Page 10 - Диссертация
P. 10

Тұрақты даму мақсаттары негізінде ақылды қаланы мемлекеттік реттеу
                  жолдары  Түркістан  қаласында  «Қазақстан  –  2050»  стратегиясының
                  мақсаттарына  сай  жүзеге  асырылуда.  Ақылды  қала  технологияларының
                  енгізілуі  қала  инфрақұрылымын,  экологиясын  және  әлеуметтік  саласын
                  дамытуға  бағытталған  мемлекеттік  бағдарламаларға  толық  сәйкестігін
                  қамтамасыз  етеді.  Бұл  ретте,  сыртқы  және  ішкі  тәуекелдерге  әсер  ететін
                  факторларды  алдын  ала  анықтап,  оларды  оңтайландыру  үшін  ақпараттық
                  жүйелерді  енгізу  және  деректерді  жинақтау  мен  талдаудың  заманауи
                  тәсілдерін қолдану маңызды болып табылады.
                        Мемлекеттік  реттеу  мен  ақылды  қала  моделін  дамыту  стратегиялық
                  жоспарлар  мен  мемлекеттік бағдарламаларды  іске  асыру  арқылы  Түркістан
                  қаласында  экологиялық,  экономикалық  және  әлеуметтік  тұрақтылықты
                  қамтамасыз  ету  мүмкіндігі  артады.  Сонымен  қатар,  қалада  жүргізілетін
                  басқару  реформалары  мен  жобалар  мемлекеттік  қызмет  жүйесінің
                  трансформациясына,  сонымен  қатар  ресурстарды  оңтайлы  пайдалану  мен
                  әкімшілік қателіктерді минимизациялауға бағытталған.
                        2023–2029 жылдарға арналған Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
                  аясында  Түркістан  қаласында  деректерге  негізделген  басқару  жүйелері,
                  жасанды  интеллект  элементтері,  IoT  құрылғылары  мен  ашық  деректер
                  платформалары  енгізілуде.  Бұл  шаралар  қалалық  ресурстарды  тиімді
                  басқаруға,  сыртқы  және  ішкі  тәуекелдерді  болжауға,  сондай-ақ  әкімшілік
                  шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған.

                        Осылайша, Түркістан қаласының «ақылды қала» моделін қалыптастыру
                  ұлттық цифрлық саясат пен тұрақты даму қағидаттарын іске асырудың өңірлік
                  деңгейдегі нақты көрінісі болып табылады. Мемлекеттік реттеу тетіктерін осы
                  стратегиялық  бағыттармен  үйлестіру  қаланың  әлеуметтік-экономикалық,
                  экологиялық және технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік
                  береді.
                      Зерттеудің  теориялық  маңыздылығы.  «Ақылды  қала»  ұғымының
                  тұрақты даму контексіндегі теориялық негіздемесі қалыптастырылды. Зерттеу
                  барысында «ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасы тек технологиялық
                  модель  ретінде  емес,  сонымен  қатар  тұрақты  даму  мақсаттарымен  (ТДМ)
                  үйлескен  күрделі  социотехникалық  жүйе  ретінде  қарастырылып,  оның
                  теориялық  мазмұны  қайта  сараланды.  Бұл  ұғымның  институционалдық,
                  әлеуметтік,  экономикалық  және  құқықтық  аспектілері  жүйеленіп,  заманауи
                  урбанистика ғылымындағы орны нақты айқындалды.
                      Зерттеудің  практикалық  маңыздылығы.  Зерттеу  жұмысы  Түркістан
                  қаласы  мысалында  Smart  City  тұжырымдамасын  тұрақты  даму  контексінде
                  мемлекеттік  реттеу  тетіктері  арқылы  іске  асырудың  теориялық  және
                  практикалық  негіздерін  жан-жақты  талдауға  бағытталды.  Жаһандық
                  урбанизация  үдерістері  жағдайында  ақылды  қалалар  тек  цифрлық
                  технологиялар жүйесі ғана емес, сонымен қатар құқықтық, институционалдық
                  және  әлеуметтік  тетіктердің  өзара  байланысына  негізделген  кешенді
                  урбанистік модель ретінде қарастырылды.



                                                                10
   5   6   7   8   9   10   11   12   13   14   15