Академия
жаңалықтары

01
Декабрь
III Ұлттық ректорлар мектебі

1-3 желтоқсан аралығында Академия қызметкерлері III Ұлттық ректорлар мектебі жобасы аясында «Университеттердің жаңа модельдері. Version 5.0.» тақырыбындағы семинарға қатысты.

Шара барысында жоғары білім беруді дамыту мәселелері, жаһандану жағдайында жоғары оқу орындарын басқару мен құрудың жаңа тәсілдері талқыланды.

Семинарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, проректорлары, жоғары білім беру саласындағы сарапшылар қатысты.

Барлығы
01
Декабрь
«Даму күні» аясында өткен шараларға шолу

«Даму күні» аясында Академияда «Дода» зияткерлік ойынының ІІ кезеңі өтті. Тілдік құзыреттілікті дамыту кабинетінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа (Басқару институтының «МРР-22» (2 курс) және «MHRM-23», «МRD-23» (1 курс) мамандығы магистранттарынан құралған) «Тұран» және «Жалын» командалары қатысты. Ойынды Басқару институты «Өңірлік даму – 23» мамандығының магистранты Нұрберген Бекеев жүргізді. Қатысушылардың ойынына Дипломатия институтының ассистенті Бауыржан Бағлай және Басқару институтының магистранты Анар Қалимұратова төреші болды. Нәтижесінде тапқырлықтары мен білімдері басымырақ болған «Жалын» командасы ойынның жеңімпазы атанды. Жеңімпаз команда келесі ІІІ ақтық кезеңде «Ұшқын» командасымен «білім додасына» түсетін болады.

ЭКОНОМИСТ+ «ӨЗЕКТІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР»  тақырыбында  Қазақстандық әлеуметтік зерттеулер институтының атқарушы директоры Азиз Ержанұлы Искаковпен және орынбасары, Ұлттық инновациялар және кәсіпкерлік орталығының жетекші ғылыми қызметкері Дана Акылбекқвзв Ешимовамен кездесу өтті.

Профессор-оқытушылар құрамына арналған «Эссе және policy brief жазудағы әдіснамалық тәсілдер» тақырыбында кезекті әдістемелік семинар өткізілді. Семинар барысында профессорлар Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі профессорының м.а. С.А. Джаненова және  Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің доценті Г.А. Мақұлбаева сабақ жүргізгенде қолданатын өз тәжірибелерімен және әдіснамалық тәсілдерімен бөлісті, атап айтқанда: аssessment rubric, structure of the essay, feedback to students, content organization, critical thinking, grammar, format, citation style (in-text, references). Семинар сабақ өткізу барысында әдістемелік және тәжірибелік тәсілдерді қолдану бойынша тәжірибе алмасу, оқытудың сапасын жақсарту, оның деңгейін көтеру үшін халықаралық тәжірибені пайдалану және оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу мақсатында ұйымдастырылды.

A to Z Decisions Қазақстан бас директоры Зулпат Азиева онлайн форматта «ИННОВАЦИЯЛАРДЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ISO 56002-мен ТАНЫСТЫРУ» тақырыбында дәріс оқыды.

Академияға Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин келіп, магистранттармен және докторанттармен спорттағы қалыптасу жолымен, тәжірибесімен бөлісті.

Басқару институтының докторанты Ерболат Мұхтарұлының ұйымдастыруымен НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН? интеллектуалды ойыны өтті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Астана қаласы      департаментінің превенция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Алмагүл Ерсінқызы Кемелбаева «СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ» тақырыбында білім алушыларға дәріс оқыды.

Ақтөбе облысы бойынша Академия филиалының профессоры Раушан Әкімгерейқызы Есберген «ЖОБАДАН КЕЙІНГІ ҚЫЗМЕТ» тақырыбында онлайн форматта дәріс өткізді.

 

Барлығы
01
Декабрь
Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің жаңа директоры тағайындалды

2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры лауазымына Талгат Жәрдемқұлұлы Жақиянов тағайындалды.

Талғат Жәрдемқұлұлы Академия ұжымында 2011–2016 жылдар аралығында қызмет етіп, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының сарапшысы, ғылыми қызметкері, жетекші ғылыми қызметкері болып еңбек еткен.

Ал осы уақытқа дейін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің директоры қызметін атқарған.

Талғат мырза, Академиядағы жаңа қызметіңізге мол табыс, береке тілейміз!  Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің деңгейін көтеру жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!

 

Барлығы
30
Ноябрь
Ректор жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды

Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды.

Сапар барысында ректор Жамбыл облысы әкімі аппараты бөлімдерінің және басқарма басшыларының қатысуымен ұйымдастырылған «Жобалық менеджмент – қазіргі заманғы басқару тренді» тақырыбындағы семинарға қатысты. Семинар барысында Ерлан Қуанышұлы Академияда атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңашылдықтар туралы баяндады, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Академияға магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға түсу талаптарына тоқталды.

Сонымен қатар ректор Жамбыл облысы мәслихатының депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында әңгіме депутаттардың біліктілігін арттырудың тәртібі мен маңыздылығы тақырыбында өрбіді.

Кездесуден кейін Ерлан Қуанышұлы Академияның Жамбыл облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметшілерге арнап ашылған ғылыми және қолданбалы ізденістер орталығымен, психология кабинетімен және медиа студиямен танысты. Жамбыл облысының мемлекеттік органдарында қызмет етіп жүрген Академияның әр жылдардағы түлектерімен сұхбаттасты. Медиа студияның жұмысымен танысу барысында Академия ректоры журналистерге сұхбат берді.

Жұмыс сапарының соңында Ерлан Қуанышұлы филилал қызметкерлерімен кездесіп, Академияның алдында тұрған мақсаттары, оларды орындау жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып, филиал қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Барлығы
30
Ноябрь
Академияда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің өкілдерімен кездесу

Бүгін Академияда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуге Академия тарапынан Корпоративтік және қаржылық қызмет жөніндегі вице-ректор Ұлан Бекіш, Академиялық қызмет жөніндегі вице-ректор Маргарита Қадырова және қызметкерлер қатысты.

Кездесуде мемлекеттік қызметшілерге арналған бірқатар білім беру бағдарламалары, біліктілікті арттыру семинарларын әзірлеу және енгізу бойынша жоспарлар талқыланды. Сондай-ақ қос дипломды бағдарламалар, тиімді шешім қабылдауға мамандандырылған арнайы модульдер, ақпараттық технологиялар және цифрландыруды назарға ала отыра саясатты әзірлеу дағдыларын арттыру бойынша шаралар қарастырылды.

Бағдарламаларды Сеул ұлттық университетінің (Оңтүстік Корея) Мемлекеттік басқару жоғары мектебімен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарымен бірлесіп іске асыру жоспарлануда.

 

Барлығы
28
Ноябрь
Ректор ресми іссапармен Қызылорда облысында

Бүгін Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл ресми іссапармен Қызылорда қаласына барды.

Іссапар барысында ректор Академияның Қызылорда облысы бойынша филиалының ғимаратын аралап, қызметкерлерімен пікір алмасты.

Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевпен кездесіп, мемлекеттік қызметшілерді қолдау, мемлекеттік қызметтің әлеуетін арттыру шараларын, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттіліктерін дамыту, шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыру, өңірлік резерв құру және т.б. мәселелерді талқылады.

Академия ректоры Сыр елінде жас мемлекеттік қызметшілердің «Парасат жолы» облыстық слетіне қатысып, Академияның қызметі, өңірлік резервті қалыптастыру үшін құзыреттерді бағалайтын ассесмент қызметінің қыр-сыры, магистратура және докторантура бағдарламаларына оқуға түсу мәселелері бойынша ақпарат берді. Одан бөлек, мемлекеттік қызмет туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты. Слетке қатысқан жас мемлекеттік қызметшілердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.

Іссапар аясында ректор Қызылорда облыстық телеарнасына сұхбат берді.

 

Барлығы
27
Ноябрь
Ректор іссапармен Алматы және Қонаев қалаларына барды

Бүгін Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл ресми іссапармен Алматы қаласы мен Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына барды.

Іссапар барысында ректор Академияның Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалдарының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаменттерінің қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында Алматы облысы бойынша филиалының жаңадан тағайындалған директоры Абызбаев Бағдаулет Ермаханұлын таныстырды.

Сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевпен кездесіп,  кәсіби мемлекеттік аппаратты құру және тиімді мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастыру жолында бірлескен жобаларды іске асыру, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттіліктерін дамыту, шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыру, өңірлік резерв құру және т.б. мәселелерді талқылады.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ляззат Мұқатайқызы Бейсеқұлованың және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Абзалұлы Жақыповтың қатысуымен облыстың жас мемлекеттік қызметшілерімен және Академия түлектерімен кездесу өткізіп, мемлекеттік қызмет туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты. Одан бөлек, Академияның қызметі, магистратура және докторантура бағдарламаларына оқуға түсу мәселелері бойынша ақпарат берді.

Сонымен қатар ректор Академияның Алматы облысы бойынша филиалының ғимаратымен және қызметімен танысты.

 

Барлығы
27
Ноябрь
Академияның Алматы облысы бойынша филиалына жаңа директор тағайындалды

Бүгін Академияның Алматы облысы бойынша филиалына жаңа директор тағайындалды. Бақдәулет  Ермаханұлы Абызбаев – техника ғылымдарының және экономика ғылымдарының магистрі. Әр жылдары Алматы темір жол көлігі колледжі директорының жаңа инновациалық технологиялар жөніндегі орынбасары,  М.Тынышбаев атындағы ҚазККА «Алматы көлік колледжі» директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан  университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары бойынша проректоры болып жұмыс істеген. Осы уақытқа дейін М.Тынышбаев атындағы ҚазККА «Шымкент көлік колледжінің» директоры қызметін атқарған.

 

Бағдәулет Ермаханұлын Академия ұжымына қосылуымен құттықтаймыз! Алматы облысы филиалының жұмысын дамыту жолында сәттілік тілейміз!

Барлығы
27
Ноябрь
Академия ректоры Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директорымен кездесті

 

24 қарашада Академияға Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Валитханович Тукумов және директордың орынбасары Алуа Серікқызы Жолдыбалина келді.

Кездесуде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға байланысты стратегиялық мәселелер талқыланды. Екі мекеме арасында бірлескен жобаларды, ғылыми конференцияларды өткізу мәселелері, сондай-ақ еліміздегі өзекті тақырыптар бойынша докторлық және магистрлік зерттеулерді ілгерілету үшін бірлесе жұмыс істеу мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының стратегиялық дамуының өзекті мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарына қатысу мәселелері атап өтілді.

Академия мен Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға 2023 жылғы 9 қазанда қол қойылған болатын. Екі жақты келісімнің мақсаты – бірлесе ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру, зерттеудің өзекті бағыттары бойынша заманауи технологиялар мен әдістерді құру және енгізу саласында тәжірибе алмасу, магистранттар мен докторанттарға ғылыми кеңес беру үшін мамандарды тарту, білім алушыларға ғылыми тағылымдамаларды жүзеге асыру болып табылады.

Барлығы
20
Ноябрь
Академияға Пәкістанның мемлекеттік қызметкерлері қонаққа келді

2023 жылдың 20 қараша күні Академияға Пәкістанның мемлекеттік қызметкерлері қонаққа келді. Кездесуде қонақтар Академия қызметімен, тарихымен танысты. Делегация мүшелерімен кездесуге академиялық қызмет жөніндегі вице-ректор Маргарита Қадырова, ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректор Әлия Масалимова қатысты.

Қолданбалы зерттеулер институтының директоры Айгүл Көшербаева «Қазақстандағы мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» тақырыбында дәріс өткізді. Шетелдік қонақтар Академия басшылығына қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді.

Мемлекеттік басқару академиясымен танысқанда мемлекеттік қызметшілерді оқытатынын білдік. Алдағы уақытта сіздермен байланыста болғымыз келеді. Сіздерге көп рақмет», – деді Afaqi Mian Muhammad Jamil.

 

 

Барлығы
10
Ноябрь
Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің дамуы

10 қарашада Академияда «Даму күні» аясында ҚР Қаржы министрлігінің вице-министрі Ержан Біржановпен «Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің дамуы» тақырыбында кездесу өтті. Шараға Академия ректоры, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттары қатысты.

Өз сөзінде вице-министр қаржы жүйесінің дамуы мен қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар спикер  Президентіміздің Жолдауындағы осы саланы реформалау бағытында берген тапсырмаларының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы да аудиторияға толық ақпарат берді. Тыңдаушылар мен оқытушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Академия мен министрлік тарапынан келешекте де мемлекеттік қызметшілердің қаржылық басқару саласындағы біліктілігін арттыру мақсатында осы форматта кездесулерді жалғастырудың өзектілігі айтылды.

Барлығы
10
Ноябрь
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының екінші (республикалық) кезеңіне қатысуға үміткерді іріктеу бойынша ЖОО ішіндегі конкурс аяқталды.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының ЖОО ішіндегі кезеңіне 1 оқытушы қатысты, атап айтқанда: Жансейтов Азамат Толешович –  ғылым магистрі, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру кабинетінің меңгерушісі.

2023 жылғы 9–10 қараша аралығында үміткердің құжаттарын ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сараптамалық тобы қарады. Оқытушылардың сауалнамаларына сараптама жасалды, жүргізілген жұмыстың нәтижелері сараптамалық топтың хаттамасында көрсетілді.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының екінші (республикалық) кезеңіне қатысу үшін үміткерді іріктеу жөніндегі ЖОО ішіндегі комиссия отырысының хаттамасы

Барлығы
10
Ноябрь
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету: мәселелер мен шешу жолдары

 

Бизнес, қоғам, мемлекет – азық-түлік қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі мәселелерін шешу үшін бірлесе жұмыс істейді.

10 қараша күні Академияда дөңгелек үстел өтті. Онда азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері және оны шешу жолдары талқыланды. Дөңгелек үстел «Data Driven Decision Making тұжырымдамасы негізінде жаһандық сын-қатерлер жағдайында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін басқару» АР14871923 ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында өтті (ғылыми жетекшісі профессор Раушан Дуламбаева).

Шақырылған сарапшылар арасында MedHouse Kazakhstan ЖШС директоры, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі С. К. Исабаев (бизнес мүддесі), Астана қоғамдық кеңесінің ақпараттық-талдау жұмысы мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшесі, «Бизнес, қоғам және мемлекет байланыстары жөніндегі қауымдастық» ЗТБ президенті А.Д. Өтеуова (халық мүддесі), ҚР АШМ агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті басқармасының басшысы С.К. Камзина және оның орынбасары С.К. Жұрынова сөйлеген сөздері тыңдаушылар арасында қызығушылық тудырды. Азық-түлік қауіпсіздігінің физикалық және экономикалық қолжетімділігі, отандық азық-түлік тауарларының сапасын арттыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен (ӘМАТ) қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жаңа саясатты қалыптастыру, бизнесті қолдау бағдарламаларын сүйемелдеудің бизнес-процестерін жетілдіру және т. б. өзекті мәселелер көтерілді.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында 2 курс магистранттары Н. Хатипова, Ж. Халиуллин, Ж. Жақсыбекова  баяндама жасады. MRD, МРР білім беру бағдарламаларының 1 курс магистранттары да белсенді қатысты. Жиында Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша көптеген ұсыныстар айтылды.

Кездесуде көтерілген өзекті мәселелер:

– ӘМАТ және әлеуметтік осал Халықты немесе бүкіл халықты қолдау, мемлекеттік саясат қандай болуы керек?

– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын реттеу және оған 15% үстемеақыны бақылау қажеттілігі бар ма, әлде бағаны реттеудің нарықтық тетігі әлі де тиімді ме? Азық-түлікті нарықтық бағамен сатып алу үшін халықтың табысын арттыру қажет болуы мүмкін бе?

– Делдалдарды қалай алып тастауға, олардың қызметін төмендетуге болады? Фермер мен азық-түлік сатып алушының арасында байланыс орнату.

– Азық-түлік инфляциясының жоғары себебі неде? Бұл мәселелерді шешуде жүйелік шаралар қажет болуы мүмкін бе? Ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялау қажеттілігі бар ма? Егер бар болса, онда қауіптерді, пайданы, шығындарды ескере отырып, қолдауды іске асыру механизмдерін әзірлеу қажет.

  • Өнім сапасын арттыру факторы ретінде минералды тыңайтқыштар өндірісінің отандық әлеуетінің рөлін арттыру және т.б.

Ғылыми жобаның қатысушылары С.А. Жұмабаев, Л.И. Құсайынова, А.А. Мұсатаева және басқалары өз зерттеулерін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жұмыстың жаңа аспектілерін атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері бойынша талдамалық жазба дайындау бойынша бірлесе жұмыс істеу туралы шешім қабылданды. Кездесу барысында қызу пікірталас болды, барлық қатысушылардың – бизнес өкілдерінің, халықтың, мемлекеттік органдардың ұтымды ұсыныстары айтылды.

 

 

 

Барлығы
08
Ноябрь
Қытай және Орта Азия мемлекеттік басқару академияларының желісі құрылады

Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісін құру жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі хабарлады. 

Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде «Өркениетаралық байланыс және жаһандық даму» тақырыбындағы форум өтіп жатыр. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры Маргарита Қадырова, Академияның Қарағанды облысы филиалының директоры Серікжан Байбосынов, Ақтөбе облысы филиалының директоры Саида Сәдуақасова қатысуда. Сонымен қатар форумға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқармасының басшысы Жұлдыз Байжомартова қатысып жатыр. Форумның ашылу салтанатында Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов баяндама жасады.

Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісі Қытай ұлттық басқару академиясының бастамасымен құрылды. Бұл маңызды шешім Сианьда 2023 жылы мамыр айында Қытай мен Орталық Азияның 5 республикасының басын қосқан Қытай-Орталық Азия саммитінің нәтижесінде қабылданды. Сонымен қатар желінің құрылтайшыларының қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Түрікменстан Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет Академиясы және Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы бар.

Академия вице-ректоры Маргарита Қадырова форумда сөз сөйлеп, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру саласындағы Қазақстан мен Қытай байланысы туралы баяндама жасады.

«Өркениетаралық байланыс және жаһандық даму форумында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қытайдың Ұлттық Басқару Академиясы арасындағы серіктестік туралы, болашақта қолға алынатын ортақ жобаларымыз бен білім бағдарламаларымыз жайлы баяндама жасадым. Сондай-ақ форум аясында көшбасшылықты дамыту және жаңғырту бағытында Қытай және Орта Азия диалогы жүргізілді. Ең басты жаңалық – бүгінгі келіссөздер нәтижесінде  мемлекеттік басқару саласын дамыту мақсатында Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісін құру жөнінде келісімге қол қойылды. Аталған келісім мемлекеттік қызметшілерді оқыту, Академиямен ортақ зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, тренингтер өткізу, жалпы мемлекетті басқару  бағытындағы жобаларды өзара сенім мен сыйластық, ашықтық қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асыруға бағытталған», – деді Маргарита Бөлегенқызы.

Қытайда Басқару академиясы мен Жоғары партия мектебі біріктірілген. Академия ректоры Үкімет басшысының орынбасары болып табылды. Академия Қытай елінің идеялогиясын қалыптастыру мен айқындауда басты қызмет атқарады. 20 млн жуық мемлекеттік және партия қызметкерлері мен ірі мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру – осы жоғары оқу орнының тікелей міндеті.

Барлығы
08
Ноябрь
ЕҰУ студенттері Мемлекеттік басқару академиясының қызметімен танысты

Бүгін Еуразия ұлттық университеті Заң факультетінің студенттері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қонақта болды.

Жастарды Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл қарсы алып, оқу ордасының негізгі бағыттарымен, қызметімен, құндылықтарымен таныстырды. Болашақта Академияда магистратурада кәсіби білімін жетілдіргісі келетін студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Кәсіби даму институтының директоры Зухра Қарамалаева мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырса, Білім алушылар мен түлектерді қабылдау және қолдау секторының бас сарапшысы Қарлығаш Шәкірқызы оқуға қабылдау процесі туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ Білім беру қызметінің сапа секторы меңгерушісі Шырын Сисенғалиева Академиядағы оқу процесі, тағылымдамадан өту жолдары жайында айтып берді. Қоғаммен байланыс секторының меңгерушісі Аяжан Мадибекова Академия ғимаратын таныстырып, Қазақстан Республикасының Парламенті болған залдарды, тарихи орындарды көрсетті. Ақпараттық-ресурстық сектордың бас сарапшысы Ақмарал  Қасымбекова мұражайдағы тарихи құжаттармен таныстырса, Ақпараттық-ресурстық сектор меңгерушісінің м.а Жанар Абылхаир кітапхана қоры туралы айтып, ақпараттық-ресурстық орталық жұмысы жайлы ақпарат берді.

3,4 курс студенттері оқу бітірген соң мемлекеттік қызметке орналасып, болашақта Академияда магистратура және докторантура білім бағдарламалары бойынша оқығысы келетіндерін айтты.

Барлығы

Your browser does not support SVGs