2025 жылғы 13 қараша күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қаржыгерлер күніне орай «Қазақстан Республикасының фискалдық және монетарлық саясатының жаңа тәсілдері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара пікірталас клубы «Экономист+» алаңында сараптамалық сессия форматында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қатысушылар фискалдық және ақша-несие саясатын қалыптастыру мен іске асырудың заманауи тәсілдерін, сондай-ақ қаржы, салық-бюджет және монетарлық бағыттардың өзара үйлесімін арттыру жолдарын қарастырды. Сарапшылардың пікірінше, экономикалық саясатты тиімді үйлестіру инфляцияны тұрақтандырудың, экономикалық тоқыраудың алдын алудың және орнықты өсуді қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып табылады.
Дөңгелек үстелге орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ Академияның магистранттары мен докторанттары қатысты.
Баяндамашылар қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Құлекеев, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин, ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, ҚР Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Талдау және есеп департаментінің директоры Нұрлан Катренов, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов және «Астана» халықаралық университетінің профессоры Серік Жұмабаев бар.
Спикерлер мемлекеттік экономикалық саясатты жетілдіруде кәсіби пікір алмасу мен сараптамалық бағалаулардың маңыздылығын атап өтті. Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі – фискалдық жүктеме, инфляциялық тәуекелдер және бюджеттік шығындардың тиімділігі болды.

ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, биыл наурыз айында жаңа Бюджет кодексі қабылданды. Оны әзірлеудің алдында 2008 жылғы Кодекстің Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкестігіне бағалау жүргізілген.
«Халықаралық сарапшылардың ұсынымдары жаңартылған Бюджет кодексінің негізіне алынды. Оның нормалары 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру және он жылдық даму болжамын әзірлеу кезінде қолданылды. Алғаш рет шығыстардың өсу қарқыны экономиканың әлеуетімен және нысаналы инфляция деңгейімен нақты байланыстырылды: бюджет ережелеріне сәйкес, олар 2026 жылы – 108,7%, 2027 жылы – 109,1%, ал 2028 жылы – 109,3% мөлшерінде болады. Бұл көрсеткіш реформаларға дейінгі 121% деңгейінен төмен. Сонымен қатар Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 2026–2028 жылдары жыл сайын 2,77 трлн теңге мөлшерінде белгіленді, ал нысаналы трансферт тарту көзделмеген», – деп атап өтті Азамат Амрин.
Іс-шара мемлекеттік органдар, ғылыми орта мен білім беру саласы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және аналитикалық пікір алмасуға арналған тиімді алаңға айналды.
