Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру және жасанды интеллектіні ел дамуының негізгі драйвері ретінде дамыту стратегиялық басымдық екенін атап өтті.
Осы бағытты іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Astana IT University (AITU) өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған серіктестік білім беру мен ғылымды дамытуға, мемлекеттік қызметшілер мен профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологияларды басқару практикасына енгізу көзделіп отыр. Тараптар қос дипломды білім беру аясындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде «Цифрлық мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасы бойынша жұмысқа ден қоймақ.
Атап өтейік, Мемлекеттік басқару академиясының базасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасымен Қазақстанда баламасы жоқ жасанды интеллект зертханасы құрылды. Бұл зертхана мемлекеттік сектор үшін интеллектуалды шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу бойынша құзыреттер орталығына айналады.
