілікті арттыру қажет. 109 қызметінің
тәжірибесі көрсеткендей, өтініштер мен шағымдардың шешілу барысын ашық
форматта бақылау тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін
арттырады. Осыған байланысты, ұқсас тәжірибелерді кеңейту ұсынылады –
Smart City дашбордтарын жариялау арқылы шешілген мәселелердің саны, іске
асырылып жатқан жобалар және қол жеткізілген нәтижелер (мысалы, көше
жарықтандыру үлесі, энергия үнемдеу, ЖКО-ның төмендеуі және т.б.) туралы
ақпаратты тұрақты түрде ұсыну қажет. Ашық деректер мен нақты оң өзгерістерге
көз жеткізген тұрғындар «ақылды» бастамаларды қолдауға бейім болады.
Төртіншіден, адами капиталды дамыту және цифрлық қатысу мәдениетін
қалыптастыру қажет. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық міндет. Ол үшін
азаматтардың технологиялық өзгерістердің артықшылықтарын түсінуіне жағдай
жасау, цифрлық дағдылары шектеулі топтарды (әсіресе, егде жастағы
адамдарды) оқыту, жергілікті қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдарды
бірлескен цифрлық жобаларға тарту маңызды. «Ақылды қала» – бұл тек
цифрлық инфрақұрылым мен технологиялық құралдар ғана емес, сонымен қатар,
жаңа білімге ұмтылатын, инновацияларды қабылдауға және өз құқықтарын
белсенді қорғауға дайын «ақылды азаматтар» қауымы. Түркістан қаласында
осындай әлеуеттің бар екені – оның жас демографиялық құрылымымен және
тарихи мәртебесімен тікелей байланысты. Осыған сәйкес, білім беру
саласындағы бастамаларды – мектептердегі IT сабақтарынан бастап барлық жас
ерекшеліктері үшін қолжетімді цифрлық сауаттылық курстарына дейін – кеңейту
және жүйелеу қажет. Цифрлық ортада сенімділік қалыптасқан сайын
тұрғындардың қалалық даму үдерістеріне қатысу белсенділігі де артады.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан
«ақылды қала» бастамаларына қатысты қоғамдық қабылдау жалпы жағымды
сипатта. Егер мемлекет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан бұл бағытқа
жүйелі түрде қолдау көрсетілсе, бұл сенім қоғам мен мемлекеттік құрылымдар
арасындағы тұрақты әріптестікке ұласуы мүмкін. Тұрғындар цифрлық
технологиялардың нақты пайдасын сезінген жағдайда оларды белсенді түрде
пайдалануға және қолдауға дайын. Ал мемлекеттік реттеудің міндеті –
азаматтарды Smart City тұжырымдамасын іске асырудың толыққанды
қатысушысы ретінде қарастыру. Яғни, тек олардың пікірін ескерумен
шектелмей, нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға жағдай жасау қажет.
Мұндай тәсіл Smart City бағдарламаларының тиімділігін арттырумен қатар,
қоғамдық сенімді нығайтып, қалалық басқарудың табысты
трансформациялануының негізін қалыптастырады.
82

