Академия
жаңалықтары

01
Апрель
Мемлекеттік басқару академиясына оқуға құжат қабылдау басталды

2026 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026-2027 оқу жылына құжат қабылдау басталды.

Академияда магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға құжаттарды қабылдау admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Биыл үміткерлер 1 сәуірден бастап 1 маусымға дейін тіркеліп, өтініш бере алады. Яғни құжат қабылдау процесі 2 ай ғана жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға 200 адам, докторантураға 12 адам қабылданады. Бұрын магистратураға тек 120 грант бөлінсе, биыл мемлекеттік грант саны 80-ге артты. Сондай-ақ үміткерлердің функционалдық еңбек өтілін анықтау бойынша арнайы комиссия құрылады. Жаңа оқу жылына құжаттар 12 емес, 15 білім бағдарламасы бойынша қабылданады. Биыл жаңадан «ML-ҚҰҚЫҚ», «ЕМВА – ІСКЕРЛІК-ӘКІМШІЛЕНДІРУ», «DDPA – ЦИФРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ» білім бағдарламалары енгізілді.

Білім беру бағдарламалары бойынша өзгерістерге тоқталайын. Жекелеген білім беру бағдарламаларын ғылыми-педагогикалық бағытқа ауыстыруға байланысты «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар», «Экономика» бағдарламаларының оқу мерзімі 1,5 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды.

Сонымен қатар «Адами ресурстарды басқару» білім беру бағдарламасы «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» бағдарламасы болып өзгертіліп, оқу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ MRD – «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасы бойынша оқу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды.

 «Мемлекеттік саясат» магистратура бағдарламасына түсушілер үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын сертификаттың болуы міндетті талап ретінде енгізілді.

МАГИСТРАТУРА (1 / 1,5 ЖЫЛ):

  • MPA – Мемлекеттік басқару (1 жыл)
  • MDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару (1 жыл)
  • ML – Құқық (1 жыл)
  • MSHRM – Адами ресурстарды стратегиялық басқару (1,5 жыл)
  • MRD – Өңірлік даму (1,5 жыл)

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАТАР ОҚУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН МАГИСТРАТУРА БОЙЫНША МОДУЛЬДІК БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ (1 ЖЫЛ):

  • EMPA – Мемлекеттік басқару
  • MRD – Өңірлік даму
  • EMBA – Іскерлік әкімшілендіру

 

2 ЖЫЛДЫҚ МАГИСТРАТУРА БАҒДАРЛАМАЛАРЫ:

  • MPP – Мемлекеттік саясат
  • ME – Экономика
  • MIR – Халықаралық қатынастар

 

ДОКТОРАНТУРА (3 ЖЫЛ):

  • DPA – Мемлекеттік басқару
  • DIR – Халықаралық қатынастар
  • DE – Экономика
  • DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару

 

 ОҚУҒА ҚАБЫЛДАУ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ ДАТАЛАР:

  • Құжат қабылдау: 1 сәуір – 1 маусым
  • Конкурстық іріктеу: 5 маусым – 19 маусым
  • Аналитикалық эссе: 5 маусым – 7 маусым
  • Сұхбат: 5 маусым – 19 маусым
  • Алдын ала қабылдау: 25 маусым
  • Қорытынды қабылдау: 10 шілде
  • Оқу басталуы: 1 қыркүйек

 

ЭЛЕКТРОНДЫҚ ФОРМАТТА КЕЛЕСІ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖҮКТЕУ ҚАЖЕТ:

  1. Мемлекеттік органның жолдамасы (мемлекеттік қызметшілер үшін).
  2. Жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық көшірмесі.
  3. Жоғары білімі туралы құжаттың (магистратураға түсу үшін) немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттың (докторантураға түсу үшін) сканерленген нұсқасы (қосымшаларымен бірге).
  4. Шетел азаматтарын қоспағанда, мемлекеттік тілді білу деңгейін (В1-ден кем емес) растайтын QAZAQ RESMI TEST (https://www.qrt.kz) немесе ҚАЗТЕСТ (http://kazakhtest.kz) сертификаты.
  5. докторантура бағдарламалары (DIR, DPA, DE, DDPA) мен «Халықаралық қатынастар – MIR», «Мемлекеттік саясат – MPP» магистратура бағдарламалары үшін халықаралық сертификаттардың бірі қажет:

 

МАГИСТРАТУРА
·                   Халықаралық қатынастар – Master of International Relations

·                   Мемлекеттік саясат – Master of Public Policy

IELTS кемінде 4.0 балл
TOEFL IBT кемінде 29 балл
TOEFL ITP кемінде 343 балл
TOEIC кемінде 405 балл
Duolingo English Test кемінде 60 балл
ДОКТОРАНТУРА
·        Мемлекеттік басқару – DPA

·        DIR – Международные отношения

·        DE – Экономика

·        DDPA – Цифровое государственное управление

IELTS кемінде 5.5 балл
TOEFL IBT кемінде 46 балл
TOEFL ITP (LEVEL 1) кемінде 417 балл
TOEIC кемінде 550 балл
Duolingo English Test кемінде 95 балл

 

  1. Мемлекеттік қызметшілер үшін – мемлекеттік қызмет персоналының бірыңғай автоматтандырылған дерекқорынан (ақпараттық жүйеден) алынған немесе жұмыс орнынан кадр қызметі растаған қызмет тізімі, басқа үміткерлер үшін – еңбек қызметін растайтын құжат.
  2. Функционалдық жұмыс тәжірибесін талап ететін білім беру бағдарламаларына үміткерлер үшін қосымша жұмыс орнынан кадр қызметі растаған лауазымдық нұсқаулығы мен құрылымдық бөлімше туралы ереже.
  3. Докторантура бағдарламаларына үміткерлер үшін – зерттеу жұмысы жоспарының жобасы (research proposal).
  4. Электрондық-цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған электрондық өтініш. Шетелдік азаматтар үшін өтініштің сканерленген нұсқасы.

 

        КОНКУРСТЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢДЕРІ:

 

І кезеңаналитикалық эссе жазу. Бұл белгілі бір мәселе бойынша жеке ой-пікірі (ұстанымы) мен талдауын білдіретін еркін жазбаша жұмыс және ол кәсіби қызмет саласынан хабардарлығын анықтауға бағытталуы мүмкін.

ІІ кезең – сұхбат. Мақсаты үміткерлердің кәсіби және жеке құзыреттерінің деңгейін, оқуға деген ынтасын, мемлекеттік басқару жүйесінің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, нормативтік-құқықтық актілер мен заңнаманы білу деңгейін айқындау. Сұхбат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ауызша жүргізіледі және процесс бейнежазбаға жазылады. Сұхбат үміткердің жеке кабинетінде көрсетілген кестеге сәйкес офлайн форматта жүргізіледі.

Докторантура бағдарламаларына түсетін үміткерлер үшін ІІІ кезең – зерттеу жұмысы жоспарының жобасын бағалау. Зерттеу жұмысы жоспарының жобасында зерттеудің өзектілігі, сыни талдау, болжамды әдістері және проблеманы/мәселені шешудің ықтимал жолдары баяндалады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға 200 адам, докторантураға 12 адам қабылданады. Өзге қаржы көздері есебінен үміткерлер жинаған балдарына қарай қабылданады, бұл ретте конкурстық комиссияның қорытындылары мен сараптамалық бағалаулар қосымша ескеріледі.

 

Барлығы
27
Март
Академияның корпоративтік және қаржылық қызмет жөніндегі вице-ректоры болып Қалмаханов Бауыржан Абдрахманұлы тағайындалды

Әр жылдары Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде департамент директоры, «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығында», Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында басшылық қызмет атқарды.

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Академияның Инфрақұрылымдық қызмет көрсету қызметінің басшысы қызметін атқарды.

Барлығы
18
Март
МӘЖІЛІС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары 2026 жылғы 18 наурызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат мемлекеттік қызмет моделін жаңғыртуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген.

Жаңа редакциядағы заңның негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру.

«Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізуді көздейді. Заңнамалық деңгейде азаматтармен және ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау талаптары бекітіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер өтініш берушілерге белгіленген мерзімде толық әрі жан-жақты жауап беруге міндетті болады. Сонымен қатар өтініштерді формальды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол берілмейді», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.

Сондай-ақ азаматтарға құжаттардағы қателерді, дәлсіздіктерді немесе сәйкессіздіктерді түзету мүмкіндігі беріледі.

Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында заң жобасында мемлекеттік қызметке түсуге даярлау институтын енгізу қарастырылған.

Жоғары оқу орындарының студенттері бакалавриат бағдарламасы бойынша оқумен қатар ерте кәсіби бағдардан өте алады. Оқу аяқталғаннан кейін түлектер мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрлық форматқа көшіру.

Кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және білікті мамандарды ұстап қалу мақсатында заң жобасында көлденең мансаптық өсу механизмі көзделген.

Бір лауазым шеңберінде бірнеше лауазымдық деңгей белгіленеді. Қызмет деңгейін көтеру мемлекеттік қызметшінің қызмет тиімділігін бағалау нәтижелеріне байланысты болады.

Құжат мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуді де қарастырады.

Атап айтқанда, артық жұмыс уақыты, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу, мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты қосымша ақылы демалыс беру, сондай-ақ некеге тұру, баланың дүниеге келуі немесе жақын туысының қайтыс болуы сияқты өмірлік жағдайларға байланысты қысқа мерзімді демалыс қарастырылған.

Сонымен қатар заңсыз жұмыстан босатылған немесе қызметі төмендетілген жағдайда мемлекеттік қызметке қайта қалпына келтірілген қызметкерлерге өтемақы төлеу нормасы енгізіледі.

Заң жобасы тәртіптік жауапкершілік мәселесінде икемді тәсілдерді енгізуді көздейді. Тәртіптік істерді қарау кезінде жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар қатар ескерілетін болады.

Мамандардың пікірінше, ұсынылып отырған нормаларды іске асыру мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

 

Барлығы
17
Март
Қожанов Мұрат Цифрландыру және инновациялар институтының директоры лауазымына тағайындалды

Цифрландыру және инновациялар институтының директоры лауазымына тағайындалды.

Мұрат Ғалиасқарұлы 2025 жылғы Президенттік жастар кадр резервіне «Цифрландыру» бағыты бойынша қабылданған.

1992 жылғы 26 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген.

Білімі:

  • Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығы бойынша бакалавр;
  • Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша магистр;
  • Óbuda University (Венгрия), Doctoral School of Applied Informatics and Applied Mathematics докторантурасы.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын 2015 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде кафедра зертханасының меңгерушісі болып бастаған. 2015–2025 жж. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде басшылық және ғылыми-педагогикалық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, электрондық білім беру технологиялары ғылыми-зерттеу институтының директоры, цифрландыру басқармасының басшысы, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2025 жылдың ақпан айынан бастап – 2026 наурыз айна дейін Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Ғылыми жарияланымдардың авторы, бірқатар ақпараттық жүйелерге авторлық куәліктердің иегері.

«ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2023» атағының иегері.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі.

 

Барлығы
13
Март
VR EdTech Hackathon 2026: Мемлекеттік басқаруға арналған цифрлық шешімдер

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы студенттер мен командаларды VR EdTech Hackathon 2026 байқауына қатысуға шақырады!

Тақырыбы:

Виртуал шындық технологияларын пайдалана отырып, мемлекеттік басқару процесін жақсартуға арналған цифрлық шешімдер мен білім беру технологияларын әзірлеу.

 Маңызды даталар:

  • Қатысушыларды тіркеу: 2026 жылғы 1–30 сәуір
  • Жобаларды онлайн іріктеу: 2026 жылғы 15 мамырға дейін
  • Офлайн тур (финал): Мемлекеттік басқару академиясы, 2026 жылғы 29-ші мамыр

Команданың құрамы: 2–5 адам

Жүлде:
Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы жүлделер мен марапаттар қарастырылған.

Қатысу үшін:

  • Қатысушылар тізімін (аты-жөні, ЖОО, команда атауы) vrhackathon@apa.kz жіберу;
  • Жобаны Техникалық тапсырмаға сәйкес дайындап, материалдарды жоғарыда көрсетілген электронды поштаға жіберу қажет.

Маңызды:

  • Осы байқауға қатысуыңыз жеке деректеріңізді өңдеуге келісім беретініңізді және хакатон ережелерін сақтауға келісетініңізді растайды;
  • Қазылар алқасының шешімдері қайта қаралмайды.

Соңғы жаңалықтар: https://t.me/+W-gbWmepWthhNWEy

Хакатонды өткізу тәртібі

VR EdTech Hackathon 2026: мемлекеттік басқаруға арналған цифрлық шешімдер

Хакатон тақырыбы: мемлекеттік басқару саласына виртуал шындық технологияларын пайдалану арқылы цифрлық шешімдер мен білім беру технологияларын әзірлеу.

1. Қатысушыларды тіркеу

Қатысушыларды тіркеу онлайн форматта жүргізіледі.

  • Әрбір университет хакатонға қатысу үшін команда құрады.
  • Тіркелу үшін қатысушылардың тізімін мына электрондық поштаға жіберу қажет: vrhackathon@apa.kz
  • Тіркелу кезеңі: 2026 жылғы 1 сәуірден бастап 30 сәуірге дейін (23:59-ға дейін).
  • Команда құрамы: 2-ден 5 адамға дейін.

Тіркелу үшін келесі ақпаратты көрсету қажет:

  • әрбір қатысушының аты-жөні;
  • ЖОО атауы;
  • команда атауы.

2. Жобаларды онлайн іріктеу (бірінші тур)

Тіркеу аяқталғаннан кейін жобаларды онлайн іріктеу кезеңі өткізіледі.

Қатысушыларға:

  • Хакатон қатысушыларына арналған техникалық тапсырмаға (қосымша) сәйкес жобалық жұмысты дайындау;
  • материалдарды vrhackathon@apa.kz электрондық поштасына жіберу қажет.

Материалдарды жіберудің соңғы мерзімі — 2026 жылғы 15 мамыр, сағат
23:59-ға дейін (қоса алғанда).

3. Жобаларды іріктеу

Хакатон комиссиясы ұсынылған жобаларды қарастырып, олардың ішінен екінші турға қатысу үшін үздік жобаларды іріктейді.

4. Екінші тур (офлайн кезең)

Екінші тур Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында офлайн форматта өткізіледі.

Бірінші турдан өткен командалар өз жобаларын комиссия алдында презентация форматында таныстырып, қорғауы тиіс.

Презентацияға қойылатын талаптар:

  • Презентация 10 слайдтан аспауы тиіс.
  • Команданың сөз сөйлеу уақыты — 7–10 минутқа дейін.
  • Комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап беру уақыты — 5 минутқа дейін.
  • Презентация PowerPoint немесе PDF форматында дайындалуы тиіс.

5. Жеңімпаздарды анықтау:

Ақтық кезеңнен кейін комиссия мүшелері хакатонның үш жеңімпазын анықтайды.

Жүлде:

Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы жүлделер мен марапаттар қарастырылған.

6. Жеңімпаздарды анықтау:

6.1. Ұйымдастырушылар дайын шешімдерді көшіруге байланысты туындаған проблемалық жағдайлар үшін жауапкершілік алмайды, ал мұндай жағдай анықталған жұмыстар хакатонға қатысудан шеттетіледі.

7. Өзге де шарттар

7.1. Конкурсқа қатысу фактісі конкурсқа қатысушының өзінің дербес деректерін өңдеуге келісім беретінін білдіреді.

7.2. Конкурсқа қатысу қатысушылардың осы Ережемен келісетінін растайды.

7.3. Қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды.

Соңғы жаңалықтардан хабардар болу үшін хакатонның Telegram арнасына жазылыңыз: https://t.me/+W-gbWmepWthhNWEy

Хакатонға арналған техникалық тапсырма

Жоба: Блокчейн архитектурасын түсіндіруге арналған VR-симуляция

Пән: Криптоэкономика және блокчейн

  1. Жобаның мақсаты

Блокчейн жұмысының негізгі принциптерін нақты көрсететін интерактивті VR немесе 3D-симуляция жасау:

  • желіні орталықсыздандыру
  • блок құрылымы
  • криптография кілттері
  • консенсус механизмі

2. Жобаның негізгі идеясы

Пайдаланушы блокчейн жүйесінің элементтерімен өзара әрекеттесе алатын және орталықтандырылған және орталықтандырылмаған архитектура арасындағы айырмашылықтарды көре алатын виртуал ортаны құру қажет.

3. Симуляциядағы функционалдық көріністер

3.1. 1-көрініс — Жүйелер архитектурасын салыстыру

Желінің екі моделін жасау:

Central Bank City (орталықтандырылған жүйе)

  • бір орталық сервер;
  • барлық операция бір торап арқылы өтеді.

Blockchain City (орталықтандырылмаған жүйе)

  • бірнеше торап (nodes);
  • үлестірілген желі.

Функционалдық мүмкіндіктер:
Пайдаланушы:

  • орталық серверді өшіріп, жүйенің тоқтауын көре алуы;
  • блокчейн желісіндегі бір торапты (node) өшіріп, желінің жұмысын жалғастыра беруін көре алуы тиіс.

3.2. 2-көрініс — Блок құрылымы

Блокчейн блогының құрылымын көрнекі түрде көрсету қажет.

Блок құрамында мыналар болуы тиіс:

  • Transaction
  • Hash
  • Previous Block Hash

Интерактив:
Пайдаланушы:

  • бір транзакцияны өзгерте алуы;
  • кейінгі блоктардың жарамсыз (қызыл түс) болып қалатынын көре алуы;
  • блоктар тізбегінің бұзылу әсерін бақылай алуы тиіс.

3.3. 3-көрініс — Криптография кілттері

Кілттердің жұмысын көрсететін виртуал крипто-сейф жасау.

Жұмыс логикасы:

  • қате Private Key → Access Denied
  • дұрыс Private Key → Transaction Approved

Сонымен қатар визуалды түрде мыналарды көрсету қажет:

  • Public Key — барлық пайдаланушыға қолжетімді
  • Private Key — тек иесіне ғана қолжетімді

3.4. 4-көрініс — Консенсус механизмі

Желідегі тораптардың шешім қабылдау процесін көрнекі көрсету.

Мынадай екі алгоритмді көрсету керек:

Proof of Work (PoW)

  • есептеу жүктемесінің жоғарылығы
  • транзакцияларды баяу өңдеу
  • энергияны көп тұтыну

Proof of Stake (PoS)

  • валидатордың жылдам таңдалуы
  • қатысушылардың stake-іне негізделген
  • тиімдірек алгоритм
  1. 3D объектілерге қойылатын талаптар

Жобада келесі элементтер жүзеге асырылуы тиіс:

  • Blockchain Node (желі торабы)
  • Block (транзакциялардың ішкі құрылымы бар блок)
  • Network connection (тораптар арасындағы байланыстар)
  • Digital City (екі түрі: centralized және decentralized)
  • Crypto Vault
  • Consensus Arena
  1. Дизайнына қойылатын талаптар

Интерфейс жүйенің күйін көрсету үшін түрлітүсті индикаторлардан тұруы қажет:

  • 🟢 Valid — дұрыс операция
  • 🔴 Invalid — қате немесе тізбектің бұзылуы

Қосымша келесі мүмкіндіктерді іске асыру ұсынылады:

  • деректердің берілу анимациясы
  • желілік байланыстарды визуализациялау
  • блоктың өзгеру эффектілері
  1. Аудио сүйемелдеу

Жобаға мыналарды қосуға болады:

  • дауыс арқылы түсіндіру (Voice-over немесе AI narrator)
  • дыбыстық эффектілер:
  • Success
  • Error
  • System Alert
  1. Әзірлеуге ұсынылатын технологиялар

Келесі технологияларды пайдалануға рұқсат етіледі:

  • Unity + VR SDK
  • Unreal Engine
  • WebVR / WebXR
  • Blender (3D модельдерді жасау үшін)

 

Барлығы
12
Март
Бейінді докторантураның түлектері мен білім алушыларына арналған педагогикалық бейіндегі қосымша білім беру бағдарламасына оқуға өтінімдер қабылдау

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бейінді докторантураның түлектері мен білім алушыларына арналған педагогикалық бейіндегі қосымша білім беру бағдарламасына оқуға өтінімдер қабылдау басталғанын хабарлайды.

Бағдарлама жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде оқытушылық қызметті жүзеге асыруға қажетті педагогикалық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарлама аясында келесі пәндер оқытылады:

  • Жоғары мектеп педагогикасы
    • Жоғары мектеп психологиясы
    • ЖОО оқытушысының педагогикалық қызметі
    • Педагогикалық практика

Бағдарламаның жалпы көлемі 16 кредитті, оның ішінде педагогикалық практика да қамтылған.

Оқуды аяқтағаннан кейін тыңдаушыларға негізгі дипломға қосымша куәлік беріледі.

Қатысу үшін келесі сілтеме арқылы өтінім жолдауыңыз қажет:
https://forms.gle/74MAVte7XVrEzWms7

Өтінімдерді қабылдау мерзімі – 15 наурызды қоса алғанда.

Кеңес алу үшін байланыс деректері:

e-mail: sh.karibayev@apa.kz
75-33-66
+7 705 296 4833

Барлығы
10
Март
Академия арулары марапатталды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Медеғалиұлы Жазықбай Агенттіктің және Академияның аруларын мерекесімен құттықтады.
Жастар театрында өткен салтанатты іс-шара барысында Академияда ұзақ жыл қызмет еткен, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына, мемлекеттік басқару саласын жетілдіруге елеулі үлес қосқан арулардың еңбегі бағаланды.
Академияның Маркетинг және коммуникациялар қызметінің басшысы Гүлзада Бөлегенова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Академияның Ғалым хатшысы Асемгүл Мұсатаеваға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың Грамотасы табысталды.
Сондай-ақ Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың Алғыс хатымен Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің аға әдіскері Ұлжан Шорақызы Жоламан, Академияның «Жас мемлекеттік қызметкерлерге арналған үй» қызметінің заңгері Асель Байдаулет,  Академияның Жетісу облысы бойынша филиалының Әкімшілік бөлімінің басшысы Эльмира Асанова, Академияның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің аға әдіскері Татьяна Селиванова марапатталды.





Барлығы
02
Март
Академияның Жетісу облысы бойынша филиалының жаңа директоры тағайындалды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2026 жылдың 2 наурызынан бастап Академияның Жетісу облысы бойынша филиалының директоры болып Жайық Тазабекұлы тағайындалды. Жаңа басшысы филиал ұжымына Академияның корпоративтік және қаржылық қызмет жөніндегі вице-ректоры Ұлан Абдилкаилұлы Бекіш таныстырды.

Жайық Тазабекұлы осы уақытқа дейін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Әлеуметтік-шығармашылық, жастар саясаты және тәрбие жұмыс жөніндегі бөлім басшысы қызметін атқарған.

Барлығы
17
Февраль
Мемлекеттік басқару академиясында сарапшылар конституциялық реформаны талқылады

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Жаңа Конституция – болашаққа бағдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара конституциялық реформаны іске асыру және Мемлекет басшысы жариялаған жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі алдағы референдум қарсаңында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушылары, сондай-ақ Академия қызметкерлері, магистранттары, докторанттары қатысты.
Жиын барысында сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдері конституциялық өзгерістердің ел дамуына ықпалы, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелерін талқылады.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай өз сөзінде жаңа Конституция жобасы ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын аса маңызды құжат екенін атап өтті. Дархан Медеғалиұлының айтуынша, бұл – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты бағдар.
Агенттік төрағасы Президент ұсынған «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жаңартылған Ата заң жобасында бұл қағидат нақты әрі тәжірибелік тұрғыда көрініс тапқан. Конституциялық деңгейде алғаш рет адами капиталды, білім, ғылым және инновацияны дамыту басымдығы бекітіліп отыр.
Сондай-ақ осы қағидаттарға негізделіп әзірленген «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның жаңа редакциясындағы жоба жуырда Парламент қарауына енгізілді. Құжат мемлекеттік қызметтің сервистік әрі азаматтарға бағдарланған моделін қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасында ашық рәсімдерді кеңейту, цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, мемлекеттік қызметтердің жеделдігі мен қолжетімділігін арттыру қарастырылған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов өз сөзінде Конституциядағы жаңа нормалар заңнаманы, әсіресе әлеуметтік қорғау мен еңбек құқықтары саласын одан әрі жетілдіруге жол ашатынын айтты.
«Конституцияда мемлекеттің шекарасының қол сұғылмаушылығы мен аумақтық тұтастығы қағидаттары бекітілді. Сонымен бірге халық егемендігі ұғымы енгізілді. Халық биліктің бастауы ғана емес, оның иесі де болып табылады. Бұл ел дамуының жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырады. Біз адам, оның өмірі мен құқықтары ең жоғары құндылық саналатын демократиялық, зайырлы әрі әлеуметтік мемлекет құру бағытын жалғастырып келеміз, – деді депутат.
Дөңгелек үстелде сөз алған «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай да жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру дәуірінде адамның құқықтарын қорғау мәселесін конституциялық деңгейде қарастыру – Қазақстанның алға қойған маңызды жаңалығы.
Ал Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина конституциялық реформа елдегі саяси жаңғырудың негізгі өзегі екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, Конституцияны жаңарту – тек заң мәтінін түзету емес, қоғамның жаңа сұраныстарына жауап беретін маңызды қадам.
«Парламенттің құрылымдық өзгерістерінен басталған процесс бүгінде барлық мүдделі тарап қатысқан толыққанды реформаға айналды. Конституциялық комиссия жұмысының ашық жүргізілуі және азаматтардың цифрлық платформалар арқылы ұсыныс беруі қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогты күшейтті. Соның нәтижесінде жаңартылған Конституция ұлттық келісімнің нақты құжатына айналуы тиіс, – деді ол.
Дөңгелек үстел барысында Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден ел жаңа даму кезеңіне қадам басқанын, ал конституциялық реформа мемлекеттілікті нығайтып, билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға негіз болатынын айтты. Оның пікірінше, жаңа Конституция азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, Конституциялық реформа елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды.

 

 

 

 

 

 

Барлығы
06
Февраль
Академия журналы EBSCO Research халықаралық зерттеу платформасына енгізілді

Академияның «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» журналы әлемдегі жетекші ғылыми деректер базаларының, электрондық журналдар мен кітапханалық технологиялардың ірі провайдері саналатын EBSCO Research халықаралық зерттеу платформасына ресми түрде енгізілді.
EBSCO Information Services – университеттерге, ғылыми-зерттеу орталықтарына, мемлекеттік ұйымдарға, медициналық мекемелер мен қоғамдық кітапханаларға сенімді ғылыми контент ұсынатын, көпжылдық тарихы бар халықаралық компания. Бұл платформа ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру және басқарушылық шешімдер қабылдау барысында кеңінен қолданылады.

Журналдың EBSCO базасына енгізілуі – оның ғылыми жарияланым сапасы, редакциялық саясат пен рецензиялау үдерісінің халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін білдіреді. Сонымен қатар бұл шешім мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы зерттеулердің халықаралық аудиторияға кеңінен қолжетімді болуына, журналдың танымалдылығы мен ғылыми ықпалының артуына мүмкіндік береді.

Бұл жетістік редакция ұжымы, авторлар мен рецензенттердің журналды дамыту және оны әлемдік ғылыми кеңістікке енгізу бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Журналдың EBSCO Research платформасындағы парақшасы: https://research.ebsco.com/c/hd6kmd/search/advanced/publications/N7DJ?selectedDb=pohjnh

Журналдың ресми сайты: https://journal.apa.kz/

Барлығы
03
Февраль
Мемлекеттік басқару академиясында Жаңа Конституцияның жобасы талқыланды

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Жаңа Конституцияның жобасы талқыланды. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.

Талқылауға Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы, сарапшылар, ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.

Агенттік Төрағасы жаңа Конституция жобасында еліміздің тарихи және мәдени құндылықтары ескеріліп, «Әділетті Қазақстан» идеясына, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат», «Заң және тәртіп» қағидаттарына басымдық берілгенін айтты.

«Ата Заңның жаңартылған жобасында алғаш рет Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Бұл – еліміздің болашақтағы дамуының басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті Дархан Жазықбай.

Жиын барысында экономика ғылымдарының докторы, Академия профессоры Алтай Зейнелғабдин, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Академияның Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Дауталиев және басқа да сарапшылар баяндама жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасын талқылау құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

Барлығы
23
Январь
«Экономист +» алаңында ғылыми-практикалық семинар өтті

2026 жылдың 23 қаңтарында «Экономист +» алаңында ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шара ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары мен құрылымын талқылауға арналды және докторанттардың педагогикалық тәжірибесі аясында ұйымдастырылды. Семинар білім беру мен зерттеу үдерістерін ұштастыратын маңызды кәсіби алаңға айналды.

Практикалық семинардың басты мақсаты – магистранттар мен докторанттардың ғылыми коммуникациясын дамыту, зерттеу нәтижелерін көпшілік алдында ұсыну дағдыларын жетілдіру және тұрақты нетворкинг ортасын қалыптастыру.

Іс-шара барысында ғылым мен қоғамдық саясаттың өзекті бағыттарын қамтитын 6 зерттеу бағыты ұсынылды:

  • Мемлекеттік басқару және институционалдық реформалар
  • Экономика және қаржы
  • Цифрлық трансформация және GovTech
  • Адам ресурстары, HR-саясаты және мемлекеттік қызметтегі персоналды дамыту
  • Аймақтық басқару және кеңістіктік даму
  • Әлеуметтік саланы дамыту

Институт докторанттары магистранттарға ментор ретінде қатысып, зерттеу жүргізу, деректермен жұмыс істеу және ғылыми логиканы құру бойынша практикалық кеңестер берді.

Семинар ғылым, экономика және мемлекеттік басқару саласындағы кәсіби пікір алмасу алаңы ретінде академиялық ынтымақтастықты нығайтып, болашақ зерттеулерге жаңа серпін берді.

Барлығы
22
Январь
Сингапурда The Global Government Summit 2026 және Leaders Forum өтті

2026 жылғы 21-22 қаңтар күндері Сингапур қаласында The Global Government Summit (Жаһандық мемлекеттік басқару саммиті) өтті. Бұл – мемлекеттік басқарудың заманауи мәселелері, адами капиталды дамыту және мемлекеттік секторда инновациялық шешімдерді енгізу тақырыптарын талқылау үшін мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірген жетекші халықаралық алаң.

Саммит аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Leaders Forum болды. Форум бағдарламасында мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні практикалық қолдану, жаһандық инновациялармен алмасу, жаңа технологияларға деген сенімді арттыру, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысуын кеңейту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар деректерге негізделген тәсілдер арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру тақырыптары талқыланды.

Академия ректоры Азамат Жолманов «Трансформация туралы диалог: цифрлық үкімет үшін ортақ тілді қалай қалыптастыруға болады» атты воркшопқа қатысып, онда сарапшылар мен практиктер мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияның негізгі аспектілерін талқылады. Әсіресе, технологиялардың мемлекеттік қызметшілердің нақты қажеттіліктері мен міндеттеріне сәйкес келуі үшін мемлекеттік институттар ішінде пәнаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Форумнан бөлек, бағдарлама аясында қатысушылар Сингапурдағы мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерімен танысып, тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, «Ақылды ұлт» (Smart Nation) бастамасын ілгерілетіп, мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясын жүзеге асырып отырған Сингапурдың Үкіметтік технологиялар агенттігі (GovTech)-не бару жүзеге асырылды.

GovTech Сингапур үкіметінің цифрлық қызметтерін дамытуға және ұсынуға, сондай-ақ заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, желілер мен деректер аналитикасын пайдалану арқылы ұлттық цифрлық бастамаларды қолдайтын инфрақұрылымды қалыптастыруға жауапты.

Сапар барысында делегация Accenture компаниясының Сингапурдағы кеңсесіне де барып, стратегия, консалтинг, технологиялар және операциялық қызметтер саласындағы кәсіби тәжірибесімен танысты.

Сонымен қатар Академия ректоры Азамат Сағатұлы Сингапурдың Мемлекеттік қызмет колледжінің (Civil Service College, Singapore – CSC) деканымен кездесу өткізді. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерді даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен мемлекеттік сектор кадрларының құзыреттерін дамыту бағытында Сингапурдың үздік тәжірибелерімен алмасу мүмкіндіктері талқыланды.

Барлығы
19
Январь
Қазақстанда AI Governance жасанды интеллект бойынша мемлекеттік қызметшілерді даярлау бағдарламасы іске қосылды

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні ауқымды енгізу мақсатында басшыларды даярлауға бағытталған AI Governance 500 стратегиялық бағдарламасы бойынша оқыту басталды.

Бағдарламаны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асыруда.

Алғашқы легінде 100 басшыны қамтитын оқыту бағдарламасының ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж. Мадиев, Президенттің көмекшісі Қ. Есекеев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д. Жазықбай және Президент Әкімшілігі Басшысының хатшылығының жетекшісі Қ. Төлеушин қатысты.

AI Governance 500 бағдарламасы ведомствоаралық цифрлық жобаларды бастауға және сүйемелдеуге, олардың архитектуралық үйлесімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Digital Kazakhstan тұжырымдамасы аясында мемлекеттік күн тәртібінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге қабілетті цифрлық басшылар – ИИ-офицерлердің тұрақты кадрлық пулын қалыптастыруды көздейді.

Оқытуға Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, салалық вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар аппараттарының басшылары қатысуда.

Бағдарлама тұтас әрі жүйелі логика бойынша құрылған. Ол жасанды интеллектінің рөлі мен цифрлық мемлекеттің архитектурасын стратегиялық деңгейде түсінуден бастап, қатысушылардың ведомстволар мен өңірлерде енгізуге дайын цифрлық трансформация мен AI-бастамалар бойынша қолданбалы жобаларды әзірлеуіне дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үдерісіне тартылған кадрларды жүйелі түрде даярлаудың маңыздылығын көрсетеді.

Барлығы
14
Январь
Мемлекеттік басқару академиясы мен Astana IT University меморандумға қол қойды

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру және жасанды интеллектіні ел дамуының негізгі драйвері ретінде дамыту стратегиялық басымдық екенін атап өтті.

Осы бағытты іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Astana IT University (AITU) өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған серіктестік білім беру мен ғылымды дамытуға, мемлекеттік қызметшілер мен профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологияларды басқару практикасына енгізу көзделіп отыр. Тараптар қос дипломды білім беру аясындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде «Цифрлық мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасы бойынша жұмысқа ден қоймақ.

Атап өтейік, Мемлекеттік басқару академиясының базасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасымен Қазақстанда баламасы жоқ жасанды интеллект зертханасы құрылды. Бұл зертхана мемлекеттік сектор үшін интеллектуалды шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу бойынша құзыреттер орталығына айналады.

Барлығы

Your browser does not support SVGs