«Өңірлік даму» – Master of Regional Development бағдарламасына – құжаттарды тапсыру сәтінде жергілікті атқарушы органдарда және жергілікті және өңірлік даму мәселелерімен айналысатын орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінде кемінде екі жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар адамдар қабылданады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясы ректорының
2021 жылғы «2» ақпандағы № 50 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына
оқуға қабылдау қағидалары
Білім алушылар контингентін қалыптастыру Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (бұдан әрі – Академия) заңдылықты, жариялылықты және ашықтықты қамтамасыз ету қағидаттарында жүзеге асырылады.
Оқуға қабылдау рәсімі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып табылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) шеңберінде де, жеке және заңды тұлғалардың қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат көздері есебінен де жүзеге асырылады.
Жалпы ережелер
1. Осы Академияға оқуға қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, Академия Жарғысына сәйкес әзірленді.
2. Академияға оқуға құжаттар Қазақстан Республикасының азаматтарынан, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдік азаматтардан және азаматтығы жоқ адамдардан (бұдан әрі — үміткерлер) және Академияға оқуға қабылдау қағидаларының 7-10-тармақтарының шарттарына сәйкес қабылданады.
3. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға түсу конкурсына құжаттарды тапсыру сәтінде заңнамада белгіленген зейнеткерлік жас шегінен шықпайтын оқудың және кейіннен жұмыспен өтеудің жиынтық мерзімдері, сондай-ақ мемлекеттік органда тұрақты штаттық лауазымды атқаруы ескеріле отырып, мемлекеттік қызметшілер қатыса алады.
4. Академия жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауды, оның ішінде өндірістен қол үзбей модульдік оқыту негізінде мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
1) 7М031 Әлеуметтік ғылымдар;
2) 7М041 Бизнес және басқару;
3) 8D031 Әлеуметтік ғылымдар;
4) 8D041 Бизнес және басқару.
5. Құжаттарды қабылдауды ұйымдастыру, оқуға түсу емтихандарын өткізу және Академияға қабылдау үшін жыл сайын Қабылдау комиссиясы құрылады, оның құрамы Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі.
6. Құжаттарды қабылдау жыл сайын 1 наурыз бен 5 маусым аралығында Академияның ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
7. Үміткерлер Академияның ақпараттық жүйесінде тіркеледі және мынадай құжаттарды қоса тіркейді:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) қосымшасы бар жоғары білім туралы құжаттың көшірмесі (магистратураға түсу үшін) немесе қосымшасы бар жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттың көшірмесі (докторантураға түсу үшін);
3) шетелдік азаматтарды қоспағанда, мемлекеттік тілді білу деңгейін В1-ден төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе QAZTEST сертификаты.
Ақпараттық жүйеде тіркелу кезінде 1-23 наурыз аралығында оқуға түсуші QAZAQ RESMI TEST тапсыра отырып, мемлекеттік тілді оқыту бойынша дайындық курстарынан өту қажеттілігін көрсетеді;
4) шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес келесідей нәтижелермен шет тілін меңгеру деңгейін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі IELTS, IELTS Indicator, TOEFL немесе APTIS:
магистратураға — IELTS 4,0 балдан кем емес, IELTS Indicator 4,0 балдан кем емес, TOEFL PBT 437 балдан кем емес немесе TOEFL IBT 41 балдан кем емес, APTIS төрт дағды бойынша (айтылым, жазылым, оқылым және тыңдалым) B1 (CEFR) деңгейінен төмен емес және IELTS баламасына сәйкес келетін кемінде 4,0 балл. Осы Қағидалардың 12.2-тармағы 2) және 3) тармақшаларындағы білім беру бағдарламаларына түсетін адамдарды қоспағанда;
докторантураға — IELTS 5,5 балдан кем емес, IELTS Indicator 5,5 балдан кем емес, TOEFL PBT 513 балдан кем емес немесе TOEFL IBT 65 балдан кем емес, APTIS төрт дағды бойынша (айтылым, жазылым, оқылым және тыңдалым) B2 (CEFR) деңгейінен төмен емес және IELTS деңгейінің 5,5-тен кем емес баламасына сәйкес келетін көрсеткіш.
Аталған сертификаттар болмаған жағдайда үміткерлер
01 наурыз бен 25 мамыр аралығында APTIS тестін тапсыру үшін ақпараттық жүйеде тіркеледі;
01-23 наурыз аралығында ағылшын тілін оқыту бойынша дайындық курстарынан өту қажеттілігін көрсетіп және APTIS тестін тапсыру үшін ақпараттық жүйеде тіркеледі.
Ағылшын тілі оқыту тілі болып табылатын шетелдік білім беру ұйымдарында дәреже алған үміткерлер тиісті құжатты ұсынған кезде осы талаптан босатылады.
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері үшін — жұмыс орнындағы кадр қызметі куәландырған қызметтік тізім; өзге үміткерлер үшін — жұмыс орнындағы кадр қызметі растаған кадрларды есепке алу жөніндегі жеке іс парағы немесе еңбек қызметін растайтын, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған өзге де құжат;
6) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік органның мемлекеттік саяси қызметшісі немесе аппарат басшысы, ал жоғарыда көрсетілген лауазымдар енгізілмеген мемлекеттік органдарда үміткер жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшысы не оның қызметіне жетекшілік ететін саяси қызметші қол қойған жолдама (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түсушілер үшін);
7) докторантура бағдарламаларына үміткерлер үшін – зерттеу жұмысының жоспары (research proposal).
8. Академияның ақпараттық жүйесінде 1 наурыз бен 23 сәуір аралығында тіркелу кезінде оқуға түсушінің Академияға түсу үшін дайындық курстарынан өту қажеттілігі болса, ол оны көрсетеді.
9. Шетелдік оқу орындары берген білім туралы құжаттар нотариалды куәландырылған қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге ұсынылады. Шетел азаматтары оқуға қабылданған күннен бастап алты ай ішінде білім туралы құжатты тану және нострификациялау туралы құжаттарды ұсынады.
10. Шетелдік жоғары оқу орындарының Қазақстан Республикасының азаматтарына – «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлеріне берген, сондай-ақ халықаралық шарттар (келісімдер) шеңберіндегі білім туралы құжаттар Қазақстан Республикасында тану немесе нострификациялау рәсімінен өтпей-ақ танылады.
Оқуға қабылданғанға дейін үміткерлер осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелерімен бірге салыстыру үшін түпнұсқаларды ұсынады. Салыстыру жүргізілгеннен кейін түпнұсқалар қайтарылады.
11. Құжаттарды қабылдаған адамның аты-жөні мен күні көрсетілген құжаттарды алғаны туралы хабарлама құжаттардың қабылданғанын растау болып табылады.
Үміткер осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда Академия құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама жібереді.
12. Жыл сайын 1 наурыздан 5 маусымға дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, сондай-ақ өзге де қаржыландыру көздері есебінен магистратураға және докторантураға түсетін тұлғалардан талаптарға сәйкес мынадай білім беру бағдарламаларына құжаттарды қабылдау жүзеге асырылады, оның ішінде:
12.2. оқу мерзімі бір жыл өндірістен қол үзбей (өзге де қаржыландыру көздері есебінен) магистратураның төмендегідей білім беру бағдарламаларына:
1) «Өңірлік даму» – Master of Regional Development бағдарламасына – құжаттарды тапсыру сәтінде жергілікті атқарушы органдарда және жергілікті және өңірлік даму мәселелерімен айналысатын орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінде кемінде екі жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар адамдар қабылданады.
13. Өзге де қаржы көздері есебінен оқуға түсуші үміткерлерге осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген мемлекеттік қызмет өтілі бойынша талаптар қолданылмайды.
14. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары білім берудің ұқсас деңгейі бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта тағайындауға үміткер бола алмайды («Білім туралы» ҚРЗ 8-бабының 2-тармағы).
15. Құжаттардың жарамсыздығы және (немесе) үміткерлер ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайда Академия кез келген кезеңде құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы.
16. Осы Қағидаларда көрсетілген магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша Академияға оқуға түсуші үміткерлер үшін конкурс 15 маусым мен 12 шілде аралығында өткізіледі.
Конкурстық іріктеуге Академияның ақпараттық жүйесінде тіркеуден өткен және осы Қағидалардың 7-12-ші тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін тұлғалар жіберіледі.
17. Осы Қағидалардың 12.2-тармағы 2) және 3) тармақшаларындағы білім беру бағдарламаларын қоспағанда, білім беру бағдарламаларына конкурстық іріктеу мынадай кезеңдерден тұрады:
1-кезең: эссе жазу;
2-кезең: кейсті шешу;
3-кезең: құзыреттерді бағалау (Assessment centre құралы);
4-кезең: мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде сұхбаттасу.
Бұл ретте, конкурстық іріктеудің 3 пен 4-ші кезеңдеріне конкурстың 1 мен 2-ші кезеңдерінен өткен адамдар жіберіледі.
Академияға оқуға қабылдау туралы шешім конкурстық іріктеудің төрт кезеңінен сәтті өткен үміткердің қорытынды бағасы негізінде қабылданады.
Қорытынды баға балдардың үлес салмағын ескере отырып, конкурстық іріктеудің барлық төрт кезеңінің нәтижесін бағалауды жиынтықтау арқылы алынған балдардың жиынтығын білдіреді.
Екі және одан да көп үміткерлердің қорытынды бағасының балдары тең болған кезде оқуға қабылдауға басым құқықты сұхбаттасу кезеңінің нәтижелері бойынша жоғары балл алған үміткер алады.
Қорытынды баға балдары, оның ішінде сұхбаттасу кезеңінің нәтижелері тең болған жағдайда, оқуға қабылдау туралы шешімді Қабылдау комиссиясы қабылдайды.
18. Executive Master of Public Administration және Executive Master of Business Administration бағдарламаларына түсуші үміткерлер мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде сұхбаттасудан өтеді.
19. Білім беру бағдарламалары бойынша кемінде бес адамнан тұратын конкурстық комиссия Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері кіреді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің және қалалар мен облыстар мәслихаттарының депутаттары, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық және халықаралық компаниялардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері енгізілуі мүмкін.
Конкурс комиссиясының жұмыс тәртібі Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі.
20. Үміткер білім беру бағдарламаларының біріне құжаттар тапсырады және таңдалған бағдарлама бойынша конкурстық рәсімдерден өтеді. Сол жыл ішінде конкурстық іріктеуден қайта өтуге жол берілмейді.
21. Конкурс қорытындысы бойынша жинаған балдарының кему тәртібімен сараланған адамдардың тізімі жасалады.
Оқуға қабылдау туралы бұйрық бекітілгеннен кейін оқудан бас тартылған жағдайда, білім алушы өзін оқытуға нақты жұмсалған қаражатты өтей отырып, оқудан бас тарту туралы өтінішті ұсынады.
Мұндай жағдайларда бос орынға тізім бойынша келесі үміткер қабылданады.
22. Магистранттар мен докторанттар қатарына қабылдау үшін үміткер оқуға қабылдау туралы бұйрық қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес құжаттарды және «Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабының 31) тармақшасымен бекітілген нысан бойынша медициналық анықтаманы, қосымшасы бар жоғары білім туралы құжаттың түпнұсқасын (магистратураға оқуға түсу үшін) немесе қосымшасы бар жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттың көшірмесін (докторантураға оқуға түсу үшін) ұсынады.
23. Қабылдау комиссиясының шешімі бойынша оқуға конкурстық іріктеуден өткен үміткерлер Академия ректорының бұйрығымен қабылданады, оның ішінде:
— мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурс нәтижелері жарияланған сәттен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей осы Қағидаларда көзделген үш жақты шартқа сәйкес;
— өз қаражаты есебінен осы Қағидаларда көзделген шартты жасасу және шарт талаптарына сәйкес ақы төлеу шартымен;
— Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражат көздері есебінен Академияның басқа ұйымдармен жасасқан келісім шарттарына сәйкес, осы Қағидаларда қарастырылған шарт жасалған жағдайда.
24. Академия білім алушылармен оқуға арналған шарттардың мынадай түрлерін жасасады:
1) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия мен жеке тұлғалардың қаражаты есебінен Білім алушылар арасында жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуды (магистратура) ұйымдастыруға арналған екі жақты шарттар;
2) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия, Білім алушы және осы адамды Академияға оқуға жіберген мемлекеттік орган арасындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары (магистратура, докторантура) бойынша оқуды ұйымдастыруға арналған үш жақты шарттар;
3) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия, Білім алушы және осы адамды Академияға оқуға жіберген заңды тұлға арасындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары (магистратура) бойынша оқуды ұйымдастыруға арналған үш жақты шарттар;
4) осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия, Білім алушы, әріптес ұйым және осы адамды Академияға оқуға жіберген мемлекеттік орган арасындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары (магистратура) бойынша оқуды ұйымдастыруға арналған төрт жақты шарттар.
5) осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия, өндірістен қол үзбей оқудың модульдік технологиясы бойынша Білім алушы мен осы тұлғаны Академияға оқуға жіберген заңды тұлға арасындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары (магистратура) бойынша оқуды ұйымдастыруға арналған үш жақты шарттар;
6) осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия мен өз қаражаты есебінен өндірістен қол үзбей оқудың модульдік технологиясы бойынша Білім алушы арасындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары (магистратура) бойынша оқуды ұйымдастыруға арналған екі жақты шарттар;
7) осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия, өндірістен қол үзбей модульдік технология бойынша Білім алушы, облыс әкімінің аппараты және аудан әкімдігі арасындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары (магистратура) бойынша оқуды ұйымдастыруға арналған төрт жақты шарттар.
25. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары (магистратура, докторантура) бойынша білім алушылар қатарына қабылдау оқуға қабылданғаны туралы хатпен расталады.
Академиядағы конкурстық іріктеуден өтпеген үміткерлерге жазбаша хабарлама жіберіледі.