25 жылЖаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет Мемлекеттік қызметшілердің HR форумы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтті

2019 жылғы 18 сәуірде Қазақстандағы алғашқы Мемлекеттік қызметшілердің HR форумы Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Форум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 25 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды.

Мемлекеттік органдардың кадрлық қызметтерінің мамандарына арналған талқылау алаңын өткізу идеясы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы жұма күнгі «Идеялар фабрикасы» брейнстормингтерінің бірінде алғаш рет айтылған болатын.

Форум мақсаты – персоналды стратегиялық басқару саласында озық технологияларды енгізу жолымен мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал ету және мемлекеттік қызметте кәсібилігі жоғары HR-менеджерлерді даярлауға арналған тұрақты жұмыс істейтін дамытушы алаңды құру. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың кадр қызметтерінің 200-ге жуық маманы форумның қатысушылары атанды.

«Бүгінгі таңда стратегиялық менеджменттің тәсілдерін ескере отырып, мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің жұмысын қағазбен жұмыс істеуден адамдармен жұмыс істеуге көшіру қажеттілігі туындап отыр. Сондықтанда Мемлекеттік басқару академиясының базасында мемлекеттік органдардың HR-менеджерлеріне арналған тұрақты жұмыс істейтін алаңды құру барлық мемлекеттік органдарда стратегиялық HR-басқаруға көшу үшін негіз болады деп сенеміз. Біз мемлекеттік органдардың кадр қызметтері мамандарының біліктілігін арттыру үшін арнайы бір жылдық «Master of Human Resource Management» атты білім беру бағдарламасын әзірледік және оны Мемлекеттік басқару академиясында осы оқу жылынан бастап іске қосамыз, бұл осы жұмысты іске асыруға қосқан елеулі үлесіміз болды», – деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының міндетін атқарушы Альтаир Ахметов.

А. Ахметовтің пікрінше, мемлекеттік қызметтің HR-менеджерлеріне арналған жаңа білім беру бағдарламасы адами ресурстарды тиімді басқару дағдыларын қалыптастыруға; тәуекелдерді ескере отырып, басқарушылық шешімдерді қабылдау, адами рестурстарға ұйымдардың қажеттілігін жоспарлау дағдыларын дамытуға; ұйымдық мәдениетті дамыту және мемлекеттік қызметшілердің жеке және кәсіби құзыреттерін дамыту дағдыларына бағытталған.

Алғашқы Мемлекеттік қызметшілердің HR форумы шеңберінде персоналды басқару саласындағы өзекті проблемалар қарастырылатын және шешілетін болады: дағдарысты кезеңдерде персоналды мотивациялаудан Қазақстандағы кадрлық саясат пен еңбек қатынастарын модернизациялауға дейін.

Қазақстанда мемлекеттік қызметті жаңғырту туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова баяндады

«Бүгінгі таңда реформалардың үш кезеңі өткерілді. Олардың нәтижелері – позициялық аралас үлгіден мансаптық үлгіге көшу болып табылады, ол меритократия, тиімділік және қоғамға есеп беру қағидаттарына негізделген.  Алдағы уақытта электрондық құжат айналымы жүйелеріне (ЭҚАБЖ, МОИП) қызметшілердің қашықтықтан қол жеткізуі мәселесі пысықталады. Бұл іссапарларда, жиналыстарда жүріп, жұмыс үдерісінен «қол үзетін» әріптестер жұмысының тиімділігін арттырады. Жұмыс кестесінің сақталуына жеке назар аударылуда. Әрбір адамда жұмысы, жеке өмірі мен өздігінен дамуының арасында оңтайлы теңгерім болу қажет. Жұмыс күнін оңтайландыру бизнес үдерістерін қайта қарауды талап етеді. Бұл басқарушылық шешімдерді қабылдау кезінде артық қағазбастылықты жояды. Біздің міндет – нәтижелі жұмыс істеу үшін мемлекеттік қызметшілерге барлық жағдайларды жасау».

Оның сөзінше, өкінішке орай, мемлекеттік сектордың, әсіресе салалық министрліктердің мемлекеттік қызметшілері жұмыс тәжірибесін жинақтап, көбінесе экономиканың басқа секторларына ауысып кетіп жатады. Мұндай тенденция энергетика (9,6%), сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму (8,8%) министрліктерінде байқалады. Негізгі себеп – бәсекеге қабілетсіз еңбекақы мен әлеуметтік пакет. Мұның барлығы қызметшілерді тарту, ұстап қалу мен дамытуға бағытталған мәдениетті құру арқылы стратегиялық HR енгізу қажеттілігін көрсетеді.

Форум Қазақстанмен қатар, шетелдік, атап айтқанда Сингапур, Литва мен Индия елдері сарапшыларының және практиктерінің жинақтаған бірегей тәжірибесін ұсынды. Әкімшілік етудегі өз құзыреттері мен құралдары туралы бизнес-тренерлер және салалық сарапшылармен қатар, мемлекеттік қызметшілер, персоналды басқару саласындағы мамандар да бөлісті.

Панельдік талқылау және KyzmetTalks, тренингтер мен брейнстормингтер, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі HR саласындағы шетелдік сарапшылармен Web-сессиялар, шеберлік кластары, практикумдер сынды түрлі форматтардағы іс-шарада мемлекеттік қызметтегі стратегиялық HR-менеджмент, таланттарды, құзыреттерді, шиеленістерді және жобаларды басқару мен тарту, HR-дегі цифрлық мүмкіндіктер, тиімді команданы қалыптастыру және өзге де мәселелер талқыланды. 

Форум «Мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды тиімді басқару» мен «Мемлекеттік қызмет персоналын басқарудағы инновациялар» атты екі панельдік сессиялардың жұмысынан, сондай-ақ таланттарды тарту және басқару, персоналды басқарудың цифрлық мүмкіндіктері, құзыреттерді басқару бағыттары бойынша 3 секциядан тұрды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай Мемлекеттік қызметшілердің HR-форумын жыл сайын өткізу жоспарлануда, басқа уақытта ол тұрақты консультациялық және оқыту алаңы ретінде жұмыс істейтін болады.


Your browser does not support SVGs