Page 12 - Диссертация
P. 12
1 ТҰРАҚТЫ ДАМУ КОНТЕКСІНДЕГІ «АҚЫЛДЫ ҚАЛАНЫ»
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 «Ақылды қала» тұжырымдамасының ұғымдық негіздері және
оның тұрақты даму парадигмасындағы түсіндірмесі
«Ақылды қала» (smart city) ұғымы ғылыми әдебиетте және халықаралық
стандарттарда, әдетте, заманауи ақпараттық-коммуникациялық
технологияларды (АКТ) пайдалану арқылы қала тұрғындарының өмір сүру
сапасын жақсарту, қалалық қызметтерді тиімді ұйымдастыру және қалалық
инфрақұрылымды басқаруды оңтайландыру үдерісі ретінде анықталады [8].
Кең таралған анықтамалардың бірінде бұл ұғым былайша сипатталады:
ақылды қала — бұл АКТ көмегімен тұрғындардың өмір сапасын арттыратын
және қалалық инфрақұрылым мен қызметтерді неғұрлым тиімді басқаратын
заманауи урбанистикалық құрылым [9].
Өз кезегінде, «тұрақты даму» (sustainable development) тұжырымдамасы
Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында әзірленген және қазіргі қоғамның
қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар, болашақ ұрпақтың да
қажеттіліктерін өтеу қабілетіне нұқсан келтірмейтін даму үлгісін білдіреді.
Яғни, тұрақты даму — бұл экологиялық, экономикалық және әлеуметтік
өлшемдердегі теңгерімге негізделген, ұзақ мерзімді болашаққа бағдарланған
үйлесімді даму траекториясы [10].
Қазіргі кезеңде бұл екі ұғым өзара тығыз интеграцияланып, «ақылды
тұрақты қала» (smart sustainable city) тұжырымдамасы қалыптастырылуда.
Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) және БҰҰ Еуропалық
экономикалық комиссиясы (UNECE) бірлесіп қабылдаған анықтамаға сәйкес,
ақылды тұрақты қала — бұл АКТ мен өзге де инновациялық құралдар арқылы
өмір сүру сапасын, қалалық экономиканың тиімділігін, қызметтердің сапасын
және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған, сонымен қатар қазіргі
және келешек ұрпақтың экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және мәдени
қажеттіліктерін қанағаттандыруды көздейтін инновациялық урбанистикалық
құрылым болып табылады [11].
Іс жүзінде, ақылды қала тұрақты қала болуы тиіс деген қағида кеңінен
мойындалған («smart city = sustainable city»). Осыған орай, ақылды қалалар
Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол
жеткізудің негізгі тетігі ретінде қарастырылады. Энергия үнемдейтін
технологияларды енгізу, қоршаған ортаны үздіксіз мониторингілеу және өзге
де смарт-шешімдер арқылы мұндай қалалар ресурстарды тұтынуды азайтып,
парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға және экологиялық
қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, ТДМ 11 –
«Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» сияқты мақсаттардың іске асуына
елеулі үлес қосады [12].
Сонымен қатар, ақылды қала мен тұрақты даму ұғымдары толықтай
балама (эквивалентті) емес, олардың өзіндік мазмұндық айырмашылықтары
бар. Ақылды қала тұжырымдамасы алғашында технологиялық
12