Page 24 - Диссертация
P. 24

Каралью,  Дель  Бо  және  Нийкамп  ұсынған  «ақылды  қала»  (smart  city)
                  тұжырымдамасының  негізгі  идеясы  баяндалады.  Олардың  пайымдауынша,
                  ақылды қаланы дамыту тек жаңа технологияларды енгізу арқылы ғана емес,
                  сонымен  қатар  экономикалық  және  басқарушылық  тұрғыдан  тиімді  жүйе
                  қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Атап айтқанда, экономикалық бәсекеге
                  қабілеттілік  –  бұл  қаланың  инвестиция  тарту,  инновацияны  қолдау  және
                  тұрғындар үшін сапалы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету қабілеті. Мұндай
                  әлеуетті  дамыту  үшін  мемлекеттік  реттеу  тиімді,  икемді  әрі  стратегиялық
                  болуы  тиіс.  Бұл  жерде  «тиімді  мемлекеттік  реттеу»  дегеніміз  –  қалалық
                  инфрақұрылымды, ресурстарды, қызметтерді және цифрлық технологияларды
                  үйлестіріп, қала тұрғындарының қажеттіліктеріне бейімдеп басқару қабілеті.
                  Ғалымдар жергілікті билік органдарының белсенділігіне ерекше мән береді.
                  Себебі ақылды қаланың дамуы – жергілікті деңгейде қабылданатын шешімдер
                  мен  бастамаларға  тікелей  байланысты.  Яғни,  әкімдіктер  мен  жергілікті
                  басқару  құрылымдары  тұрғындардың  қажеттіліктерін  ескеріп,  деректерге
                  негізделген шешімдер қабылдауы, цифрлық инфрақұрылымды дамытуы және
                  жеке сектормен серіктестікті жолға қоюы керек [51].
                         Нам мен Пардо бұл үш компоненттің – технология, адам, институттар
                  үйлесімді  және  өзара  байланысты  әрекет  етуі  ғана  мемлекеттік  басқару
                  жүйесін ақылды, икемді әрі тиімді ете алады деп санайды. Яғни, ақылды қала
                  –  бұл  тек  смарт  құрылғылар  мен  желілердің  жиынтығы  емес,  ол  жоғары
                  ұйымдастырылған, адамға бағытталған және институционалдық негізі берік

                  жүйе болуы тиіс. Ақылды қаланың табысты дамуы мен мемлекеттік реттеудің
                  тиімділігі  технологиялық  құралдардың,  адами  фактордың  және  басқару
                  институттарының арасындағы тепе-теңдік пен синергияға тәуелді екенін атап
                  өтеді [52].
                         Комнинос  ақылды  қалаларды  инновациялық  орталықтар  мен  ашық
                  цифрлық басқару платформаларына айналдыруда қалалық стратегиялар мен
                  мемлекеттік реттеу тетіктерінің шешуші рөл атқаратынын сипаттайды [32,р.
                  350].  Холландс  ақылды  қалаларды  әлеуметтік  әділеттілікке  негізделген
                  басқару құрылымы ретінде сипаттайды және технологиялық шешімдер мен
                  цифрлық  құралдарды  мемлекеттік  тұрғыда  тиімді  реттеудің  әлеуметтік
                  тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтеді [53]. Китчин
                  өзінің еңбектерінде ақылды қалалардағы үлкен деректерді жинау, өңдеу және
                  реттеу мәселелеріне тоқталады. Ол ашық деректер саясаты мен мемлекеттік
                  бақылау  арасындағы  үйлесімділікті  сақтаудың  маңыздылығын  ерекше  атап
                  көрсетеді [54].
                         Мейер мен Боливардың зерттеулеріндегі негізгі идея – «ақылды реттеу»
                  (smart governance) тұжырымдамасы туралы айтылып отыр. Ғалымдар ақылды
                  қалаларда  мемлекеттік басқаруды  тиімді ұйымдастыру  үшін қандай  әдістер
                  мен  құралдар  қажет  екенін  қарастырады.  «Ақылды  реттеу»  дегеніміз  –
                  заманауи технологияларды, ашық басқару принциптерін және тұрғындардың
                  белсенді  қатысуын  үйлестіре  отырып,  мемлекеттік  шешімдер  қабылдау
                  үдерісін оңтайландыру. Бұл ұғым тек технологияға ғана емес, сонымен қатар
                  басқару  мәдениетіне,  демократиялық  қатысуға  және  институционалдық

                                                                24
   19   20   21   22   23   24   25   26   27   28   29