Академияда Даму күнінде «Өзгерістер кеңсесі» жобасы аясында Президенттік Академия түлектерінің альянсы адам мінез-құлқын және оның шешім қабылдау процесін тереңірек түсінуге арналған іс-шаралар өткізді. Шара барысында психолог, гештальт-кеңесші және дағдарыс жағдайындағы психотерапевт Жанат Баянқызы Абдулова қонақ дәріс оқыды.
Кездесуде спикер профайлинг – адамның сыртқы белгілері мен вербалды емес коммуникациясы арқылы тұлғалық ерекшеліктерін тану әдістері жайлы айтып, адамдардың қасиеттері мен айырмашылықтарын талдады. Қатысушылар адамдардың эмоцияларын қарым-қатынас барысында қалай тануға болатынын зерттеді. Сонымен қатар «Даму күні» аясында Халықаралық мектептің ағылшын тілі мұғалімі, келіссөздер бойынша сарапшы Галима Мауленнің қатысуымен өткен “How do they manipulate us?” тақырыбында Speaking Club өтті.
Аталған шаралар қатысушылардың сыни ойлауларын дамытып, бір-бірімен пікір алмасуға мүмкіндік берді. Бүгін Даму күні аясында «Көпшілік алдында сөйлеу» тақырыбы бойынша практикалық сессия өтті. Сессияны Мичиган Мемлекеттік университетінде (АҚШ) білім алған Коммуникация саласының магистрі Дана Ғазиз жүргізді. Медиа-студияда өткен тренингке Академия қызметкерлері, магистранттары және докторанттары қатысты.
Сессия барысында көпшілік алдында дұрыс сөйлеуді үйрену және жоспарлау, ойын сенімді жеткізу, тыңдаушының белсенділігін арттыру жолдары талқыланды. Теориялық негіздермен қатар, практикалық жаттығулар мен ойындар өткізілді. Көпшілік алдында сөйлеуге деген қорқынышты жеңуге көмектесетін қарапайым тәсілдер де талқыланды.
Академияның Қоғаммен байланыс секторының Коммуникация жөніндегі бас сарапшысы Дана Ғазиз бұл дағдылар тек оқу процесінде ғана емес, күнделікті өмірде, қызмет бабында және кез келген жағдайда ойыңды дұрыс жеткізу үшін де өте маңызды екенін атап өтті. Магистрлік жұмыстарын қорғауға дайындалып жүрген білім алушылар үшін мұндай практикалық жаттығулар – нағыз тәжірибе алаңы.