Page 13 - Dissertation
P. 13
1 ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕЗЕҢІНДЕ АҚЫЛДЫ ҚАЛАНЫ ЗЕРТТЕУДІҢ
ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
1.1 Тұрақты даму жағдайындағы ақылды қала тұжырымдамасының
теориялық және әдістемелік аспектілері
Зерттеу тақырыбы аясында екі негізгі ұғымды зерттеу қажет – бұл тұрақты
даму және ақылды қала. Бұл ұғымдардың арасында өзара байланыс бар, өйткені
ақылды қалаларда тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыру үшін энергия, су
және басқа да ресурстардың тұтынуын бақылау жүйелері қолданылады.
Ақылды қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталғандықтан,
тұрақты дамудың әлеуметтік аспектілерін қамтиды. Цифрлық технологияларды
қолдану арқылы білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық қызметтерге
қолжетімділікті арттыруға болады. Ақылды қалалар тұрақты даму мақсаттарын
жүзеге асыру үшін инновацияларды енгізу арқылы экономиканы тұрақты етуге
мүмкіндік береді. Мұндай қалаларда «жасыл экономика» және цифрлық
қызметтер жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі.
Соңғы жылдары қалаларға халықтың көші-қоны айтарлықтай өсіп келеді.
2030 жылға қарай әлем халқының 60%-дан астамы қалалық аймақтарда тұрады
деп болжануда. Бұл жағдай халықтың өсуімен қатар, қолайлы өмір сүру
жағдайларын сақтауды талап етеді және ақылды қала бастамалары туралы кең
ауқымды білімді қажет етеді. Қалаларға қоныс аудару арқылы халық санының
өсуі бір жағынан қалаларға оң әсерін тигізсе, екінші жағынан ресурстарды
пайдалану мен қызметтерге сұраныс артады. Мысалы, жылу, су, электр
энергиясы мен қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру сияқты қызметтерге
қысым күшейеді. Қала өмірінің сапасын жақсарту үшін ақылды қала идеясы
пайда болады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және заттар
интернеті арқылы сенсорлар мен сенсорлық желілерді пайдаланып, қалалық
ресурстарды нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Ақпарат азаматтардан
немесе қоғамдық құрылғылардан жиналып, өңделіп, талданады. Қазіргі
урбанистиканың басты бағыты – адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын
қамтамасыз ету. Бүгінгі жаһандану мен технологиялардың дамуы адамдарға
белгілі бір елге тәуелді болмауға мүмкіндік береді. Олар өз жайлылығы мен
қауіпсіздігін негізге ала отырып, тұрғылықты жерін таңдайды. Мегаполис
олардың қауіпсіз тіршілігін, мәдени және спорттық демалыс, кеңсе
инфрақұрылымы сияқты мүмкіндіктерді қамтамасыз ете алады. Кейбір
сарапшылардың пікірінше, көлік инфрақұрылымындағы кемшіліктер маңызды
болмауы мүмкін, бірақ экология ақылды қалалар үшін маңызды мәселеге
айналып отыр.
1950 жылдардан бері қалаларға қоныс аударудың өсуі ресурстарды
пайдалану көлемінің артуына әкелді, бұл жаңа идеялардың пайда болуына
себепші болды. Сондықтан қазіргі уақытта тұрақты даму мен ақылды қала
тұжырымдамаларын бірге іске асыру мәселесі өзекті болып отыр [8].
13