Академия
жаңалықтары

23
Май
МҚІА төрағасы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу бойынша жас мамандармен кездесті

2025 жылғы 23 мамыр күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің талаптарын түсіндіру мақсатында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың жас мамандарымен кездесті.

Іс-шараға 250-ге жуық орталық мемлекеттік органдар мен оған қарасты ұйымдардың, жергілікті атқарушы органның, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың қызметкерлері, сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері қатысты.

МҚІА төрағасы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуінің басталуы, биылғы іріктеудің ерекшелігі мен кезеңдері туралы айтты. Ол алдыңғы жылдары өткен іріктеу тәжірибесі жастар арасында жоғары танымалдылыққа ие болғанын атап өтіп, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа кадрлар мен таланттарды тарту маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, «Жастар кадр резерві – мемлекеттің резерві». Резервті қалыптастырудағы басты мақсат – көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру, жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру. Бүгінде мемлекеттік қызметке білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет», – деді Дархан Жазықбай.

Биыл резервке іріктеу әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар сынды мемлекеттік басқарудың 6 салалық бағыты бойынша жүргізіледі.

Агенттік төрағасының айтуынша, биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлерді іріктеуді қамтамасыз етеді.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Құжаттарды қабылдау – 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады, оның қорытындысы бойынша 50 адам Резервке қабылданады.

Кездесуге арнайы келген Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және инновациялар дамыту комитетінің Төрағасы Ғиззат Байтұрсынов, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Төрағасының орынбасары Юлия Овечкина, Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Әділ Құсманов және өзге де резервшілер өздерінің іріктеуге қатысу тәжірибелерімен бөлісіп, жоба талантты жастар үшін әлеуметтік лифт және мемлекеттік қызметте өз әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік екенін  атап өтті.

Іс-шараға қатысқан жас мамандар іріктеу мәселелері, іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға қатысты сұрақтар қойды.

Атап өту керек, бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге қатысуға жалпы 60 мыңнан астам қазақстандықтар қызығушылық танытты. Іріктеулер қорытындысы бойынша резервке 400 адам қабылданды. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

Резервшілердің 167 – орталық мемлекеттік органдарда, 37 – жергілікті атқарушы органдарда, 62 – ұлттық компанияларда, 52 – өзге ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ 39 резервші саяси лауазымдарда, 3 – «А» корпусының лауазымдарында, 2 – Мәжіліс депутаты, 1 – мәслихат депутаты болып қызмет етуде.

Барлығы
06
Май
Мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың монетарлық емес жолдары

Бүгін Даму күнінде «Экономист+» пікірталас клубының «Мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың монетарлық емес жолдары» тақырыбындағы қорытынды сараптамалық отырыс өтті. Шара мемлекеттік қызметтегі ақшалай емес мотивация жүйесін жетілдіру бойынша өзекті тәсілдер мен ұсыныстарды талқылауға арналды. Талқылауда Ұлттық Корпоративтік басқару академиясының басқарушы директоры Қазыбаев Айдар мен зерттеуші, жеке тиімділік жөніндегі сарапшы Ботагөз Бұралқиева дәріс оқып, өз тәжірбиелерімен бөлісті.

Отырыстың мақсаты – ішкі мотивациялық механизмдерді дамыту, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызмет жүйесінде қолданылуының институционалдық және нормативтік негіздерін қалыптастыру.Ботагөз Бұралкиева мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың монетарлық емес жолдарындағы зерттеулерінің нәтижелері мен мемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған практикалық ұсыныстарын ұсынды.

Сарапшылардың баяндамаларынан кейін қатысушылар фокус-топтар форматында белсенді пікір алмасып, ақшалай емес мотивация тетіктерін институционализациялау және ілгерілету бойынша ұсыныстар әзірледі.

Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері – Үсенова Г., Абданбеков А., Нұрмағамбетов Д., сондай-ақ адами ресурстарды басқару бағдарламасының магистранттары белсене қатысып, нақты ұсыныстар мен бастамаларымен бөлісті. Қорытынды сөзінде профессор Алтай Болтайханұлы бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды және мемлекеттік органдарға арналған ұсыныстарды нақтылауды айтты. Профессор талқыланып отырған мәселенің мемлекеттік қызмет жүйесінде реформалаудағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

Отырыс соңында қатысушыларға профессор Дуламбаева Р., Джумабаев С.А, Кусаинова Л.И, Нұрмағамбетов Д. және т.б. авторлығымен шыққан монографиялар мен оқулықтар табысталды.

Барлығы
06
Май
Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам Академияда қонақ дәріс өткізді

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қонақ дәріс өткізді.

То Лам мырза мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан мен Вьетнам арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ Вьетнамның көлік-логистикалық әлеуеті, сыртқы сауда айналымы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім және ғылым саласындағы жетістіктеріне тоқталды.

Сөз соңында Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың көкжиегі кеңейе түсетініне және Қазақстанның Мемлекеттік басқару академиясы Вьетнамның жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыс орнатанына сенім білдірді. Атап өтейік, келесі айда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толады.

То Лам мырзаның қонақ дәрісіне Вьетнамның ресми делегациясы, оның ішінде Вьетнамның министрлері, жоғары лауазымды тұлғалары, Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев және БАҚ өкілдері, Академия магистранттары, докторанттары, сондай-ақ қызметкерлері қатысты.

Барлығы
03
Май
«Салауатты өмір – саналы таңдау» Спартакиадасы

Бүгін елордада «Салауатты өмір – саналы таңдау» Спартакиадасы өтті. Жыл сайын өткізілетін спорттық шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Академияның қызметкерлері, білім алушылары және түлектері қатысты. Әр команда мини футбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен жарысты. Шара мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Мини футболдан:

I орын – Мемлекеттік қызмет істер агенттігі

II орын – «Алаш» командасы (Академия филиалы құрамасы)

III орынды – «Ынтымақ» командасы (Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің модульдік бағдарлама бойынша оқитын магистранттары) иеленді.

 

«Үздік шабуылшы» – Керейбаев Азамат

«Үздік қақпашы» – Қаженбаев Аманжол

«Үздік ойыншы» – Жансейтов Азамат

 

Волейболдан:

I орын – МРР-2024 командасы (Мемлекттік саясаттың ұлттық мектебінің магистранттары)

II орын – Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері

III орынды – Академия түлектерінің құрама командасы

 

«Үздік ойыншы» – Есенгалиев Жарас

«Үздік шабуылшы» – Сарманов Асет

 

Үстел теннисінен ЕРЛЕР арасында:

I орын – Алипбеков Алибек Жаксылыкович (Академия түлегі, МРР-2022)

II орын – Жаров Ержан Каирович (Академияның Ақмола обл. бойынша филиал директоры)

III орынды – Нурлан Эрик (Академия түлегі, МРР-2021) иеленді.

 

Үстел теннисінен ҚЫЗДАР арасында:

I орын – Қаппар Әсем (Академия түлегі, МЕ-2021)

II орын – Садықова Айдана (Мемлекеттік қызмет істері агенттігі)

III орынды – Жахметова Айнура (Академияның МСҰМ қызметкері) иеленді.

Спорттық шараға қатысушыларға алғыс білдіріп, жеңіске жеткен командаларды құттықтаймыз!

 

Барлығы
02
Май
Көпшілік алдында сөйлеу

Академияда Даму күнінде «Өзгерістер кеңсесі» жобасы аясында Президенттік Академия түлектерінің альянсы адам мінез-құлқын және оның шешім қабылдау процесін тереңірек түсінуге арналған іс-шаралар өткізді. Шара барысында психолог, гештальт-кеңесші және дағдарыс жағдайындағы психотерапевт Жанат Баянқызы Абдулова қонақ дәріс оқыды.

Кездесуде спикер профайлинг – адамның сыртқы белгілері мен вербалды емес коммуникациясы арқылы тұлғалық ерекшеліктерін тану әдістері жайлы айтып, адамдардың қасиеттері мен айырмашылықтарын талдады. Қатысушылар адамдардың эмоцияларын қарым-қатынас барысында қалай тануға болатынын зерттеді. Сонымен қатар «Даму күні» аясында Халықаралық мектептің ағылшын тілі мұғалімі, келіссөздер бойынша сарапшы Галима Мауленнің қатысуымен өткен “How do they manipulate us?” тақырыбында Speaking Club өтті.

Аталған шаралар қатысушылардың сыни ойлауларын дамытып, бір-бірімен пікір алмасуға мүмкіндік берді. Бүгін Даму күні аясында «Көпшілік алдында сөйлеу» тақырыбы бойынша практикалық сессия өтті. Сессияны Мичиган Мемлекеттік университетінде (АҚШ) білім алған Коммуникация саласының магистрі Дана Ғазиз жүргізді. Медиа-студияда өткен тренингке Академия қызметкерлері, магистранттары және докторанттары қатысты.

Сессия барысында көпшілік алдында дұрыс сөйлеуді үйрену және жоспарлау, ойын сенімді жеткізу, тыңдаушының белсенділігін арттыру жолдары талқыланды. Теориялық негіздермен қатар, практикалық жаттығулар мен ойындар өткізілді. Көпшілік алдында сөйлеуге деген қорқынышты жеңуге көмектесетін қарапайым тәсілдер де талқыланды.

Академияның Қоғаммен байланыс секторының Коммуникация жөніндегі бас сарапшысы Дана Ғазиз бұл дағдылар тек оқу процесінде ғана емес, күнделікті өмірде, қызмет бабында және кез келген жағдайда ойыңды дұрыс жеткізу үшін де өте маңызды екенін атап өтті. Магистрлік жұмыстарын қорғауға дайындалып жүрген білім алушылар үшін мұндай практикалық жаттығулар – нағыз тәжірибе алаңы.

Барлығы
25
Апрель
Даму күндеріне шолу

2025 жылғы 25 сәуірде Даму күні аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызметкерлер мен тыңдаушылар үшін «Өзгерістер кеңсесі» жобасы шеңберінде Түлектер альянсы ұйымдастырған Speaking Club іс-шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіби және тұлғалық даму үшін маңызды болып табылатын soft және self дағдыларын дамыту. Қатысушылар коммуникативтік қабілеттер, эмоционалды интеллект, өзін-өзі таныта білу және командада тиімді жұмыс істеу сынды заманауи құзыреттер бойынша білімдерін тереңдетті.

Спикер ретінде Академия түлегі, Халықаралық мектептің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы және келіссөздер жүргізу саласындағы сарапшы Ғалима Маулен шақырылды. Өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісе отырып, спикер қатысушыларды түрлі интерактивті тапсырмаларға тартып, өз-өзіне сенімділік пен көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған практикалық жаттығулар өткізді. Іс-шара ағылшын тілін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар қатысушылар үшін кәсіби әрі тұлғалық өсуге серпін беретін шабыт көзіне айналды. Бүгін Академия қабырғасында «Даму күні» аясында TEZTAP қазақша куизі мен үстел ойындарының негізін қалаушы Дана Дарханқызы қонақ дәрісі өткізді. Кездесу барысында спикер білім алушылар мен қызметкерлерге TEZTAP жобасының дүниеге келу тарихын баяндап, зияткерлік ойындарды қазақ тілінде дамытуға бағытталған мақсаттарымен, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

«Бүгінде куиз – кең тараған зияткерлік ойын түрлерінің бірі. Алайда, өкінішке қарай, олардың басым бөлігі мемлекеттік тілде өткізілмейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында  2021 жылы алғаш рет TEZTAP жобасын ұйымдастырдым.  Ойын арқылы қазақ тілін қолдау мен ұлттық рухты жандандыруды басты бағыт етіп алдым» — деді Дана Дарханқызы. «Куиз – тек ойын ғана емес, ол – қаланың интеллектуалды әлеуетін дамытатын алаң», – дейді спикер. Оның айтуынша, мұндай ойындар қоғамда қазақша ойлау қабілетін шыңдауға және жаңа зияткерлік ортаны қалыптастыруға жол ашады. Бүгінгі таңда TEZTAP қазақша куиздері еліміздің 8 ірі қаласында, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында апта сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қатысушылар саны да артып, бүгінде 33 400-ден астам ойыншыны қамтып отыр. Кездесу соңында шағын зияткерлік куиз ұйымдастырылып, қатысушылар өз білімдерін сынап, шынайы ойын атмосферасын сезіне алды.

Бүгін Академияда Даму күні аясында бірнеше маңызды шара өтті. «Фискалдық және монетарлық саясатты реттеу жөніндегі заманауи көзқарас» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті. Іс-шара экономикалық саясат саласындағы тиімді тәсілдерді нақтылау мақсатында мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық және талдамалық орталықтар өкілдерінің пікір алмасуына арналған маңызды диалог алаңына айналды. Талқылау барысында қатысушылар ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздік, Ұлттық қорды реформалау және мұнай кірістеріне тәуелділікті азайту, салық тәртібін нығайту және мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру, шешімдер салдарын болжау үшін сценарийлік модельдерді қолдану сияқты мәселелерді көтерді. Мазмұнды және аналитикалық баяндамалармен  ҚР Ұлттық Банкі  өкілі Рүстем Оразалин, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өкілі Әдлет Ескендiров,  Экономикалық зерттеулер институтынан Сара Алпысбаева, Экономикалық модельдеуді дамыту орталығынан Ақбөбек Ахмедьярова сондай-ақ өзге де сарапшылар сөз сөйледі.

Сонымен қатар Дипломатия институтының директоры Волков Алексей Юрьевич дәріс оқыды. Шараға Академия қызметкерлері, магистранттары мен докторанттары қатысты. «Даму күнінің» кезекті қонағы – ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы өзін-өзі реттейтін ұйымның президенті Салтанат Жақсылыққызы Әбдікәрімова. Кездесу «Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылына» орай және Академияда жүзеге асып жатқан «Өзгерістер кеңсесі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Спикер «Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп: қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелер мен шешу жолдарын кеңінен талқылады. Кездесу барысында отандық брендтердің дамуы, тігін өндірісінің әлеуеті, кадрлық қамтамасыз ету және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.

Барлығы
18
Апрель
Америка архивтеріндегі қазаққа қатысты деректер

Бүгін Академияда «Даму күні» аясында ұйымдастырылған кездесуге ақын, журналист, «Болашақ» стипендиаты Дүйсенәлі Әлімақын шақырылды. Зерттеуші білім алушылар мен қызметкерлерге АҚШ-тың Вашингтон университетінде тәжірибеден өтіп, сондағы архивтерде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Ақын өз сөзінде АҚШ кітапханалары мен архивтерінде сақталған, қазақ халқына қатысты тың тарихи деректер мен сирек суреттер туралы айтты. Оның айтуынша, қазақ жеріне арнайы сапармен келген еуропалық саяхатшылар мен зерттеушілердің жазбаларында халқымыздың болмысы, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті нақты сипатталған. Көпшілік назарына ұсынылған деректер арасында еліміздің архивтерінен кездесе бермейтін фотосуреттер де бар. Мәселен, Жамбыл Жабаевтың бұрын беймәлім суреті мен комбайн айдап тұрған қазақ қызының фотосы қатысушылар көңілінде терең әсер қалдырды.

Дәріс барысында Дүйсенәлі Әлімақын жақында жарық көрген «Америка ашқан қазақтар» атты тарихи-танымдық кітабын таныстырды. Бұл еңбек АҚШ-тың ұлттық кітапханалары мен архивтерінен жинақталған тарихи фотоқұжаттар мен жазбаларға негізделген. Онда сол дәуірдегі америкалық ғалымдар мен саяхатшылардың қазақ елі туралы этнографиялық жазбалары мен көрген-түйгендері қамтылған. Зерттеуші бұл тақырыппен 2018 жылдан бері айналысып келетінін айтты. «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде де, кейін «Егемен Қазақстанда» қызмет еткенде де зерттеуін жалғастырған. Ақын өз сөзінде АҚШ-тың Конгресс кітапханасы, Принстон университеті мен Сиэтлдегі архивтерден құнды деректерді жинақтағанын атап өтті.

Кездесу соңында Академия магистранттары мен докторанттары журналистке сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасу болды. Тың деректермен сусындаған қатысушылар зерттеушіге алғыс айтып, кітабына қолтаңба алды. Ақынның еңбегі – тарихымыздың ұмыт қалған парақтарын қайта сөйлеткен маңызды қадам.

Даму күні аясында «Жобалық менеджмент: алғашқы қадам (Жобалық менеджер үшін қандай дағдылар маңызды)» тақырыбында тренинг өтті. Тренингті Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты, PMI стандарттары бойынша жобалық басқару сарапшысы Диназат Касымова жүргізді. Қатысушылар жобалық менеджменттің негізгі қағидаларымен танысып, жобалық топты тиімді басқару мен оларға мотивация беру үшін қажетті дағдылар туралы ақпарат алды. Сондай-ақ Академия білім алушылары PMI стандарттарымен, PMBoK бойынша білім салалары және процестерімен танысып, жобаны сәтті жүзеге асыру үшін Жоба жарғысын әзірлеумен айналысты.

Академия қабырғасында сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін аса өзекті тақырып – «Мемлекеттік қызметтегі бренд: сенім мен беделді қалыптастыру» атты тренинг өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған кездесу аясында Академияның магистранттары мен докторанттары тәжірибелі PR маманнан құнды кеңестер алды. Спикер ретінде «QazTrade» сыртқы сауданы қолдау жөніндегі ұлттық операторының PR директоры Назерке Бастами шақырылды. Кәсіби маман тыңдаушылармен жеке бренд қалыптастырудың маңызы, тиімді әдіс-тәсілдері, аудиториямен жұмыс істеу тетіктері туралы ой бөлісті. Сонымен қатар қатысушылар спикерге тікелей сауалдарын қойып, нақты жауаптар мен тәжірибелік ұсыныстар ала алды.

Мемлекеттік қызметте жеке бренд — тек имидж емес, сонымен қатар қоғам сенімін қалыптастыратын маңызды құрал. Кездесу тыңдаушылар үшін танымды әрі мотивациялық әсер қалдырды.

Барлығы
15
Апрель
Академия мен Әділет академиясы Меморандумға қол қойды

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Әділет академиясы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Құжаттың басты мақсаты – кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен зерттеу және білім беру жобаларын жүзеге асыру арқылы серіктестікті одан әрі дамыту.

Тараптар конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, оқытушылар мен сарапшыларды өзара тарту жөнінде уағдаласты. Бұл бастама мемлекеттік басқару мен сот жүйесі саласындағы кадрлық әлеуетті күшейтуге жол ашады.

Барлығы
15
Апрель
Академия білім алушылары Сенатта Парламенттік тыңдауларға қатысты

Академияның «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан магистранттар мен докторанттар көшпелі дәріс аясында ҚР Парламенті Сенатында өткен Парламенттік тыңдауға қатысты.

Парламенттік тыңдауға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізді. Ол өз сөзінде кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі тек құқық саласына ғана емес, қоғам мен мемлекеттің барлық саласына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған адами капиталды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту және жаңа форматтағы мамандарды даярлау сынды маңызды міндеттерге назар аударды.

Тыңдауда баяндама жасағандардың қатарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, саланың танымал ғалымдары Зәуреш Баймолдина мен Исидор Борчашвили, сондай-ақ елдегі ірі жоғары оқу орындарының ректорлары мен сарапшылар болды.

Академия магистранттары мен докторанттары үшін бұл тәжірибелік форматтағы кездесу – мемлекеттік басқару мен өңірлік даму саласындағы білімдерін нақты мысалдармен толықтырып, кәсіби көзқарастарын қалыптастыруда маңызды қадам.

Көшпелі дәрісті ұйымдастырған – Басқару институты профессорының м.а., физика-математика ғылымдарының кандидаты Мамытбеков Едил Қуламқадырович.

Барлығы
11
Апрель
Сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтар

Бүгін Академияда Даму күні аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы

Өтемісов Шафхаттың қонақ дәрісі өтті. Дәріс барысында Шафхат Әнесұлы Қазақстанның демократиялық даму бағытын жалғастыру аясында сайлау жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.

Сондай-ақ саладағы реформалар туралы толыққанды ақпарат берді.

«Бұл өзгерістер елдегі саяси үдерістердің ашықтығы мен әділдігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған»,

– деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы өз сөзінде.

 

Сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтар:

  • Бір адам тек бір рет қана Президент болып сайлана алады. Бұл биліктің ауысуын қамтамасыз ететін, саяси жүйені жаңартуға бағытталған маңызды қадам.
  • Аудан әкімдерін халықтың тікелей сайлауы енгізіледі. Бұл жергілікті басқарудың ашықтығын арттырып, тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтады.
  • Қоғамдық ұйымдарды байқаушы ретінде тіркеу тәртібі жеңілдетіледі. Бұл сайлаудың әділ өтуіне және азаматтық бақылаудың күшеюіне жол ашады.
  • Сайлау үдерісіне шетелдік күштердің ықпал етуіне тыйым салынады.
  • Аумақтық және аудандық сайлау комиссияларының қызметі кәсібилендіріледі.
  • Әлеуметтік желілердегі үгіт-насихат жұмыстары арнайы платформалар арқылы жүргізіліп, жалған ақпарат таралуының алдын алу көзделген.

Академияда «Даму күні» аясында Миколас Ромерис университетінің (Литва) орнықты даму жөніндегі вице-ректорының кеңесшісі, Климаттық пакт жөніндегі Еуропалық комиссиясының елшісі Номеда Гуделиене қонақ дәріс өткізді. Доктор Номеда Гуделиене «Жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық» тақырыбында дәріс оқыды. Спикер Миколас Ромерис университеті мен БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатын (ТДМ) іске асыру жөніндегі жергілікті атқарушы билік органдарының тәжірбиесімен бөлісті. Академияның Вице-ректоры Әлия Рмғазықызы Қазақстан үшін де айтылған тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.

Айта кетсек, Академияда тұрақты даму бойынша курстар енгізілді. Елімізде ТДМ-ға қол жеткізу ұлттық басымдық болып табылады және Үкімет тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ Академия – Эрасмус+ «Орта Азия елдеріндегі білім беру және жұмыспен қамту секторларындағы қоршаған орта мәселелерін, әлеуметтік қажеттілік және тиімді басқару принциптерін біріктіру» жобасының қатысушысы.

Барлығы
11
Апрель
Академия журналы «Scilit» (Швейцария) халықаралық ғылыми деректер базасына енді

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» ғылыми журналы Scilit (Швейцария) халықаралық ғылыми басылымдардың беделді базасына енді.

Швейцариялық MDPI AG баспасы әзірлеген Scilit – 175 миллионнан астам ғылыми жарияланымды, соның ішінде 39 миллионнан астам ашық қолжетімді мақаланы жинақтайтын ірі платформа.

CrossRef және PubMed деректерін күнделікті жаңартудың арқасында Scilit өзекті және тексерілген ғылыми ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Scilit-тегі журналға сілтеме: https://www.scilit.com/sources/31120.

Scilit базасына ену журналдың әлемдік ғылыми қоғамдастықта дәйексөзділігін және танымалдылығын арттырудағы тағы бір қадам.

Бұл ену журналдың халықаралық көрінісін, дәйексөзділігін және дүние жүзіндегі зерттеушілер үшін қолжетімділігін едәуір кеңейтеді.

«Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» ғылыми журналына сілтеме: https://journal.apa.kz/index.php/path/index

Барлығы
04
Апрель
Тиімді комплаенс-бақылау: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің озық әдістері мен стратегиялары

3 сәуірде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академисыя ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен және AML Academy-мен бірлесіп «Тиімді комплаенс-бақылау: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің озық әдістері мен стратегиялары» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шараның мақсаты – комплаенс қызметі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент саласындағы үздік тәжірибелерді, заманауи тәсілдерді және халықаралық стандарттарды талқылау, сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектор өкілдері арасындағы тиімді диалогты дамыту.

Семинарда Академияның, ҚР Құқық қорғау органдары академиясының, AML Academy-нің сарапшылары мен шетелдік жетекші мамандар сөз сөйледі. Қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау, оларды басқару және азайту, заңнамалық өзгерістердің корпоративтік басқаруға әсері жөніндегі мәселелерді жан-жақты талқылады.

Семинарға 150-ден астам комплаенс-маман, ұйым басшылары қатысты. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты күресте бірлескен күш-жігердің айқын көрінісі.

Естеріңізге сала кетейік, Академия сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін (ISO 37001:2016) енгізу бойынша қызмет көрсететін алғашқы мемлекеттік ұйым болып табылады және 2020 жылдан бері бұл бағыттағы жұмыстарды сәтті жүргізіп келеді. Сонымен қатар ҚР 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына сәйкес, Академия елдегі парасаттылық мәдениетін дамытуға, квазимемлекеттік және жеке секторда комплаенс стандарттарын ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді.

Барлығы
04
Апрель
Академияда шекаралық аумақтарды дамыту мәселесі талқыланды

3 сәуірде Даму күні аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Бияхметұлы Саиров Академия магистранттары және докторанттарымен кездесті. Ерекше форматта өткен жиында маңызды тақырып – шекаралық аумақтарды дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.

Депутат шекара шебіндегі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып, бұл өңірлердің стратегиялық маңызына ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, шекаралық аудандарды қолдау үшін арнайы құқықтық құжат қабылдау – уақыт талабы. Себебі егер бұл бағытта нақты қадамдар жасалмаса, шекара бойындағы халықтың көшіп кету үрдісі жалғаса бермек.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, депутат тарапынан нақты әрі тұшымды жауаптар берілді. Еркін форматтағы пікір алмасу білім алушыларға елдік деңгейдегі мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік берді.

Ерлан Бияхметұлы білім алушылардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, алдағы уақытта оларды Парламент деңгейінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар ел болашағына бейжай қарамайтын жас буынға ризашылығын білдірді. Кездесуді қорытындылаған Академияның вице-ректоры Эльмира Нұрланқызы Оразалина халық қалаулысына мазмұнды кездесуге алғыс айтып, қызметіне толағай табыс тіледі.

Мұндай кездесулер – Академияның қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, мемлекеттік басқарушылардың көзқарасын қалыптастырудағы маңызды қадамдарының бірі.

Барлығы
03
Апрель
Мемлекеттік басқару академиясына оқуға құжат қабылдау басталды

Құрметті үміткерлер!

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламаларына құжаттарды қабылдау 2025 жылдың 1 сәуірінде басталып, 25 маусымына дейін жалғасатынын хабарлаймыз!

Құжаттар Академияның admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданады.

Магистратураның білім беру бағдарламалары:

«MPA – Мемлекеттік басқару»;

«MPP – Мемлекеттік саясат»;

«MHRM – Адам ресурстарын басқару»;

«MRD – Өңірлік даму»;

«ME – Экономика»;

«MDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару»;

«MIR – Халықаралық қатынастар»;

«ЕМРА – Мемлекеттік басқару» (модульдік оқыту қағидаты бойынша);

«MRDm – Өңірлік даму» (модульдік оқыту қағидаты бойынша).

 

Докторантураның білім беру бағдарламалары:

«DPA – Мемлекеттік басқару»;

«DIR – Халықаралық қатынастар»;

«DE – Экономика».

 

Кәсіби және жеке дамуға мүмкіндік беретін академиялық ортаның мүшесі болуға шақырамыз!

 

Білім беру бағдарламалары, қабылдау шарттары және құжаттар туралы қосымша ақпаратты www.apa.kz Академия сайтынан немесе төменде көрсетілген контактілер арқылы біле аласыз: +7 7172 75 33 95, +7 7172 75 31 62, +7 7172 75 34 43.

Іріктеу кезеңдерінен сәтті өтулеріңізге тілектеспіз!

 

 

 

Барлығы
31
Март
Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызметте ұстап қалу

28-31 наурыз күндері Академия ректоры Азамат Жолманов ҚР МҚІА делегациясымен бірге АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Американдық мемлекеттік басқару қауымдастығының (ASPA) жыл сайынғы конференциясына қатысты.

Биылғы конференция «Әлі роботтар емес: мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызметте ұстап қалу» тақырыбына арналды. Іс-шарада мемлекеттік қызметте заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану жолдары, мүмкіндіктері және тәуекелдері талқыланды.

Астана мемлекеттік қызмет хабы ұйымдастырған панельдік сессияда ректор мемлекеттік қызметшілердің мотивациясын арттыруда цифрлық жетістіктердің рөлі туралы тәжірибесімен бөлісті. Ол кадрлық процестерді оңтайландыру мақсатында жасанды интеллект үлгілерін әзірлеу және сынауға арналған Жасанды интеллект лаборатория құрылуы, сондай-ақ «Цифрлық мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратураның ашылуын атап өтті.

Сонымен қатар ректор «eQyzmet» пен Бірыңғай кадр жүйелерінің мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталды.

Барлығы

Your browser does not support SVGs