Мыңнан астам қазақстандық мемлекеттік қызметкер, оның ішінде
30%-дан астамы – ерекше қажеттіліктері бар адамдар, негізгі цифрлық және коммуникациялық дағдыларды дамыту бойынша оқудан өтті. Бұл бастаманы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы БҰҰ Даму бағдарламасымен, Астана мемлекеттік қызмет хабымен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп іске асырды.
Соңғы презентациясы бүгін өткен оқыту бағдарламасы COVID-19 пандемиясының нәтижесінде туындаған белгісіздік жағдайында мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш өзінің алғы сөзінде: «Бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да орын алған коронавирус пандемиясы мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың маңызды екенін нақты көрсетті. Бүгінгі таңда цифрлық үкіметтің даму деңгейі үнемі өзгеріп тұратын контекст жағдайында мемлекеттік қызметтерді үздіксіз ұсынуды қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік сектордың негізгі көрінісі болып келеді»,- деп атап өтті.
Бағдарлама аясында қатысушылар өзгерістерге бейімделу, эмоционалды интеллект, тиімді онлайн-коммуникациялар, жаңа жағдайларда өнімділікті басқару және цифрлық дағдыларды дамыту сияқты өзекті мәселелерді қарастырды.
«Бағдарламаның бірегейлігі, мерзімінің қысқа болуы, онлайн-форматта өтуі және отандық тренерлердің қатысуы сынды компоненттер жобаның сәтті шығуына әкелді. 1000 адамды қамтыған бағдарлама біздің команда үшін үлкен челлендж болды. Мемлекеттік басқару академиясының тренерлері Жанна Ибраева мен Тимур Қалдыбаев онлайн-аудиториямен және жаңа технологиялармен жұмыс жасауда жоғары кәсібилігін көрсетті. Бұл тәжірибе Мемлекеттік басқару академиясы уақыттың жаңа талаптарына өте икемді бейімделе алғанын және оқытуға қашықтықтан оқыту әдістерін енгізе алғанын тағы да көрсетті. Жоба үлкен аудиторияға сәтті сыналды және біз оны басқа мемлекеттік органдарға ұсынуға және БҰҰДБ-мен одан арғы жұмыстың егжей-тегжейін талқылауға дайынбыз», – деді Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
Айта кету керек, қатысушылардың үштен бірі – басшылар, үш жүзден астамы – ерекше қажеттіліктері бар адамдар. Инклюзияға, цифрландыруға және болашақта өзекті болатын дағдыларды дамытуға инвестиция салу – БҰҰДБ мен Қазақстанның келесі бес жылдағы ынтымақтастығының маңызды бағыты.
«Белгісіздік жағдайында мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін арттыру» оқыту бағдарламасы мемлекеттік қызметшілердің сауалнамасы негізінде әзірленді және осы жылдың маусым айында іске қосылды. Бұл бағдарлама коронавирустық пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарын жеңілдетуде БҰҰДБ тарапынан Қазақстан Үкіметін жедел қолдаудың елдік бағдарламасының негізгі компоненттерінің бірі болып табылады.