Жаңалықтар

«Орталық Азияның жаһандануы» ESCAS 16-шы конференциясына қатысу

2019 жылдың маусым айының соңында Эксетер университетінде (Ұлыбритания) Еуропалық Орталық Азия зерттеулері қоғамының (ESCAS)
16-шы конференциясы болып өтті. ESCAS конференциясы екі жылда бір рет өтіп, мәдениет пен тарихтан бастап мемлекеттік басқару мен саясатқа дейінгі кең ауқымды мәселелер бойынша Орталық Азияның зерттеушілерінің басын қосады. «Орталық Азияның жаһандануы» тақырыбындағы осы жылғы конференцияға 200-ден астам зерттеуші қатысты, олар 62 панельдік жұмысқа, 8 дөңгелек үстелге, сондай-ақ жаңа оқу құралының драфтын қоса алғанда, екі кітаптың талқылауына қатысты.

Конференция аясындағы іс-шаралардың бірі «Орталық Азия контекстінде: аймаққа тақырыптық кіріспе» атты оқу құралының драфтын талқылау болды. Оны ағымдағы жылы Питтсбург университетінде (АҚШ) басып шығару жоспарланып отыр. Тараулардың авторлары екі сессия шеңберінде кітаптағы өз бөлімдерін қысқаша таныстырып өтті, олардың артынша студент-магистранттар атынан диспутанттар алда шығарылатын оқу құралының мықты және әлсіз жақтарын білім алушылар тұрғысынан бағалады. Содан кейін жалпы талқылау болып өтті. Айтылған пікірлерді, ұсыныстарды, ескертулерді авторлар кітаптың соңғы нұсқасында ескеру үшін мұқият тыңдап, өздеріне түртіп алды.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы атынан конференцияға екі қызметкер қатысты. Айгүл Сәдуақасова «Жаһандық және жергілікті арасындағы Орталық Азиядағы азшылық» панельдік сессиясында «Полиэтникалық Қазақстанда этникалық бірегейлікті сақтау» тақырыбында баяндама жасады. Жомарт Медеуов «Режимдер және демократия» панельдік сессиясында «Қазақстандағы демократиялық практикаларды дамыту» тақырыбында баяндама жасады.

Конференцияның бағдарламасымен және баяндамалардың аннотацияларымен толығырақ мына сілтеме арқылы танысуға болады https://escas2019.excas.net/wp-content/uploads/2019/06/Full-Programme-with-abstracts-26-June-with-late-changes.pdf.