Жаңалықтар

Атырау облысындағы іссапар нәтижесі

11 наурызда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әбіл Ерлан Қуанышұлы Атырау өңірінде қызметтік іссапармен келді.

Атырау облысы әкімдігі мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласында ынтымақтастықты нығайту мен дамыту мақсатында жасалған Меморандум арқылы Академия ректоры Е.Қ.Әбіл мен Атырау облысы әкімі  Махамбет Жолдасқалиұлы Досмұхамбетов өзара республикада, өңірде қоғамға, мемлекетке адал қызмет етер кәсіби білікті мамандардың қатарларының артуына тілек білдіріп, серіктестік қарым-қатынас орнату арқылы бірлескен қызметтеріне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар Академияның Атырау филиалында «Академиямен бір қадам алға» деген ұстаныммен ұйымдастырылған «Мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамытудағы жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы зор мүмкіндікке жол сілтер шара – Ынтымақтастық меморандумының мақсатты жалғасындай болды.

Конференцияға ардагер мемлекеттік қызметшілер, Академияның түлектері, облыстық басқарма басшылары, аудандық, ауылдық округ әкімдері, магистратураға түсуге үміткерлер қатысты.

Облыстық ғылыми- тәжірибелік конференция жұмысын алғы сөзбен Атырау облысының әкімі Досмұхамбетов Махамбет Жолдасқалиұлы ашты.

Келесі сөз кезегін алған конференцияның қонағы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әбіл Ерлан Қуанышұлы мемлекеттік қызметшілердің мансаптық, кәсіби өсу жолындағы және әлеуетін дамытудағы мүмкіндіктерге тоқталды.

Конференцияға қатысушыларға Академия түлегі, Атырау қаласы әкімі орынбасары Қаражанов Жұмабек Байрақбайұлының «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және менің жетістігімнің тарихы» тақырыбындағы пікірі ерекше әсер қалдырды.

Конференция жұмысының бағыты бойынша ашық микрофон арқылы сұрақтар қойылып, қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті. Республикалық, өңірлік деңгейдегі тағылымдама, тәжірибе алмасу, магистратураға түсудегі мүмкіндіктер аясындағы, т.б. мәселелері кеңінен талқылады.

Конференцияны Атырау филиалының директоры Нұртілеуова Жаннат Асылбекқызы қорытындылап, конференция қонақтарына, конференция қатысушыларына Филиал атынан алғысын білдірді.

 


Your browser does not support SVGs