Жаңалықтар

Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан полицейлерін оқытады

2019 жылдың 24 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның өңірлердегі филиалдарында бір мезгілде полиция қызметкерлерін оқыту басталды.  Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясымен бірлесіп «Өзгермелі әлем жағдайындағы трансформациялық көшбасшылық» тақырыбында типтік оқыту бағдарламасы әзірледі. Оқу ұзақтығы – 40 сағат.

Апта бойы 24-28 маусым аралығында аумақтық полиция департаменттері бастықтарының орынбасарлары, қалалық, аудандық, желілік полиция органдарының бастықтары, олардың орынбасарлары, жергілікті полиция қызметінің бастықтары мынадай негізгі төрт білім беру модулі бойынша оқудан өтеді: стратегиялық менеджмент және көшбасшылық, коммуникациялық менеджмент, болашақ құзыреті және жобалық менеджмент. 

2019 жылдың 27 маусымында білім алушылар тобына барлық облыстардағы, аудандардағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы әкімдіктердің бірінші басшылары қосылады. Әкімдіктер өкілдерімен бірлесіп, ІІМ қызметкерлері полиция органдарының қызметін өзгертуге бағытталған жобаларды жасайтын болады.  Оқыту аяқталғаннан кейін қатысушылар оларды таныстырады.

Оқытудың негізгі міндеттері – трансформациялық көшбасшылықтың жаңа мәдениетін қалыптастыру және халықпен тиімді коммуникация жасау дағдыларын дамыту. Сабақтар топтық жаттығулар, кейс-стади, интерактивті пікірталастар, симуляциялық ойындар мен тренингтер форматында өтеді.

Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әлтаир Ахметовтың айтуынша, аймақтық полиция департаменттері басшыларының орынбасарларын пилоттық оқыту 2019 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы базасында өткен. Аймақтық ПД-нің бірінші басшыларына арналған курстың жеке модульдерін Мемлекеттік басқару академиясының тренерлері мен оқытушылары жүзеге асырды.   

«ІІМ Қарағанды академиясындағы әріптестеріміздің жұмысын семинарларға қатысушылар жоғары бағалады, сондықтан біз білім беру бағдарламаларын жасауға көмектесу және полицейлерді біздің филиалдарымыздың базасында оқыту жолындағы ынтымақтастығымызды дамытатын боламыз. Стратегиялық менеджмент, тиімді коммуникациялар, халықпен өзара іс-қимыл бойынша білік-дағдылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне халықтың ІІО қызметкерлеріне деген сенімін арттыруға, олардың өзара іс-қимылы мен өзара қарым-қатынасын дамытуға көмектеседі деп үміттенеміз», – деп атап өтті ректор.    

Мемлекеттік қызметтің түрлі бағыттарында Мемлекеттік басқару академиясының қызметін күшейту тек орталықта ғана емес, сонымен қатар аймақтарда да жүргізіліп жатқандығын айта кеткен жөн. Мысалы, полиция қызметкерлерін оқыту мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы мен Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.