Жаңалықтар

Мемлекеттік басқару академиясында 2019-2020 оқу жылына оқуға қабылдау аяқталды

Конкурстық іріктеудің қорытындысы бойынша магистратураға – 131 адам, докторантураға – 12 адам түсті. 143 оқуға түсушінің 120 үміткері мемлекеттік тапсырыс бойынша, ал Украинадан, Турциядан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан  4 шетелдік үміткер БҰҰДБ-ның және Ханнс Зайдель қорының гранты бойынша, БАӘ-ден 1 үміткер және Қазақстаннан 6 үміткер ақылы негізде оқитындығын атап өту керек

Академияға түсуге құжаттарды қабылдау 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталып 12 шілдесінде аяқталды. Конкурс міндетті түрде эссе, зерттеу жұмысының жоспарын жазуды, сондай-ақ IELTS/TOEFL (Британдық Кеңес ұйымдастыратын және жүргізетін) ағылшын тілі бойынша тест немесе APTIS тестін тапсырғаны туралы сертификаттың болуын қамтыған бірнеше сатыдан тұрды.

Қабылдау науқанының барлық кезеңінде 335 адам құжат тапсырды, олардың ішінде 52 үміткердің IELTS немесе TOEFL сертификаты болды, ал APTIS ағылшын тілі бойынша жалпы тестілеуден 133 адам өтті. Осылайша, сұхбаттасудың қорытынды кезеңіне 185 талапкер өтті.

2019 жылдың 29 шілдесінен 3 тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсуге конкурстық іріктеудің соңғы сатысы – емтихандық комиссиямен сұхбаттасу өткізілді.  

Жағдаяттық тапсырмаларды – кейстерді шешу арқылы сұхбаттасу бір мезгілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді. Кейсті шешуге берілген уақыт – 15 минут, ал сұхбаттасуды жүргізу үшін – кемінде 20 минут.

Оқуға барынша дайындалған және оқуға деген ынтасы жоғары мемлекеттік қызметшілерді объективті түрде іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында Академияға түсудің бүкіл үдерісі цифрланғанын және ақпараттық технологиялардың көмегімен өткізілгенін атап өткен жөн. Сұхбаттасу барысында комиссия мүшелері үміткерлердің әлеуетін, көшбасшылық және кәсіби қасиеттерін, оқуға ынталылығын және алған білімін тәжірибеде қолданудағы ашық көзқарасын анықтау, сондай-ақ үміткердің жағдаяттық тапсырмаларды шешуін бағалау мүмкіндігіне ие болды. Комиссия мүшелерінің бірі өз пікірімен былайша бөлісті:

«Іріктеудің ашықтығы, талқылаудың демократиялық форматы және қатысушыларға қойылған талаптардың теңдігі ұнады. Барлық тесттерден кейін кандидаттардың сұхбаттасуы өтеді. Барлығы барынша автоматтандырылған – әрбір комиссия мүшесінде сол жерде базаға кіріп, дереу бағалауға мүмкіндік беретін өзінің планшеті бар. Комиссияның әрбір мүшесі мұны автономды түрде жасайды. Бұл ретте талқылауға ғана тыйым салынып қоймай, сонымен бірге өзіңнің бағаңды да кері қайтарып, қайта қарауға болмайды. Мұны дұрыс деп ойлаймын. Критерийлердің әрқайсысы бойынша нақты дескрипторлар айқындалған. Және де жауапқа байланысты көрсеткіштермен ара-қатынасын белгілеуге болады. Әрбір қатысушыға ең көбі             20 минут беріледі. Секундомер тоқтағаннан кейін сұрақтар қойылмайды. Айта кететіні, сұрақтар үш тілде. Жауаптар жеке қасиеттерді, құндылықтарды, кәсібилікті, білім мен дағдыларды ашуы тиіс деп көзделген. Комиссия құрамында түрлі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, саясаткерлер болды.», – деп атап өтті жұмыс қорытындысы бойынша өз парақшасында емтихан комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов.

Үміткерлермен сұхбаттасу өткізу үшін бағдарларламар бойынша комиссия мүшелері ретінде МҚІА, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-дың және шетелдік серіктестердің өкілдері қатыстырылды, бұл оқуға үміткерлерді транспарентті іріктеуді қамтамасыз етуге ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді Академияның негізгі стейкхолдерлерін даярлау үдерісіне тартуға да мүмкіндік туғызды.   

Олардың айтуынша, Академия меритократия қағидатын ұстану арқылы ашық таза іріктеудің ең жоғары стандарттарын енгізіп отыр.

Қабылдау науқанының бүкіл кезеңінде Академияда және оның облыстық филиалдарында оқуға түсуге үміткерлермен кәсіби бағдарлау жұмысы белсенді түрде жүргізілді, сонымен қатар ашық есік күндері, облыстық аудандарға шығу және видеоконференц байланысы, жеке және телефонмен кеңес беру арқылы ақпараттық сессиялар өткізілді.

Мемлекеттік қызметшілердің ағылшын тілін меңгеруін қолдау мақсатында Академия және оның филиалдары мемлекеттік органдардың ниет білдірген қызметкерлері үшін тегін курстар ұйымдастырды. Осы жылы курстарды Қазақстанның барлық өңірлері бойынша 700-ден астам мемлекеттік қызметші оқып бітірді.

Сұхбаттасу үдерісі мен технологиясы алғаш рет халыққа барынша ашық болғандығымен және Мемлекеттік басқару академиясының әлеуметтік желілерінде (Instagram, Facebook, YouTube) видеокүнделіктер жарияланымы арқылы таратылғанымен ерекшеленді. Бұл осы жылы оқуға түсушілердің дайындық пен сұхбаттасу барысына және комиссия мүшелерінің назарын аудартатын кейбір сұрақтарды түсінулеріне көмектесті.  

1-күн: «Сұхбаттасу үдерісі» https://youtu.be/1F_HwaRRAAE

2-күн: «Ақпараттық технологияларды қолдану» https://youtu.be/sbBmDntajhU

3-күн: «Шетелдіктермен сұхбаттасу үдерісі: скайп» https://youtu.be/nJay77jbMOk

4-күн: «Комиссия мүшелерімен сұхбат: талдау. Рустем Бигари және Мұрат Әбенов» https://youtu.be/9C5GJR9T1h4

5-күн: Соңғы шығарылым. Ректор А.Ахметовтың қорытынды жасауы https://youtu.be/xec50azB5tc