Бүгін Даму күнінде «Экономист+» пікірталас клубының «Мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың монетарлық емес жолдары» тақырыбындағы қорытынды сараптамалық отырыс өтті. Шара мемлекеттік қызметтегі ақшалай емес мотивация жүйесін жетілдіру бойынша өзекті тәсілдер мен ұсыныстарды талқылауға арналды. Талқылауда Ұлттық Корпоративтік басқару академиясының басқарушы директоры Қазыбаев Айдар мен зерттеуші, жеке тиімділік жөніндегі сарапшы Ботагөз Бұралқиева дәріс оқып, өз тәжірбиелерімен бөлісті.
Отырыстың мақсаты – ішкі мотивациялық механизмдерді дамыту, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызмет жүйесінде қолданылуының институционалдық және нормативтік негіздерін қалыптастыру.Ботагөз Бұралкиева мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың монетарлық емес жолдарындағы зерттеулерінің нәтижелері мен мемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған практикалық ұсыныстарын ұсынды.
Сарапшылардың баяндамаларынан кейін қатысушылар фокус-топтар форматында белсенді пікір алмасып, ақшалай емес мотивация тетіктерін институционализациялау және ілгерілету бойынша ұсыныстар әзірледі.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері – Үсенова Г., Абданбеков А., Нұрмағамбетов Д., сондай-ақ адами ресурстарды басқару бағдарламасының магистранттары белсене қатысып, нақты ұсыныстар мен бастамаларымен бөлісті. Қорытынды сөзінде профессор Алтай Болтайханұлы бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды және мемлекеттік органдарға арналған ұсыныстарды нақтылауды айтты. Профессор талқыланып отырған мәселенің мемлекеттік қызмет жүйесінде реформалаудағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Отырыс соңында қатысушыларға профессор Дуламбаева Р., Джумабаев С.А, Кусаинова Л.И, Нұрмағамбетов Д. және т.б. авторлығымен шыққан монографиялар мен оқулықтар табысталды.