Жаңалықтар

Астана экономикалық форумының шеңберінде цифрлық мемлекеттік басқару мәселелері талқыланды

2018 жылдың 18 мамырында өткен «Global Challenges Summit» атты ХІ Астана экономикалық форумының шеңберінде «Мемлекеттік басқарудың digital дәуірдегі тәжірибесі мен сын-тегеуріндері» және «Цифрлық мемлекеттік басқаруға арналған дағдылар мен көшбасшылық» тақырыптарында панельдік сессиялары ұйымдастырылды. Сессияның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев сессияға қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.

Асқар Жұмағалиев өз сөзінде Қазақстанда әрі қарай цифрландыруды дамыту бойынша бірқатар өзекті тақырыптарды қозғап, Үкімет цифрландыру бойынша бастамаларды қолдауға, сондай-ақ салықтық, қаржылық жеңілдіктер жасау және адами капиталды даярлау жолымен осы үдерістерді ынталандыруға дайын екенін атап өтті. 
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев та сессия қатысушыларына құттықтау сөз арнап, Агенттік және оның ведомстволық ұйымдары жүйелі цифрландыру үдерісін іске асырып жатқанын баса айтты. Мақсаты күнделікті жұмысты барынша автоматтандыру болып табылатын «Цифрлық Агенттік» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде электронды құжат айналымына көшу іске асырылды және ішкі есептілік 3 есеге қысқартылды. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі жаңартылып жатыр.

Панельдік талқылау жұмысына Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы Басқарушы комитетінің Төрағасы Әлихан Бәйменов, 2006–2016 жылдардағы Эстония Президенті Тоомас Илвес, Македония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Илия Псалтиров, Корея Республикасының АКТ дамыту министрлігі Электронды үкімет орталығының АТ жөніндегі кеңесшісі Санг Чул Шин, Таллин техникалық университетінің доценті, «Ситра» фин инновациялық қорының кеңесшісі Мадис Тиик, IHS Global Insight компаниясының аналитигі Алекс Меликишвили, Қазақстан мен Орталық Азия өңіріндегі Meinhardt Group атқарушы директоры Кевинг Чонг және Мохаммед бин Рашид атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің профессоры Скотт Фаргер қатысты. Сессия модераторлары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ф.Н. Жақыпова және Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабының консультативтік кеңесінің үйлестірушісі, Стратегиялық бастамалар орталығының басқарушы серіктесі Е. Жаркешов болды.

Іс-шараның негізгі мақсаты цифрлық мемлекеттік басқару саласындағы әлеуетті мүмкіндіктер, тегеуріндер, жетістіктер және инновациялар туралы ақпаратпен және тәжірибемен алмасу, сондай-ақ ынтымақтастық үшін кәсіби байланыстар жүйесін кеңейту болды.

«Мемлекеттік басқарудың digital дәуірдегі тәжірибесі мен сын-тегеуріндері» атты бірінші панельдік талқылау барысында Эстониядағы мемлекеттік басқарудың негізгі стратегиялары мен табысты тәжірибелері, Корея Республикасындағы е-Үкімет жүйесінің жүргізілуі, Македония Республикасындағы е-кадастрдың енгізілуі қарастырылып, Қазақстан үшін басым мақсаттар мен міндеттер талқыланды. MER Group бас директоры Нир Лемперт ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде киберқауіпсіздікті арттыру қажеттілігі туралы айтты.

Сарапшылар енгізілген жобалардың табыстылығы мен тиімділігінің негізгі критерийі алға қойған міндеттерді іске асыруда мемлекеттік органдардың, сарапшылық қоғамдастықтың, үкіметтік емес ұйымдардың күшін шоғырландыру болып табылғандығына баса назар аударды.

«Цифрлық мемлекеттік басқаруға арналған дағдылар мен көшбасшылық»тақырыбы бойынша екінші панельдік талқылауда Эстониядағы Е-денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуі мәселесі, Біріккен Араб Әмірлігінің технологиялық трансформациясының тәжірибесі, сондай-ақ Цифрлық индустрияға ұмтылуда компанияларға әсер ететін негізгі факторлар қарастырылды. Сарапшылар, Үкімет халықтың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, цифрлық қызметтерге деген сенімін нығайтуы қажет деген ортақ пікірге келді. Панельдік сессия аясында интерактивті сауалнама жүргізіліп, оның қорытындысы көпшілікке ұсынылды.


Your browser does not support SVGs