Елімізде COVID-пен ауырғандар санының күрт өсуіне байланысты Қазақстанның Британдық кеңесі (https://www.britishcouncil.kz) өкінішке орай, 2020 жылдың 17 шілдесінде Академияның үміткерлері үшін жоспарланған APTIS тестін қоса алғанда, барлық тесттердің өтпейтіндігін және кеңселерді уақытша жабуға мәжбүр екенін жеткізіп отыр.
Орын алып отырған жағдайға байланысты, Академия үміткерлерге DUOLINGO тестін тапсыру мүмкіндігі бар екендігін мәлімдейді.
ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАЛАЙ ТАПСЫРУ ҚАЖЕТ?
Ағымдағы жылдың 10 шілдесіне дейін (Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 18:30-ға дейін) Қабылдау комиссиясы келесі құжаттар пакетін қабылдайды:
1) өтініш (онлайн-сауалнама);
2) қосымшасымен бірге жоғары білім туралы құжаттың көшірмесі (магистратураға түсу үшін) немесе қосымшасымен бірге жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттың көшірмесі (докторантураға түсу үшін);
3) IELTS немесе TOEFL тестін тапсырғаны туралы сертификаттың көшірмесі немесе *Duolingo English Test тестін тапсыруға арналған өтінім (ағылшын тілі оқыту тілі болып табылатын білім беру ұйымдарында дәреже алған үміткерлер тиісті құжатты ұсынған кезде осы талаптан босатылады);
4) еңбек қызметін растайтын құжат (Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері үшін қызметтік тізім немесе басқа адамдар үшін кадрларды есепке алу жөніндегі жеке іс парағы);
5) 086-У нысанындағы медициналық анықтама (а.ж. 1 тамызға дейін ұсынуға болады);
6) жолдама (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түсушілер үшін);
7) магистратура бағдарламасына үміткерлер үшін – екі эссе;
докторантура бағдарламасына үміткерлер үшін – эссе, зерттеу жұмысының жоспары (research proposal) және бар болған жағдайда ғылыми еңбектерінің тізімі.
*Құжаттарды тапсыру рәсімі құжаттардың толық пакеті (онлайн) жүктелгеннен кейін ғана аяқталды деп есептеледі. Егер құжаттарды тапсыру сәтінде Сізде IELTS/ TOEFL/ Duolingo сертификаттарының бірі болмаса, құжаттарды тапсыру рәсімін аяқтау үшін Duolingo тестін тапсыруға арналған өтінім нысанын жүктеу қажет. Нысанды www.apa.kz сайтында «Оқуға түсу» бөлімінде жүктеп алуға болады.
Осы жағдайды ескере отырып, біз DUOLINGO тестін тапсыру мерзімін ағымдағы жылдың 17 шілдесіне дейін ұзартып отырмыз, бұл ретте құжаттар пакетін 10 шілдеге дейін (қоса алғанда) жүктеу қажет екенін ескеріңіз.
БҰЛ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Бұл Сізге құжаттардың толық пакетін ағымдағы жылдың 10 шілдесіне дейін тапсыру қажет дегенді білдіреді, ал Duolingo тестін ағымдағы жылдың 17 шілдесіне дейін тапсыруға болады.
Сонымен қатар, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты, DUOLINGO көп тестілеу жүргізуіне орай, тест нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін 5 күн ішінде қолжетімді болуы мүмкін. Егер Сіз тестілеуден 10 шілдеде өтсеңіз, онда Duolingo English Test емтиханының нәтижелері 2020 жылдың 15 шілдесінде қолжетімді болады.