Академия делегациясы Гонконгта өткен қалалық басқару, инновациялар және аймақаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған халықаралық «Urban Governance and Innovation Conference» конференциясына қатысты. Шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық және жеке ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Гонконг, Қытай, Индонезия, Тайланд, Грузия, Испаниядан келген жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты.
Конференция қалалық басқару мен инновациялық дамудың теориясы мен тәжірибесін кейс-стадилер, аналитикалық талқылаулар және ғалымдар мен мамандар арасындағы тәжірибе алмасу арқылы дамытуға бағытталды. Форумның негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттік және қалалық басқару саласындағы мамандардың әлеуетін арттыруға ықпал ету.
Академия ректоры А. Жолманов «Public Administration Transformation in Central Asia and the Caucasus: Challenges, Innovations and Regional Collaboration» тақырыптық сессиясында баяндама жасап, Қазақстандағы мемлекеттік басқаруды трансформациялау мәселелерін таныстырып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби даярлау, олардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету және үздіксіз оқыту бағыттарындағы Академияның рөлін атап өтті.
Форум барысында Академия мен Гонконг қалалық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат академиялық алмасуды, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және бірлескен білім беру мен зерттеу бағдарламаларын іске асыруды көздейді.