Академия
жаңалықтары

17
Февраль
Мемлекеттік басқару академиясында сарапшылар конституциялық реформаны талқылады

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Жаңа Конституция – болашаққа бағдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара конституциялық реформаны іске асыру және Мемлекет басшысы жариялаған жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі алдағы референдум қарсаңында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушылары, сондай-ақ Академия қызметкерлері, магистранттары, докторанттары қатысты.
Жиын барысында сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдері конституциялық өзгерістердің ел дамуына ықпалы, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелерін талқылады.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай өз сөзінде жаңа Конституция жобасы ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын аса маңызды құжат екенін атап өтті. Дархан Медеғалиұлының айтуынша, бұл – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты бағдар.
Агенттік төрағасы Президент ұсынған «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жаңартылған Ата заң жобасында бұл қағидат нақты әрі тәжірибелік тұрғыда көрініс тапқан. Конституциялық деңгейде алғаш рет адами капиталды, білім, ғылым және инновацияны дамыту басымдығы бекітіліп отыр.
Сондай-ақ осы қағидаттарға негізделіп әзірленген «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның жаңа редакциясындағы жоба жуырда Парламент қарауына енгізілді. Құжат мемлекеттік қызметтің сервистік әрі азаматтарға бағдарланған моделін қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасында ашық рәсімдерді кеңейту, цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, мемлекеттік қызметтердің жеделдігі мен қолжетімділігін арттыру қарастырылған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов өз сөзінде Конституциядағы жаңа нормалар заңнаманы, әсіресе әлеуметтік қорғау мен еңбек құқықтары саласын одан әрі жетілдіруге жол ашатынын айтты.
«Конституцияда мемлекеттің шекарасының қол сұғылмаушылығы мен аумақтық тұтастығы қағидаттары бекітілді. Сонымен бірге халық егемендігі ұғымы енгізілді. Халық биліктің бастауы ғана емес, оның иесі де болып табылады. Бұл ел дамуының жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырады. Біз адам, оның өмірі мен құқықтары ең жоғары құндылық саналатын демократиялық, зайырлы әрі әлеуметтік мемлекет құру бағытын жалғастырып келеміз, – деді депутат.
Дөңгелек үстелде сөз алған «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай да жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру дәуірінде адамның құқықтарын қорғау мәселесін конституциялық деңгейде қарастыру – Қазақстанның алға қойған маңызды жаңалығы.
Ал Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина конституциялық реформа елдегі саяси жаңғырудың негізгі өзегі екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, Конституцияны жаңарту – тек заң мәтінін түзету емес, қоғамның жаңа сұраныстарына жауап беретін маңызды қадам.
«Парламенттің құрылымдық өзгерістерінен басталған процесс бүгінде барлық мүдделі тарап қатысқан толыққанды реформаға айналды. Конституциялық комиссия жұмысының ашық жүргізілуі және азаматтардың цифрлық платформалар арқылы ұсыныс беруі қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогты күшейтті. Соның нәтижесінде жаңартылған Конституция ұлттық келісімнің нақты құжатына айналуы тиіс, – деді ол.
Дөңгелек үстел барысында Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден ел жаңа даму кезеңіне қадам басқанын, ал конституциялық реформа мемлекеттілікті нығайтып, билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға негіз болатынын айтты. Оның пікірінше, жаңа Конституция азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, Конституциялық реформа елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды.

 

 

 

 

 

 

Барлығы
06
Февраль
Академияның «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» журналы әлемдегі жетекші ғылыми деректер базаларының, электрондық журналдар мен кітапханалық технологиялардың ірі провайдері саналатын EBSCO Research халықаралық зерттеу платформасына ресми түрде енгізілді.

EBSCO Information Services – университеттерге, ғылыми-зерттеу орталықтарына, мемлекеттік ұйымдарға, медициналық мекемелер мен қоғамдық кітапханаларға сенімді ғылыми контент ұсынатын, көпжылдық тарихы бар халықаралық компания. Бұл платформа ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру және басқарушылық шешімдер қабылдау барысында кеңінен қолданылады.

Журналдың EBSCO базасына енгізілуі – оның ғылыми жарияланым сапасы, редакциялық саясат пен рецензиялау үдерісінің халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін білдіреді. Сонымен қатар бұл шешім мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы зерттеулердің халықаралық аудиторияға кеңінен қолжетімді болуына, журналдың танымалдылығы мен ғылыми ықпалының артуына мүмкіндік береді.

Бұл жетістік редакция ұжымы, авторлар мен рецензенттердің журналды дамыту және оны әлемдік ғылыми кеңістікке енгізу бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Журналдың EBSCO Research платформасындағы парақшасы: https://research.ebsco.com/c/hd6kmd/search/advanced/publications/N7DJ?selectedDb=pohjnh

Журналдың ресми сайты: https://journal.apa.kz/

Барлығы
03
Февраль
Мемлекеттік басқару академиясында Жаңа Конституцияның жобасы талқыланды

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Жаңа Конституцияның жобасы талқыланды. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.

Талқылауға Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы, сарапшылар, ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.

Агенттік Төрағасы жаңа Конституция жобасында еліміздің тарихи және мәдени құндылықтары ескеріліп, «Әділетті Қазақстан» идеясына, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат», «Заң және тәртіп» қағидаттарына басымдық берілгенін айтты.

«Ата Заңның жаңартылған жобасында алғаш рет Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Бұл – еліміздің болашақтағы дамуының басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті Дархан Жазықбай.

Жиын барысында экономика ғылымдарының докторы, Академия профессоры Алтай Зейнелғабдин, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Академияның Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Дауталиев және басқа да сарапшылар баяндама жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасын талқылау құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

Барлығы
23
Январь
«Экономист +» алаңында ғылыми-практикалық семинар өтті

2026 жылдың 23 қаңтарында «Экономист +» алаңында ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шара ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары мен құрылымын талқылауға арналды және докторанттардың педагогикалық тәжірибесі аясында ұйымдастырылды. Семинар білім беру мен зерттеу үдерістерін ұштастыратын маңызды кәсіби алаңға айналды.

Практикалық семинардың басты мақсаты – магистранттар мен докторанттардың ғылыми коммуникациясын дамыту, зерттеу нәтижелерін көпшілік алдында ұсыну дағдыларын жетілдіру және тұрақты нетворкинг ортасын қалыптастыру.

Іс-шара барысында ғылым мен қоғамдық саясаттың өзекті бағыттарын қамтитын 6 зерттеу бағыты ұсынылды:

  • Мемлекеттік басқару және институционалдық реформалар
  • Экономика және қаржы
  • Цифрлық трансформация және GovTech
  • Адам ресурстары, HR-саясаты және мемлекеттік қызметтегі персоналды дамыту
  • Аймақтық басқару және кеңістіктік даму
  • Әлеуметтік саланы дамыту

Институт докторанттары магистранттарға ментор ретінде қатысып, зерттеу жүргізу, деректермен жұмыс істеу және ғылыми логиканы құру бойынша практикалық кеңестер берді.

Семинар ғылым, экономика және мемлекеттік басқару саласындағы кәсіби пікір алмасу алаңы ретінде академиялық ынтымақтастықты нығайтып, болашақ зерттеулерге жаңа серпін берді.

Барлығы
22
Январь
Сингапурда The Global Government Summit 2026 және Leaders Forum өтті

2026 жылғы 21-22 қаңтар күндері Сингапур қаласында The Global Government Summit (Жаһандық мемлекеттік басқару саммиті) өтті. Бұл – мемлекеттік басқарудың заманауи мәселелері, адами капиталды дамыту және мемлекеттік секторда инновациялық шешімдерді енгізу тақырыптарын талқылау үшін мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірген жетекші халықаралық алаң.

Саммит аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Leaders Forum болды. Форум бағдарламасында мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні практикалық қолдану, жаһандық инновациялармен алмасу, жаңа технологияларға деген сенімді арттыру, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысуын кеңейту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар деректерге негізделген тәсілдер арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру тақырыптары талқыланды.

Академия ректоры Азамат Жолманов «Трансформация туралы диалог: цифрлық үкімет үшін ортақ тілді қалай қалыптастыруға болады» атты воркшопқа қатысып, онда сарапшылар мен практиктер мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияның негізгі аспектілерін талқылады. Әсіресе, технологиялардың мемлекеттік қызметшілердің нақты қажеттіліктері мен міндеттеріне сәйкес келуі үшін мемлекеттік институттар ішінде пәнаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Форумнан бөлек, бағдарлама аясында қатысушылар Сингапурдағы мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерімен танысып, тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, «Ақылды ұлт» (Smart Nation) бастамасын ілгерілетіп, мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясын жүзеге асырып отырған Сингапурдың Үкіметтік технологиялар агенттігі (GovTech)-не бару жүзеге асырылды.

GovTech Сингапур үкіметінің цифрлық қызметтерін дамытуға және ұсынуға, сондай-ақ заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, желілер мен деректер аналитикасын пайдалану арқылы ұлттық цифрлық бастамаларды қолдайтын инфрақұрылымды қалыптастыруға жауапты.

Сапар барысында делегация Accenture компаниясының Сингапурдағы кеңсесіне де барып, стратегия, консалтинг, технологиялар және операциялық қызметтер саласындағы кәсіби тәжірибесімен танысты.

Сонымен қатар Академия ректоры Азамат Сағатұлы Сингапурдың Мемлекеттік қызмет колледжінің (Civil Service College, Singapore – CSC) деканымен кездесу өткізді. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерді даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен мемлекеттік сектор кадрларының құзыреттерін дамыту бағытында Сингапурдың үздік тәжірибелерімен алмасу мүмкіндіктері талқыланды.

Барлығы
19
Январь
Қазақстанда AI Governance жасанды интеллект бойынша мемлекеттік қызметшілерді даярлау бағдарламасы іске қосылды

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні ауқымды енгізу мақсатында басшыларды даярлауға бағытталған AI Governance 500 стратегиялық бағдарламасы бойынша оқыту басталды.

Бағдарламаны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асыруда.

Алғашқы легінде 100 басшыны қамтитын оқыту бағдарламасының ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж. Мадиев, Президенттің көмекшісі Қ. Есекеев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д. Жазықбай және Президент Әкімшілігі Басшысының хатшылығының жетекшісі Қ. Төлеушин қатысты.

AI Governance 500 бағдарламасы ведомствоаралық цифрлық жобаларды бастауға және сүйемелдеуге, олардың архитектуралық үйлесімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Digital Kazakhstan тұжырымдамасы аясында мемлекеттік күн тәртібінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге қабілетті цифрлық басшылар – ИИ-офицерлердің тұрақты кадрлық пулын қалыптастыруды көздейді.

Оқытуға Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, салалық вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар аппараттарының басшылары қатысуда.

Бағдарлама тұтас әрі жүйелі логика бойынша құрылған. Ол жасанды интеллектінің рөлі мен цифрлық мемлекеттің архитектурасын стратегиялық деңгейде түсінуден бастап, қатысушылардың ведомстволар мен өңірлерде енгізуге дайын цифрлық трансформация мен AI-бастамалар бойынша қолданбалы жобаларды әзірлеуіне дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үдерісіне тартылған кадрларды жүйелі түрде даярлаудың маңыздылығын көрсетеді.

Барлығы
14
Январь
Мемлекеттік басқару академиясы мен Astana IT University меморандумға қол қойды

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру және жасанды интеллектіні ел дамуының негізгі драйвері ретінде дамыту стратегиялық басымдық екенін атап өтті.

Осы бағытты іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Astana IT University (AITU) өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған серіктестік білім беру мен ғылымды дамытуға, мемлекеттік қызметшілер мен профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологияларды басқару практикасына енгізу көзделіп отыр. Тараптар қос дипломды білім беру аясындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде «Цифрлық мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасы бойынша жұмысқа ден қоймақ.

Атап өтейік, Мемлекеттік басқару академиясының базасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасымен Қазақстанда баламасы жоқ жасанды интеллект зертханасы құрылды. Бұл зертхана мемлекеттік сектор үшін интеллектуалды шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу бойынша құзыреттер орталығына айналады.

Барлығы
08
Январь
«Отаншылдық деген ұлы сезім…»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген тақырыпта «Turkistan» басылымына берген сұхбатында: «Отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс… Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз», – деп атап көрсетті. Осы ретте Мемлекет басшысы «Азияда «заң мен тәртіпке бағынып, береке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үлгілі үйлесімі» барын» өзгеше  бағалады.

Адамзат қоғамының сан ғасырлық тәжірибесінің нәтижесі, заң мен тәртіпке негізделген моральдық, этикалық нормаларының үйлесімді синергиясы, эстетикалық пәлсапа заңдылықтары, ұлттық-мәдени құндылықтар әлемі – барлығы тоғыса келе «құқықтық мемлекеттің іргетасын, азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігінің алғышартын», отаншыл рухтың бастауын қалайтыны сөзсіз. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы №1081 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» дәлел бола алады. Нәтижесінде қоғам, мәдениет, сaна ұғымдарының төрелігінен бастау алған «адамтану» мен «тұлғатану» сияқты іргелі ілімдер маңызды әрі мүдделі басымдықтар үйлесімі деп қабылдануда.

Бүгін «Қазақстан азаматы қандай болу керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтар төңірегінде өрбіген тұжырымдар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай жиналысында белгілеп берген бағдарымен сараланып отыр. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз ұғымдар… Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деген тұжырымды ойлары «жаңа қоғамдық этика», «азаматтардың өзара тілектестігі», «сенім мен жауапкершілік», «парасаттылық пен адамгершілік», «адал табыс», «арлы адам», «қоғамдық ізгілік» сияқты бірқатар мағыналы да мазмұнды ұстанымдарға басымдық беруімен өзектелуде.

«Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі», – деп  қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушы А. Байтұрсынұлы атап өткендей, «тарих – төреші, уақыт – сыншы» заманда пайымы мен танымы тереңнен өрбитін құндылықтар қатарын «қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгертер» «тарихи мүмкіндіктер» мен «цифрлық өзгерістер», салалық дамудың «тың серпіндері», адам мен оның өмірі, құқықтары мен даму кеңістігі, рухани болмысы мен ішкі сенімі нақтылар. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта белгілеп берген «қауіпсіздік архитектурасын қалпына келтірер» «саяси көшбасшылықтың» нысаналы индикаторлары да, «мемлекет басшыларының бейбітшілікке ұмтылу жолындағы» жаһандық міндеттері де, «жаңғыру саясатының» берік қағидаттары да Қазақстанның дамуындағы «ауқымды саяси өзгерістердің» құнды бастауларын, тұжырымды белестерін айқындары сөзсіз.

Мемлекет пен ел болашағы өз міндетін зор сеніммен арқалаған азаматтардың үлесімен, ертеңгі күннің аманатын пайымдай білген қоғам мүшесінің терең түсінігімен өлшенеді. Бұл қатарда білім беру ордалары мен кәсіби даму орталықтарының алдында тұрған іргелі мақсат адамның зияткерлік қабілетін азаматтық келбетімен, отаншыл рухымен, құндылықтар көкжиегімен, жоғары пәлсапалық ұғымдар тоғысымен сабақтастыра келе, дарынды ұрпақ, ойлы да адал азамат тәрбиелеу деп түсінген маңызды.

 

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясының

Академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры  Э. Н. Оразалиева

Барлығы
06
Январь
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ АККРЕДИТТЕУ БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ТӘУЕЛСІЗ АГЕНТТІК (IQAA)

Академия 2025 жылғы 13 желтоқсанда Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің (IQAA) Аккредиттеу кеңесінің шешімімен 5 жыл мерзімге институционалдық аккредиттеу рәсімінен сәтті өтті.

IQAA – білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау саласындағы Қазақстандағы алғашқы коммерциялық емес үкіметтік емес ұйым.

Академияның институционалдық аккредиттеуден өтудегі басты мақсаты халықаралық ESG сапа стандарттарына сәйкестігін растау болды. Себебі IQAA аккредиттеу стандарттары «Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінде сапаны қамтамасыз ету стандарттары мен нұсқаулықтарына» (ESG) сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында ішкі сапаны қамтамасыз етуге арналған.

Сапаның халықаралық деңгейде мойындалуы тиісті салалардағы жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары арасында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, қос дипломды білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға, ортақ ғылыми зерттеулер жүргізуге және басқа да бағыттарды іске асыруға жол ашады.

Барлығы
31
Декабрь
«Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» журналы № 4 (95), 2025 жыл

2025 жылғы журналдың қорытынды саны жаһандық трансформация жағдайындағы мемлекеттік басқару, экономика және халықаралық қатынастардың өзекті мәселелеріне арналған. Ұсынылған ғылыми зерттеулерде институционалдық сенім, мемлекеттік қызметтің тиімділігі, мемлекеттік органдардың коммуникациялық қызметі, сондай-ақ жария басқару жүйесіне цифрлық және зияткерлік технологияларды енгізу мәселелері қарастырылады.
Экономикалық даму аспектілеріне ерекше назар аударылып, құрылымдық өзгерістер, цифрлық мемлекеттік басқару, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру, әлеуметтік мобильділік және ресурстарды тұрақты басқару мәселелері талданады. Авторлар Қазақстан Республикасының ұлттық тәжірибесімен қатар, халықаралық озық тәжірибелерге де талдау жасайды.
Халықаралық қатынастар бөлімі стратегиялық әріптестік, энергетикалық дипломатия, жаһандану жағдайындағы ұлттық бірегейлік, көлік-логистикалық әлеует, киберқауіпсіздік және климаттық құқықты дамыту мәселелерін қамтиды. Жарияланымдар өңірлік және жаһандық үрдістерді көрсетіп, зерттеушілер, тәжірибешілер және мемлекет пен қоғамның даму мәселелеріне қызығушылық танытатын оқырмандар үшін құнды болып табылады.
Журнал редакциясы барлық оқырмандар мен авторларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жаңа мақалалар мен ғылыми ынтымақтастықты асыға күтеді.

Барлығы
05
Декабрь
Жасанды интелектіні қолданудың артықшылығы

Бүгін «Даму күні» аясында Дипломатия институтының «Diplomatic Talks» тіл клубы аясындағы кезекті кездесу өтті. Бұл жолғы пікірталас «The use of robots in international events and everyday life» тақырыбына арналды. Іс-шараның модераторы, MIR-2025 тобының магистранты Сагизбаев Рустем, қатысушыларды белсенді диалогқа тартып, тиімді пікір алмасу алаңын қалыптастырды.

Кездесу барысында қатысушылар робототехниканың қазіргі даму деңгейін, оның халықаралық іс-шараларды ұйымдастырудағы рөлі мен әлеуетін, сондай-ақ инновациялық технологиялардың күнделікті өмірге ықпалын жан-жақты талқылады.

Осындай форматтағы кездесулер тыңдаушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, кәсіби лексиканы тәжірибеде пайдалануға, сөздік қорын кеңейтуге, сондай-ақ сыни және сараптамалық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Дипломатия институты алдағы уақытта білім алушылардың тілдік және кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастырады.

Академияда ұлттық зерде мен стратегиялық ойлауды ұштастыратын ерекше форматтағы Швейцариялық жүйе үлгісі бойынша ұйымдастырылған тоғызқұмалақ сайысы өтті. Зияткерлік додаға Академияның 24 магистранты мен қызметкерлері қатысты. Әр қатысушы түрлі жеті тур бойы бір бірімен алмаса ойнап, стратегиялық талдау мен тактикалық дәлдікті талап еткен шынайы ойын көрсетті. Швейцариялық жүйе жарыс динамикасын арттырып, әр турды жаңа мүмкіндіктер мен күтпеген шешімдерге толы әсерлі кезеңге айналдырды.

Қатысушылар логикалық ойлау қабілеттерін, талдау шеберлігін және интеллектуалдық ептілігін көрсетіп, ойын барысында нақты есептеулерге, батыл стратегияларға және шебер тактикалық қадамдарға жүгінді. Көрермендер үшін әр партия тосын бұрылыстарымен, жеңіске жетелейтін айла-тәсілдермен интригаға толы сәттерімен есте қалды. Тоғызқұмалақты ұлттық құндылық ретінде дәріптеу және оны заманауи форматта көпшілікке ұсыну шараның басты жетістіктерінің бірі болды. Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталып, өздерінің жоғары шеберлігін дәлелдеді. Бұл шара Академиядағы зияткерлік мәдениетті дамытудың, ұжымдық бірлікті нығайтудың және ұлттық ойындарды қолдаудың айқын көрсеткіші.

Даму күні аясында «Қыран» зияткерлік дебат клубының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Экономика, Өңірлік даму және HRM мамандықтарының магистранттары қатысып, жасанды интеллектінің қоғам өміріндегі орнына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, жасанды интеллектінің адам өмірінің сапасын жақсартудағы рөлі, денсаулық сақтау, білім беру және көлік салаларындағы мүмкіндіктері, экономиканы жеделдету әлеуеті, сондай-ақ адамның қабілеттерін толықтыру немесе алмастыру мүмкіндігі секілді сұрақтар жан-жақты қарастырылды. Командалардың пікірталас мәдениеті, аналитикалық ойлау деңгейі және өз көзқарастарын жүйелі әрі дәлелді түрде жеткізе білуі көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Отырыс қорытындысында үздік аргументация, тиімді стратегия және ораторлық шеберлік бойынша ең мықты қатысушылар анықталды. Барлық көрсеткіштер бойынша үздік нәтиже көрсеткен Экономика мамандығының магистранттары ¼ финалға жолдама алды.

«Қыран» зияткерлік дебат клубы алдағы уақытта да осындай мазмұнды шараларды ұйымдастыра отырып, магистранттардың сыни ойлау қабілетін, көшбасшылық қасиеттерін және заманауи мәселелерге қатысты азаматтық позициясын қалыптастыруды жалғастырады.

Барлығы
04
Декабрь
Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесіне климаттық саясатты интеграциялау

Академияда «Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесіне климаттық саясатты интеграциялау» тақырыбында қоғамдық-саяси диалог өтті. Шараны «Green Academy» Ғылыми-білім беру орталығы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, Астана қаласының Қоршаған орта және табиғат пайдалануды қорғау басқармасының, FAO жобасы, SIPA/IDDRI (Франция) қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – Бразилияның Белен қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясының (COP30) қорытындыларын талқылау және климаттық саясаттың қағидаттарын Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялау бойынша ұсынымдар әзірлеу.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары мен докторанттары қатысты.

Қатысушылар 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету стратегиясын тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйымдар күштерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Диалог барысында әзірленген ұсыныстар (“Ангел” ҚБ директоры, Людмила Петрова) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданатын болады. Ұсыныстар 2025 жылғы 10 желтоқсанға дейін қабылданады.

Барлығы
28
Ноябрь
Мемлекеттік басқару жүйесінде ғарыштық мониторинг

Бүгін Даму күні аясында “Қыран” зияткерлік дебат клубының III маусымы ресми түрде ашылды. Алғашқы пікірталас «Мемлекет экономикадағы рөлін күшейтуі керек пе, әлде нарыққа көбірек еркіндік беруі керек пе?» тақырыбында өтті. «Экономика» және «Өңірлік даму» командалары экономикалық даму моделдерін жан-жақты талдап, салмақты аргументтер ұсынды.

III маусым ойындары — интеллектуалдық алмасу, көшбасшылық дағдыларды дамыту және пікірталас мәдениетін нығайту алаңы ретінде қызмет ететін болады.

Даму күні аясында «EOSpatial» ЖШС директоры, қашықтықтан зондтау саласындағы компаниялар қауымдастығының мүшесі Абзал Жамаловпен кездесу өтті.

Спикер “Мемлекеттік басқару жүйесінде ғарыштық мониторинг технологияларын қолданудың заңнамалық негіздері” тақырыбында дәріс оқыды.  Абзал Жамалов ғарыштық мониторингтің елімізде дамуы мен қолданылу мүмкіндіктері туралы қызықты ақпараттармен бөлісті. Жиында ғарыштық технологияларды мемлекеттік басқаруда тиімді пайдалану жолдары, заңнамалық жаңалықтар мен болашақта жүзеге асырылатын жобалар талқыланды.

Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, тәжірибелі маманнан маңызды кеңестер алды. Ғарыштық мониторинг — болашақтың технологиясы!

Барлығы
28
Ноябрь
Күзгі бал 2025

Бүгін Академияда Магистранттар мен докторанттар кеңесінің ұйымдастыруымен Күзгі бал кеші өтті. Мерекелік кеште білім алушылар өнер көрсетіп, вальс биледі. Қазылар алқасының шешімімен байқауға қатысушы 7 жұп түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

“Күзгі бал Ханзадасы мен Ханшайымы” МРР-25 магистранттары Даниярбек Нурсеитов пен Әсел Қадырбаева атанды.

“Көрермен көзайымы” номинациясымен МРР-25 білім алушылары Жаксыбеков Жигер мен
Рахматалиева Айнұр марапатталды.

“Сахна жұлдыздары жұбы” номинациясын MRD-25 тобының Скаков Ербол мен Айтымбет Гүлназ иеленді.

“Сән мен сұлулық иесі” MRD – 25 тобынан Өсербай Сағадат пен Ахметова Тәж атанды.

“Ең әдемі жұп” номинациясымен MIR-25 магистранттары Табанов Архат мен Смәділ Марал марапатталды.

“Ең жарасымды жұп” MHRM-25 тобынан
Жумагалиев Дамир мен Тулепбергенова Айгерим атанды.

“Ең өнерлі жұп” номинациясын МЕ-25, МRD-25 магистранттары Айекешов Жигер мен Куатова Асель марапатталды.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!

Барлығы
21
Ноябрь
Академия мен Армения Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатия мектебі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Армения Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық мектебі өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Келісім дипломатиялық кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ сыртқы саясат, халықаралық қатынастар, халықаралық құқық және халықаралық экономика бағыттарында бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға бағытталған.

Ынтымақтастық аясында тараптар оқу материалдарымен, ғылыми жарияланымдармен алмасады, оқытушылардың кәсіби дамуын қолдайды, конференциялар мен дөңгелек үстелдерге қатысуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бірлескен зерттеулер мен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру жоспарлануда.

Барлығы

Your browser does not support SVGs