Бүгін Даму күні аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Академияның ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдерімен «АДАЛ АЗАМАТ – ҮЛГІЛІ ҚЫЗМЕТКЕР» тақырыбында кездесу өтті. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдікұлы, Әлібек Асылбайұлымен кездесуге Академия магистранттары, докторанттары және қызметкерлері қатысты.
МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет саласына ұзақ жылдар еңбек сіңірген ардагерлерге Мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалған «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін табыстады. Дархан Медеғалиұлы өз сөзінде зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізу игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
«Бүгінгі қонақтарымыз – жазушылықпен қатар ұзақ жылдар ел тәуелсіздігін нығайтуға сүбелі үлес қосып келе жатқан қайраткер тұлғалар. Ой көзімен қарайтын болсақ, әдебиет тұтастай қоғамды ізгілікке тәрбиелеуде, ұрпақтың сана-сезімін өркенді өзгерістерге бастауда үлкен рөл атқарады. Мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіби маман болу жеткіліксіз, сонымен қатар олардың сапалы тұлғалық қасиеттерге ие болуы маңызды. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын қалыптастыруда көркем әдебиет маңызды рөл атқарады. Әдебиет адамды моральдық және этикалық құндылықтарға, ұлттық рух пен патриотизмге тәрбиелейді», – деді төраға.
Бүгінгі кездесуде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері жас мемлекеттік қызметшілерге ақыл-кеңесін айтып, қызметте істеген жылдарынан естеліктерін бөлісті.
Белгілі жазушы Төлен Әбдікұлы болашаққа сеніммен қарайтынын, мемлекеттік қызметшілердің елімізді дамытуға зор үлес қосатынына үміт артанынын айтты.
«Мемлекет – мемлекеттік қызметкердің арқасында өмір сүреді. Мемлекеттік қызметкер деген сөз – ұлтқа қызмет ететін адам деген сөз. Мемлекеттік қызметкер өте таза болуы, білікті болуы, қабілетті болуы – жалпы біздің ұлтымыздың болашағын анықтайтын нәрсе», – деді Төлен Әбдікұлы.

Даму күні аясында белгілі ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлымен кездесу өтті.
«Адал азамат – қоғам тірегі» тақырыбында өткен танымдық шарада айтыскер ақын тағылымы мол әңгіме айтып қана қоймай, бүгінгі қоғамның келбеті жайлы ойын бөлісті. Кездесу барысында ұрпақ тәрбиесі, еліне, халқына адал қызмет ететін нар тұлға азаматтардың болмысы қандай болу керектігін талдап көрсетті. Сонымен қатар мемлекеттің іргесі берік болуы үшін өзінің өмірлік тәжірибесінде атқарған бірқатар шараларына да тоқталды.
Кездесу барысында Академия магистранттары мен докторанттары ақынға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Ақынға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Жазықбай Дархан Медеғалиұлы ұжым атынан жылы ықыласын білдіріп, ұжым атынан алғысын жеткізді. Дәулеткерей Кәпұлы да өз кезегінде өзінің қаламынан туған жалынды өлеңдерін оқып беріп, бірнеше еңбегін Академия кітапханасына табыстады.
Академияда Даму күні аясында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай мемлекеттік қызметшілерге «МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИА МАЗМҰН. МИССИЯ. ЖАУАПКЕРШІЛІК» тақырыбында дәріс оқыды.
Ләззат Мұратқызы Академия магистранттары мен докторанттарына телерадиокорпорацияның өнімдерін таныстырып, рейтингтік көрсеткіштер, Digital көрсеткіштер, саяси жобалар, қоғамдық-әлеуметтік жобалар, телехикаялар өндірісі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ корпорация төрайымы 2025 жылға жоспарланған маңызды трансляциялар туралы айтты.
Академия білім алушылары белгілі журналиске медиа этика, коммуникация саласы, БАҚ-пен жұмыс туралы сұрақтарын қойып, телерадиокорпорацияның қызметіне қатысты ұсыныстарын айтты. Кездесу соңында Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы көп жылдан бері тиімді серіктестік және ақпараттық қолдауы үшін алғыс айтып, Ләззат Мұратқызына мерейтойлық медаль табыстады.
«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасын, «Balapan», «Qazsport», «Abai tv» телеарналарын, Qazaq radiosy, «Shalqar» радиосын, «Astana», «Classic» радиоларын және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Qazaqstan» телеарнасы қазақстандық телеарналар арасында 10,9% аудитория үлесімен екінші орынға тұрақтады. Ал тек қазақтілді аудитория арасында 15,4% үлеспен бірінші орында тұр.