Бүгін Академияда Даму күні аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы
Өтемісов Шафхаттың қонақ дәрісі өтті. Дәріс барысында Шафхат Әнесұлы Қазақстанның демократиялық даму бағытын жалғастыру аясында сайлау жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.
Сондай-ақ саладағы реформалар туралы толыққанды ақпарат берді.
«Бұл өзгерістер елдегі саяси үдерістердің ашықтығы мен әділдігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған»,
– деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы өз сөзінде.
Сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтар:
- Бір адам тек бір рет қана Президент болып сайлана алады. Бұл биліктің ауысуын қамтамасыз ететін, саяси жүйені жаңартуға бағытталған маңызды қадам.
- Аудан әкімдерін халықтың тікелей сайлауы енгізіледі. Бұл жергілікті басқарудың ашықтығын арттырып, тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтады.
- Қоғамдық ұйымдарды байқаушы ретінде тіркеу тәртібі жеңілдетіледі. Бұл сайлаудың әділ өтуіне және азаматтық бақылаудың күшеюіне жол ашады.
- Сайлау үдерісіне шетелдік күштердің ықпал етуіне тыйым салынады.
- Аумақтық және аудандық сайлау комиссияларының қызметі кәсібилендіріледі.
- Әлеуметтік желілердегі үгіт-насихат жұмыстары арнайы платформалар арқылы жүргізіліп, жалған ақпарат таралуының алдын алу көзделген.
Академияда «Даму күні» аясында Миколас Ромерис университетінің (Литва) орнықты даму жөніндегі вице-ректорының кеңесшісі, Климаттық пакт жөніндегі Еуропалық комиссиясының елшісі Номеда Гуделиене қонақ дәріс өткізді. Доктор Номеда Гуделиене «Жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық» тақырыбында дәріс оқыды. Спикер Миколас Ромерис университеті мен БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатын (ТДМ) іске асыру жөніндегі жергілікті атқарушы билік органдарының тәжірбиесімен бөлісті. Академияның Вице-ректоры Әлия Рмғазықызы Қазақстан үшін де айтылған тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Айта кетсек, Академияда тұрақты даму бойынша курстар енгізілді. Елімізде ТДМ-ға қол жеткізу ұлттық басымдық болып табылады және Үкімет тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ Академия – Эрасмус+ «Орта Азия елдеріндегі білім беру және жұмыспен қамту секторларындағы қоршаған орта мәселелерін, әлеуметтік қажеттілік және тиімді басқару принциптерін біріктіру» жобасының қатысушысы.