Жаңалықтар

Халықаралық ынтымақтастық: Қырғыз Республикасының мемлекеттік қызметшілерін оқыту

Ханнс Зайдель қоры мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қырғыз Республикасының мемлекеттік қызметшілерін Академияның магистрлік бағдарламаларында оқыту саласында әріптестер болып табылады. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу, тек мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін оқытушылардың да біліктілігін арттыру тәжірибесі кең таралған.  

2019 жылғы 24 – 27 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Ханнс Зайдель қоры арасындағы ынтымақтастық шеңберінде Қырғыз Республикасы делегациясының, Ханнс Зайдель қорының стипендиаттарының Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалдарына сапары ұйымдастырылды.

Танысу сапары аясында Қырғыз Республикасының әртүрлі мемлекеттік органдарының, ауылдық округтерінің және Бішкек қаласының мемлекеттік қызметшілері 2019 жылғы 24 шілдеде Академияның Алматы қаласындағы филиалына барды, оларға «Өзгерістерді басқару» тренингінің презентациясы және Алматы қаласының мемлекеттік қызметшілері үшін қайта даярлау курстарын және біліктілікті арттыру семинарларын ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмыстар көрсетіліп, келген делегаттар оң әсер алды.   

2019 жылы 25 шілдеде делегация Алматы қаласының әкімдігіне барып, Алматы қаласы әкімі аппаратының Бірыңғай персоналды дамыту қызметінің жетекшісі Молдашева Гүлнардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелге қатысты, онда кадрлық саясат, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне сәйкес үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсімдері, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің факторлық-баллдық шәкілінің ерекшеліктері және т.б. мәселелер талқыланды. Делегаттар мемлекеттік қызметтегі гендерлік саясат, денсаулық сақтау және білім беру мәселелеріне қызығушылық танытты. Барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді.  

Сапардың келесі пункті – Алматы қаласы әкімдігінің өмірлік жағдайларды шешу және халыққа қызмет көрсету жөніндегі жобасы Open Almaty қоғамдық қабылдау орны болды. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің әрбір клиенті әкімдіктің, қалалық басқармалардың, прокуратураның, полицияның, мемлекеттік кіріс департаментінің және т.б. атына өз өтініштерін қалдыра алады және кеңестер ала алады. Open Almaty қала тұрғындары үшін жаңа сервис және мемлекеттік органдардың тиімділігін, ашықтығын және есеп беруін арттырудағы маңызды құрал болып табылады.