Академия ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін іске асыру аясында ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесуге қатысты.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда мемлекеттік орган мен сол органның жүзеге асыратын заңмен бекітілген функциялары бағытталған тұлға арасында туындайтын жария-құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған ҚР ӘРПК күшіне енді. Кодексте жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен арадағы дауды қарастыру кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне сапасыз жауаптар ұсынған мемлекеттік қызметшілерге қатысты қолданылатын айыппұл санкциялары бекітілген.
Кездесуге ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Денис Алексеевич Шипп, Германия Елшісі Тило Клинер, ҚР Жоғарғы сотының судьясы Аслан Тукиев, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар орталығының басшысы Фолькер Фробарт, ҚР Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина, ҚР-дағы ЕО өкілдігінің бағдарламалық менеджері Юрий Скаскевич, сондай-ақ GIZ, IRZ, Роза Люксембург Қорының, Фридрих Эберт Қорының, Ханнс Зайдель Қорының және М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ «Неміс құқығы орталығының» ресми өкілдері қатысты.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл 67 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің 2021 жылдың 5 сәуірінен бастап 17 маусымына дейін онлайн режимде оқытылуының қорытындысы туралы қатысушыларды ақпараттандырды. Оқу бағдарламасы мен жаттықтырушылар пулы ҚР Әділет министрлігімен және ҚР Жоғарғы Сотымен бірлесе қалыптастырылды.
Өз баяндамасында ректор ӘРПК негізгі ережелерін түсіндіру және оларды іс жүзінде қолдану бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқытуды жалғастыру қажеттілігін атап өтті. Бұдан өзге, Академия ректоры қашықтықтан оқыту курстарына арналған контентті қалыптастырудағы кооперация (өздігімен зерделеуге арналған бейнедәрістер, тапсырмалар орындауды қамтитын оқу кейстері және т.б.), тереңдетілген оқыту семинарларын, жаттықтырушыларға арналған тұрақты әдістемелік семинарларды өткізу, қазақ тілді жаттықтырушыларды тарту бойынша жұмыстар жүргізу, сондай-ақ арнайы және жария оқу-әдістемелік әдебиетті шығару және оны аудару мәселелерін қозғады.
Кездесу қорытындысы бойынша серіктестермен тығыз өзара әрекеттесуді арттыру бойынша алдын ала келісімдерге қол жеткізілді.