2025 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адами ресурстарды басқарудың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық GovHR форумы өтті. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен іс-шара ғаламдық сын-қатерлер дәуіріндегі мемлекеттік басқаруды трансформациялау бойынша үздік тәжірибелермен алмасуға және бірлескен шешімдерді әзірлеуге арналған бірегей алаңға айналғанын көрсетті.
Форум аясында тәжірибе алмасу мақсатында БҰҰ өкілі, Катар Мемлекеттік қызмет және кадрлық әлеуетті дамыту бюросының директоры Саиф Аль-Кааби, Моңғолия Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі кеңестің төрағасы Цэдэвсурэн Лхагва, Сьерра-Леоне Адами ресурстарды басқару кеңсесінің бас директоры Ансу Такер, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Илёс Идрисзода, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, БАӘ, Қырғызстан, Марокко, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Руанда, Сингапур, Түрікменстан, сияқты әріптес елдердің уәкілетті органдарының басшылары мен жетекші мамандары және сарапшылары қатысты.
Форумды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай ашып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған іс-шараға арналған құттықтау хатын оқыды. Президент, өз сөзінде, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты басшылыққа алынғанын атап өтті.
Дархан Жазықбай өз сөзінде мемлекеттік секторда тиімді, адамға бағдарланған ресурстарды басқару жүйесін дамытуды форумның басты тақырыбы екеніне назар аударып, стратегиялық HR-жүйесін қалыптастыру, кадр саясатына цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, жас мамандарды қолдау және мемлекеттік органдардағы басшылары рөлін трансформациялау сынды төрт негізгі бағытқа басымдық берді.
.
Форум барысында қазақстандық тарап серіктес елдердің табысты тәжірибелеріне қызығушылық танытты. Осы орайда, әсіресе Катардың мемлекеттік және жекеменшік секторына кадр іріктеу платформасы болып табылатын Kawader жүйесі мен 85 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіге SMART-мақсаттар қою, мониторинг жасау және бағалау мүмкіндігін беретін Ada’a тиімділікті басқару жүйесін ерекше атап өтуге болады. Моңғолияда тағайындау және кадрлық реестр процестері автоматтандырылған арнайы портал арқылы жүргізіледі, сондай-ақ түйіндеме талдауы мен үміткерлерді алдын ала іріктеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі «пилоттық» модуль іске асырылуда.
Форумда негізгі халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесуге ерекше назар аударылды. Форумға бейнебайланыс арқылы қатысқан БҰҰ-ның Азаматтық қызмет жөніндегі халықаралық комиссиясының (ICSC) төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ларби Джакта Қазақстанның кадрлық саясатта озық көзқарас ұстанып отырғанын және басқа елдерге үлгі бола алатынын атап өтті.
Пікір алмасулар, панельдік және форсайт-сессиялар нәтижесінде мемлекеттік қызмет пен адами ресурстарды басқару жүйесін дамытуға арналған негізгі ұсыныстар мен бағдарларды қамтитын GovHR резолюциясы қабылданды. Атап айтқанда, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жасанды интеллект, Big Data, бұлттық шешімдер мен блокчейн технологияларын кезең-кезеңмен енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, деректерді біртұтас көзден басқару, бюрократиялық кедергілерді азайту, цифрлық қауіпсіздікті күшейту және People Analytics құралдарын кадрлық шешімдер қабылдауда белсенді пайдалану қажеттілігі айтылды.
Іс-шараға қатысушылар foresight-сессиялар барысында «Құзыреттер картасы 2030», «Деректер саясаты» және «HR архетиптері 2035» тәрізді жаңа HR-модельдерді қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірледі. Осының негізінде цифрлық дағдыларға басымдық беретін жеке әрі практикаға негізделген оқытуға көшу қажеттілігі атап өтілді.
Қатысушылар аталған форумның білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар уақыт талаптарына сай озық шешімдерді енгізуге қабілетті кәсіби мемлекеттік қызмет қауымдастығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті.