25 жылЖаңалықтар

150-ден астам мемлекеттік қызметші магистр мен PhD докторы атанды

2019 жылдың 28 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Мемлекеттік басқару академиясының 25-жылдық мерейтойында 14 докторант пен 139 магистрант, оның ішінде Ауғанстаннан (2), Қырғызстаннан (2), Моңғолиядан (3) және Тәжікстаннан (1) келген 8 шетелдік магистрант іс басындағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білім алуына жауап беретін Қазақстанның жалғыз жоғары оқу орнының PhD және магистр дәрежесін алды.

25 жыл ішінде Академия 2000-ға жуық түлек дайындады. МБА қабырғасында іске асырылып жатқан меритократия принциптері Академия түлектерінің мансаптық өсуінде өз көрінісін табуда. Олардың көпшілігі бүгінде мемлекеттік қызметте, оның ішінде саяси қызметте, сондай-ақ «А» корпусында жоғары қызметтер атқаруда.

Өзінің құттықтау сөзінде Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әлтаир Ахметов Академияның заманауи дамуы мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған, мемлекеттік басқаруды дамытудың және мемлекеттік қызметшілерді оқытудың өзекті трендтеріне негізделгенін атап өтті.

«Академияның жұмысы мемлекеттік аппарат үшін стратегиялық және инновациялық ойлайтын және сәйкесінше, бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі күннің де міндеттерін шеше алатын кадрларды дайындауға бағытталған. Айта кетерлігі, Академияда қос дипломды білім беру бағдарламасы бар және биыл АҚШ-та Мемлекеттік басқару академиясы мен Maxwell School Сиракуз университетінің қос дипломын «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша 3 магистрант алды», – деп атап өтті ректор.

Сонымен қатар, Академияда білім алу кезінде магистранттар Maxwell School Сиракуз университеті, Мохаммед Бин Рашид атындағы Басқару мектебі (БАӘ), DBB академиясы (Германия), ҚР шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінде (АҚШ, Германия, Чехия, Польша, Италия, БАӘ, Ұлыбритания) тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.  

Салтанатты рәсім түлектер шеруінен басталды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев, Астана Мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов және т.б. шақырылған қонақтар құттықтау сөзін сөйледі.

«Аз уақыттың ішінде Академия елеулі жетістіктер мен табыстарға жетіп, шығармашыл әрі жасампаздық ортасына айналған. Жаһандық өзгерістер аясында біз сіздермен Академия Цифрлық кеңістікке және мемлекеттік басқару саласындағы озық тәжірибені тарату орталығына айналғанына куә болып отырмыз», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Магистрлер салтанатты рәсімнен кейін Академия түлегінің антын беріп, Академия басшылығына, өз оқытушылары мен курстастарына алғысын айтты, сондай-ақ өздерінің қызықты оқиғалары және әсерлерімен бөлісті:

«Академияда оқыған екі жыл ішінде мен Нью-Йорк қаласында (АҚШ) екі айлық тағылымдамадан өттім. Сонымен қатар, мен қос дипломды білім беру бағдарламасына іріктеуден өтіп, оған қатыстым, онда Сиракуз университеті Максвелл мектебінің магистр дипломын алсам, енді Академия дипломын алып отырмын. Осының барлығына Академия басшылығына ризашылығымызды білдіремін. Бүгін мен өзімді жаңа формациядағы мемлекеттік қызметші әрі өзгерістер агентіне айналғандай сезінемін. Енді Теміртау қаласына мақтанышпен жол тартамын. Мен Академияда алған барлық білім мен дағдыларды азаматтарымыздың өсіп-өркендеуі мен әл-ауқатының артуы үшін қолданатыныма нық сенімдімін. Өйткені, кәсіби аппаратты қалыптастыруда мемлекеттік қызметшілердің рөлі ерекше», – деді Академия түлегі Самат Зияшев.

«Академия маған одан әрі өсу үшін қажетті құзыреттілікті дамытуға көмектесті, өйткені парасаттылық пен құзыреттілік – бұл мемлекеттік қызметшінің берік іргетасы, ол мәңгі бойымызда болады! Мен кезінде Академияны қоғам өмірін жақсартуға қабілетті мемлекеттік қызметші ретінде қалыптасу жолында тамаша бастама ретінде таңдағаныма өте қуаныштымын!» – деп атап өтті Мадияр Әбілдин.

Академияны бітіргені туралы дипломдармен бірге ерекше көзге түскен түлектерге «Үздік магистрлік жоба», «Үздік әлеуметтік жоба» және «Академия өміріне белсенді қатысқаны үшін» сынды бірнеше номинациялар бойынша грамоталар табыс етілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне табыс, мансаптық өсу және үлкен жеңістер тілейміз!