Жаңалықтар

Америка архивтеріндегі қазаққа қатысты деректер

Бүгін Академияда «Даму күні» аясында ұйымдастырылған кездесуге ақын, журналист, «Болашақ» стипендиаты Дүйсенәлі Әлімақын шақырылды. Зерттеуші білім алушылар мен қызметкерлерге АҚШ-тың Вашингтон университетінде тәжірибеден өтіп, сондағы архивтерде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Ақын өз сөзінде АҚШ кітапханалары мен архивтерінде сақталған, қазақ халқына қатысты тың тарихи деректер мен сирек суреттер туралы айтты. Оның айтуынша, қазақ жеріне арнайы сапармен келген еуропалық саяхатшылар мен зерттеушілердің жазбаларында халқымыздың болмысы, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті нақты сипатталған. Көпшілік назарына ұсынылған деректер арасында еліміздің архивтерінен кездесе бермейтін фотосуреттер де бар. Мәселен, Жамбыл Жабаевтың бұрын беймәлім суреті мен комбайн айдап тұрған қазақ қызының фотосы қатысушылар көңілінде терең әсер қалдырды.

Дәріс барысында Дүйсенәлі Әлімақын жақында жарық көрген «Америка ашқан қазақтар» атты тарихи-танымдық кітабын таныстырды. Бұл еңбек АҚШ-тың ұлттық кітапханалары мен архивтерінен жинақталған тарихи фотоқұжаттар мен жазбаларға негізделген. Онда сол дәуірдегі америкалық ғалымдар мен саяхатшылардың қазақ елі туралы этнографиялық жазбалары мен көрген-түйгендері қамтылған. Зерттеуші бұл тақырыппен 2018 жылдан бері айналысып келетінін айтты. «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде де, кейін «Егемен Қазақстанда» қызмет еткенде де зерттеуін жалғастырған. Ақын өз сөзінде АҚШ-тың Конгресс кітапханасы, Принстон университеті мен Сиэтлдегі архивтерден құнды деректерді жинақтағанын атап өтті.

Кездесу соңында Академия магистранттары мен докторанттары журналистке сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасу болды. Тың деректермен сусындаған қатысушылар зерттеушіге алғыс айтып, кітабына қолтаңба алды. Ақынның еңбегі – тарихымыздың ұмыт қалған парақтарын қайта сөйлеткен маңызды қадам.

Даму күні аясында «Жобалық менеджмент: алғашқы қадам (Жобалық менеджер үшін қандай дағдылар маңызды)» тақырыбында тренинг өтті. Тренингті Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты, PMI стандарттары бойынша жобалық басқару сарапшысы Диназат Касымова жүргізді. Қатысушылар жобалық менеджменттің негізгі қағидаларымен танысып, жобалық топты тиімді басқару мен оларға мотивация беру үшін қажетті дағдылар туралы ақпарат алды. Сондай-ақ Академия білім алушылары PMI стандарттарымен, PMBoK бойынша білім салалары және процестерімен танысып, жобаны сәтті жүзеге асыру үшін Жоба жарғысын әзірлеумен айналысты.

Академия қабырғасында сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін аса өзекті тақырып – «Мемлекеттік қызметтегі бренд: сенім мен беделді қалыптастыру» атты тренинг өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған кездесу аясында Академияның магистранттары мен докторанттары тәжірибелі PR маманнан құнды кеңестер алды. Спикер ретінде «QazTrade» сыртқы сауданы қолдау жөніндегі ұлттық операторының PR директоры Назерке Бастами шақырылды. Кәсіби маман тыңдаушылармен жеке бренд қалыптастырудың маңызы, тиімді әдіс-тәсілдері, аудиториямен жұмыс істеу тетіктері туралы ой бөлісті. Сонымен қатар қатысушылар спикерге тікелей сауалдарын қойып, нақты жауаптар мен тәжірибелік ұсыныстар ала алды.

Мемлекеттік қызметте жеке бренд — тек имидж емес, сонымен қатар қоғам сенімін қалыптастыратын маңызды құрал. Кездесу тыңдаушылар үшін танымды әрі мотивациялық әсер қалдырды.


Your browser does not support SVGs